Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы – Өңірлік инфекциялық аурухана жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мен ұстаздарды балалар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу шараларына ерекше мән беруге шақырады.
Жаңа оқу жылының басталуы – білім беру саласының маңызды кезеңі ғана емес, сонымен қатар балалар денсаулығына қауіп төндіретін күрделі эпидемиологиялық жағдайлар жиі кездесетін уақыт. Мектепке және мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалардың ұжымдық ортада тығыз қарым-қатынаста болуы – түрлі жұқпалы аурулардың таралуына қолайлы жағдай туғызады.
Жұқпалы аурулар – адамзат тарихында ең көп зардап әкелген, қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі әсер еткен дерттердің бірі. Қазіргі таңда да бұл аурулардың алдын алу, дер кезінде анықтау және тиімді ем жүргізу – денсаулық сақтау жүйесінің басты басымдықтарының бірі болып қала беруде.
Осы ретте Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы тек қаланың ғана емес, бүкіл Түркістан облысының жұқпалы аурулармен күресудегі сенімді тірегіне айналып отыр. Қазіргі таңда ауруханаға денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдастырушысы, тәжірибелі дәрігер-инфекционист, жоғары санатты маман Ережепов Бақтығали Аюбайұлы басшылық етеді. Оның жетекшілігімен мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайып, халықаралық стандарттарға сай заманауи диагностикалық және емдеу әдістері енгізілді. Бақтығали Аюбайұлының айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер мен білім беру мекемелері инфекциялық аурулардың алдын алуға ерекше назар аударуы тиіс:
«Бұл – тек әр баланың жеке денсаулығы ғана емес, жалпы қоғамның денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы үшін де маңызды. Әрбір ата-ана баласының жағдайына мұқият болуы қажет. Егер балада ЖРВИ, ішек инфекциясы немесе өзге де жұқпалы ауру белгілері байқалса, оны мектепке немесе балабақшаға апармай, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн. Ауруды ерте анықтап, уақытылы ем жүргізу – жұқпалы індеттердің таралуын тоқтатуда шешуші рөл атқарады». Балалар арасында жиі кездесетін жұқпалы аурулар қатарына…
Жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және тұмау:
Күз-қыс маусымында ең жиі тіркелетін аурулар тобы. Қоздырғыштары – тұмау вирусы, парагрипп, аденовирус және риновирус. Белгілері: дене қызуының көтерілуі, мұрыннан су ағу, жөтел, бас ауруы, жалпы әлсіздік. Асқыну жағдайында бронхит, пневмония, отит дамуы мүмкін. Алдын алу шаралары: жыл сайынғы тұмауға қарсы вакцинация, жеке гигиена және санитарлық талаптарды сақтау.
Қызылша: өте жұқпалы вирустық инфекция. Соңғы жылдары вакцинация деңгейінің төмендеуіне байланысты елімізде қызылшамен сырқаттанушылықтың қайта өршуі тіркелуде. Ауру дене қызуының көтерілуі, конъюнктивит, жөтел, бөртпе шығуымен сипатталады. Асқынулары – пневмония, энцефалит, тіпті өлім жағдайларына алып келуі мүмкін. Қызылшаға қарсы вакцинация (ҚҚК) – алдын алудың негізгі құралы.
Көкжөтел (коклюш): бактериялық инфекция. Балаларда тұншығу сипатындағы ұзақ жөтел ұстамаларын тудырады. Әсіресе жас балаларда апноэ, энцефалопатия секілді ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. АКДС вакцинациясы – сенімді алдын алу әдісі.
Дифтерия: тамақта фибринді қабат түзіп, тыныс жолдарының тарылуына, ауыр улану белгілеріне және жүрек, жүйке жүйесі тарапынан асқынуларға әкеледі. Алдын алу – АКДС немесе АДС-М вакцинациялары.
Сіреспе (столбняк): clostridium tetani бактериясы жаралар арқылы ағзаға еніп, бұлшықеттердің тырысуымен сипатталатын ауыр ауру. Алдын алу – жоспарлы вакцинация және жарақаттарды уақытылы өңдеу.
Ішек инфекциялары (ротавирус, дизентерия, сальмонеллез, энтеровирустар): негізгі белгілері – іш өту, құсу, дене қызуының көтерілуі, сусыздану. Инфекция ластанған тағам мен судан, сондай-ақ тұрмыстық-қатынас жолымен таралады. Алдын алу – жеке гигиена, таза ауыз су мен дұрыс тамақтану.
Менингит: Neisseria meningitidis және басқа қоздырғыштардан туындайтын ауру. Ауыр клиникалық белгілерімен, соның ішінде қатты бас ауруы, қызба, мойын бұлшықеттерінің тартылуы, құсу сияқты симптомдармен өтеді. Алдын алу – эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинация.
Алдын алу шараларының кешенді жүйесі
1. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы вакцинация.
Бұл – жұқпалы аурулардан қорғаудың ең сенімді әрі ғылыми тұрғыда дәлелденген әдісі.
2. Гигиеналық тәрбиені күшейту.
Балаларды қолды жиі жууға, бөтен заттарды ауызға салмауға, жеке сүлгі мен ыдысты пайдалануға үйрету маңызды.
3. Иммундық жүйені нығайту.
Дұрыс тамақтану, дәрумендер қабылдау, таза ауада серуендеу және спортпен айналысу – иммунитетті қолдаудың тиімді тәсілдері.
4. Білім беру ұйымдарында санитарлық-гигиеналық тәртіптің сақталуы.
Сыныптарды күнделікті желдету, ылғалды тазалау, балалардың температурасын бақылау және оқушылардың денсаулығын мониторингтеу – мектеп пен балабақша әкімшілігінің негізгі міндеттерінің бірі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында инфекциялық аурулардың алдын алу – бұл мемлекет, білім беру мекемелері мен ата-аналардың ортақ міндеті әрі жауапкершілігі. Қызылша, тұмау, көкжөтел, ішек инфекциялары, дифтерия, сіреспе және менингит тәрізді жұқпалы аурулардың өршуін болдырмау – тек екпе егу мен санитарлық бақылау шараларына ғана емес, сонымен қатар ата-аналардың қырағылығы мен мектептердің жүйелі, үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.
Баланың денсаулығы – ұлт болашағының кепілі. Дені сау ұрпақ – дені сау қоғам мен қуатты мемлекеттің негізі. Сондықтан әрқайсымыз осы бағыттағы жауапкершілікті терең сезініп, өз үлесімізді қосуымыз қажет.