Қазіргі таңда ел азаматтарының көптеген қызметтерді интернет арқылы үйден шықпай-ақ алу мүмкіндіктері бар. Алайда кез-келген операциялар жасаған кезде алаяқтарға алданып қалу қаупі бар. Себебі цифрландырудың өсуімен интернет-алаяқтық та қарқын алуда. Бұл туралы fingramota.kz порталына сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі жазады.
2019 жылдан бері Қазақстан азаматтарында автосақтандыру шартын сақтандырушының офисіне бармай, электрондық нысанда (онлайн) жасау мүмкіндігі пайда болды.
Электрондық автосақтандыру шарты сақтандыру полисін жыл бойы 24/7 режимінде сайт арқылы сатып алуға және есеп айырысуға мүмкіндік береді.
Қазақстандықтар үшін сақтандыру қызметтерін цифрландыру мүмкіндіктері жайлы, сондай-ақ автосақтандыру шартын онлайн режимінде сатып алудың қыр-сыры туралы Fingramota.kz айтып береді.
Барлығы онлайн режиміне өтеді
Қазақстан белсенді түрде цифрлық әлемге еніп барады. Сондықтан қаржылық қызметтерді тұтынушылардың жақында өз өмірлерінде, оның ішінде сақтандыру саласында қандай жаңа технологиялардың болатыны туралы білгендері жөн. Мысалы, цифрландырудың біздің қаржылық өмірімізде алдағы уақытта қалай дамитыны туралы Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында, оның ішінде сақтандыру қызметтерін цифрландыру және барлық сақтандыру нарығына қатысушылардың өзара іс-қимыл жасау процестерін автоматтандырудың тұжырымдамасында айтылады.
Онлайн-сақтандыруды дамытудың келесі кезеңі сақтандырудың міндетті сыныптары бойынша сақтандыру төлемдерін онлайн реттеуді енгізу болады. Бұл сақтандыру төлемін алу рәсімін айтарлықтай жеңілдетуге және оны ашық етуге мүмкіндік береді.
Азаматтар төлем алуға өтініш бере алады, құжаттар топтамасын құрып, оны жібере алады, сақтандыру төлемін сақтандырушының офисіне келмей-ақ қашықтан ала алады.
Осылайша, жақын уақытта міндетті сақтандыру шартын жасаудан бастап сақтандыру төлемін алғанға дейін сақтандыру қызметтерінің толық ауқымын цифрландыру қамтамасыз етілетін болады. Бұл сақтанушы тұратын өңірге және оның орналасқан жеріне байланыссыз қызметтерді қашықтан алу кезінде барынша маңызды болады.
Бұдан басқа, жаңа цифрлық технологиялар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сақтандыру және басқа да қаржы ұйымдары бойынша маңызды ақпаратты дереу алуға, олардың жай-күйін жедел бағалауға және дер кезінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Осылайша, сақтандыру нарығындағы, оның ішінде автосақтандыру саласындағы жосықсыз іс-әрекет тәуекелдері тағы да төмендей түседі.
Электрондық автосақтандыру шартының қандай артықшылықтары бар …
Онлайн-сақтандыруды енгізу клиенттердің уақытын үнемдеп қана қоймай, халықты сақтандырумен қамтуды арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте мемлекет сақтандырушыларға ақпаратты, дербес деректерді қорғаудың және киберқауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі бойынша және сақтанушылар мен сақтандырушылар туралы барлық ақпарат сақталатын Бірыңғай сақтандыру деректер базасы (БСДБ) бойынша қатаң талаптар белгіледі.
Бүгінгі күні БСДБ сақтандыру нарығын цифрландыру процесінің негізгі элементі (операторы) болып табылады. Бұл база онлайн-сақтандыру сервистерін жүзеге асыру үшін де, бүкіл сақтандыру секторы бойынша деректерді жинау үшін де ақпараттық-технологиялық платформа болып табылады.
Электрондық автосақтандыру шартының мәні – автосақтандыру шартына бірегей нөмір беретін БСДБ арқылы шарт жасасу. Автосақтандыру шартын ресімдеу кезінде сақтандыру сыйлықақыларын төлеу үшін тарифті автоматты түрде БСДБ есептейді.
Сақтандырушылар үшін цифрландыру деңгейі салауатты бәсекелестік элементі болып табылады, өйткені онлайн-қызметтерді ұсыну талаптары неғұрлым ыңғайлы болса, клиенттер дәл осы компаниямен өзара іс-әрекет жасауға мүдделі болады.
…және кемшіліктері?
Интернетте кез келген операциялар жасаған кезде алданып қалу қаупі бар. Себебі цифрландырудың өсуімен интернет-алаяқтық та қарқын алуда. Мысалы, алаяқтар сақтандыру ұйымдарының жалған сайттарын құрып, заңды күші жоқ электрондық полис беруі мүмкін.
Мемлекет пен сақтандыру компаниялары электрондық жүйелерді киберқылмыскерлерден қорғау үшін барлық ықтимал күш-жігерді қолданғанымен, азаматтардың өздері шаралар қабылдап, өздерінің төлем деректерін алаяқтарға ерікті түрде жарияламауы маңызды. Егер сіз компания сайтындағы жеке кабинетке кірген құрылғыны жоғалтсаңыз, онда бұл туралы міндетті түрде колл-орталыққа қоңырау шалып, сақтандырушыға хабарлаңыз. Оператор сізге жеке кабинетке кіретін логинді табуға көмектеседі және парольді қалай өзгерту керектігін айтады.
Мұқият болыңыз, өздерін сіздің сақтандыру компанияңыздың атынан таныстыратын бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Олардың өтініштері бойынша күдікті мобильдік қосымшаларды жүктеуге және автосақтандыру шартын ресімдеу үшін олардың «көрсеткен қызметтері» үшін ақша аударуға болмайды.
«Сақтандыру» алаяқтарының құрығына түсіп қалмау үшін сақтандырушыны таңдауда асқан жауапкершілік таныту қажет және оларда қаржы реттеушісінің лицензиясының бар-жоғын міндетті түрде тексеру қажет.
Сақтандыру қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандыру компанияларының толық тізімі https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/financial-organizations/25?lang=ru. сілтеме бойынша Агенттіктің интернет-ресурсында келтірілген.
Сондай-ақ, алаяқтық сайттармен байланысты тәуекелдерді барынша азайту үшін заңнамада міндетті сақтандыру шартын сақтандыру ұйымының тек бір ғана ресми сайтында жасау көзделген.
Сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасау үшін қолданылатын интернет-ресурстардың тізбесі https://mkb.kz/insurance/online сілтеме бойынша «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-тың сайтында жарияланады.
Сақтандыру полисі туралы деректер қайда сақталады?
Сіздің электрондық полисіңіз жөніндегі деректер БСДҚ-да және сақтандыру компаниясының жеке кабинетінде сақталады. Аталған базаның операторы Ұлттық Банктің еншілес ұйымы «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ болып табылады.
Өздеріңіз білетіндей, қажет болған жағдайда полицияға автосақтандыру туралы қағаз нысанындағы шартты ұсыну қажет емес. Тәртіп сақшылары сізде автосақтандыру шартының бар-жоғын электрондық деректер базасына өздері кіріп тексере алады. Айта кетейік, аталмыш базаға ҚР ІІМ-нен басқа қадағалау органдары мен сақтандыру компаниялары да кіре алады.
Бұдан басқа, онлайн автосақтандыру шартын ресімдеу кезінде клиенттер толтыратын барлық ақпарат БСДҚ көмегімен автоматты түрде тексеруден өтеді. Сондықтан да қателесу тәуекелі азаяды.
Не нәрсеге назар аудару керек?
Қателікке бой алдырмас үшін компанияның сенімділігіне, тиісті құжаттарының бар екеніне көз жеткізіңіз.
Әрбір сақтандыру компаниясында сақтандырудың белгілі бір түріне орай лицензиясы болуы керек. Оның лицензияның бар немес жоқ екенін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтына кіріп тексеруге болады. Алаяқтар лицензиясы қайтарып алынған, қызметі тоқтатылған немесе жұмысы шектелген компанияның бланкісін пайдалануы мүмкін.
Автосақтандыру шартын онлайн режимде қалай ресімдеуге болады?
Автосақтандыру шартын онлайн ресімдеу бір қарағанда қиын болып көрінгенімен, айтарлықтай қиын емес, бар-жоғы «бес минутты» алады. Мысалы, онлайн автосақтандыру шартын сатып алған кезде сізге 3 әрекет жасау қажет болады:
Автосақтандыру бойынша сақтандыру өнімін табу, сақтандырудың үлгілік талаптарымен (сақтандыру қағидаларымен) танысу және сақтандырушының сайтында автосақтандыру шартын жасасу туралы өтінішті толтыру.
Бұдан әрі жүйе сізге автосақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын автоматты түрде есептеп береді.
Сақтандыру сыйлықақысын төлегеннен кейін сіз автосақтандыру шартының бірегей нөмірі бар е-mail-ге SMS немесе хабарлама аласыз.
Автосақтандыру шартының бірегей нөмірі бойынша сіздің автосақтандыру шартының жарамдылығын сақтандыру компаниясының сайтында немесе БСДҚ-да тексеруге болады.
Полисті ресімдеудің алдында аталған компанияның сақтандыру талаптарын мұқият зерттеп шығуға кеңес береміз. Тұтастай ақпарат сақтандырушының сайтында көрсетілуге тиіс.