“Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен А.Байтұрсынов атындағы №5 ЖББМ-де оқушылармен кездесу өткізілді.
Мақсаты жастар мен жасөспірімдер арасында буллинг пен кибербуллингтің, нашақорлықтың, жастар арасындағы суицидтік сезімдердің және аутодеструктивті мінез-құлықтың және қоғам дертіне айналған лудоманияның алдын алу.
Жиынға “Жастар ресурстық орталығының” психологтары Жазира Қайратқызы, Айгерім Жұмалиева аудандық орталық емхананың акушер-гинекологы Ақшақыз Абзейтова және мектеп медбикелеру мен психологы қатысты.
Білім берудің қай түрі болмасын –тәрбие. Бүгінгі күнгі тәрбиенің біртұтастығын сақтауда әлі де нақты шешімі табылмай, негізгі жолдары айқындалмай отырған жағдайлардың орын алып отырғанын ескеруіміз керек. Тәрбие саласындағы мәселелердің қатарына өскелең ұрпақ тәрбиесіне тигізер қоғам мен мектеп байланысының ықпалы ерекше ден қояр мәселелердің бірі. Әдетте жиі қолданылып жүретін «қоғам мен мектеп» байланысы деген сөз тіркестерінің астарында отбасы, оқушының денсаулығы мен әлеуметтік ахуалы өз өмірін басшылыққа алатын адамгершілік құндылықтар жатыр. Осы орайда мектеп қабырғасындағы тәрбие мәселесі дұрыс жолға қойылуы керек. Өйткені біздің қарқынды даму үстіндегі қоғамға адамның барлық өмір сүру ортасын тұтас қамтитын, олардың іс-әрекетін үйлестіруге тікелей ықпалы бар, тәрбие мен білімнің әлемдік және тарихи тәжірибелеріне негізделген біртұтас жүйе қажет.
Шара барысында күн тәртібіндегі тақырыптар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесуде жастар мен спикерлер арасында ашық сұрақ-жауап болып, қатысушылар өз ойларымен бөлісті. Аға буын жастарға ақыл-кеңес айтумен қатар, жастардың да ойы қоғам үшін аса маңызды екенін тілге тиек етті.
Қазіргі таңда бойында психикалық дамуы баяулаған, тез ашуланшақ, уайымшыл, өзін төмен санайтын, мінез-құлқында психопатологиялық формалар кездесетін оқушылар бақытсыз жағдайдың құрбаны болуға әкеліп соғады. Жан күйзелісіне шыдай алмау, жағдайдан шығудың жолын таппау, үмітсіздікке бой алдыру мен жеке басының дағдарысы, проблемада байланып қалу — осының бәрі айналып келгенде таңдауды тарылтып, өзіне-өзі қол салуға (суицидке) итермелейді.
Бір суицидтің салдары: көптеген жасөспірімнің санасы уланады
Суицид індетінің біз ойлағаннан да терең салдары бар. Бұл тек қана бір адамның жарық дүниемен қоштасуы емес, қоғам үшін де орны толмас әлеуметтік, экономикалық шығын.
Жүргізілген зерттеулер қорытындысы бір ғана суицидтің салдары 10-20 жасөспірімнің суицидтік мінез-құлқының қалыптасуына, 100-200 жасөспірімді суицидтік санаға алып келетіндігін анықтап отыр.
Психологиялық тұрғыда қалыптаспаған, кәмелеттік жасқа толмаған балаға оның замандасы не танысы өз-өзіне қол жұмсаған тұста «мүмкін емес» нәрсе «мүмкіндей» көрінеді. Саналы не бейсаналы түрде ол өзін қайтыс болған адамның орнына қойып көруі мүмкін: біреуге бұл «ұнап қалуы мүмкін», ал өзгесі мұндай ойлардан шошынып, мәңгілікке арылуы мүмкін. Алайда, көпшіліктің қайғысы «назар аудару» ретінде жалғыз, өмірден түңілген, бәрінен бас тартқан жасөспірімді өзіне тартады. Осылайша, бір өзіне-өзі қол жұмсау фактісі басқа да жағдайларды туындатады.
Балалар мен жасөспірімдердің суициді олардың отбасыларының мүшелеріне айтарлықтай әсер етеді. Әркім өзіне-өзі «мен кінәлі емеспін бе?» деген сұрақты қойып, өзінің марқұммен қарым-қатынасын еске алып, әрбір болған жанжалда өзін кінәлі санап, «субъективті» шешім жасайды. Соның салдарынан, психологиялық ауруға душар болып, күйзеліс, депрессияға ұшырап, тіпті кейбір жағдайларда өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Сөйтіп, жасөспірімдер суициді үлкендердің өз-өзіне қол жұмсауына себеп болады.
Тағы да бір үлкен зардаптардың бірі — жасөспірімдер арасындағы суицид ел экономикасына үлкен қиындық туғызады. Жас өскіннің өз-өзіне қол жұмсауы қоғамымыздың болашақтағы белсенді халқынан айырып, ел демографиясына әсер етеді. Ресми деректер бойынша Қазақстанда жыл сайын 200-ге жуық жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды (мұның тек тіркелген жағдайлар екендігін айта кеткен жөн).