Қазақстан Республикасы бас прокуратурасы таратқан мәліметке қарағанда, қазіргі күні алаяқтық қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалатын болыпты. Ғылыми тілде мұны «Ақпараттық жүйені пайдаланып жасалатын алаяқтық» деп атайды. Бүгінде халықтың көбі, әсіресе оң-солын танып үлгермеген жастар интернетке жіпсіз байланғанын ескерсек, алаяқтардың да сол ауылды торуылдайтыны түсінікті жайт. Интернет-алаяқтық деген не? Түрлері қандай? Олардан қалай сақтанамыз?
Алаяқтық дегеніміз – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Соған орай, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады.
Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді. Біздің бөліністің негізгі міндеті – ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтарға қарсы күрес болып табылады. Сонымен бірге, кейбір квалификациялық белгілері бар қылмыстық құқықбұзушылықтарға, яғни ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтық, ұрлық, қорлау, жала жабу және т.б. қарсы жұмыстар жүргізеді.
Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады. Түсінікті болу үшін нақты мысалдарға тоқталғаным дұрыс шығар. Мысалы, қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затты сату немесе алу үшін арнайы сайттарды пайдаланады. Жақында мынадай бір оқиға болды. Бір адам өзінің автокөлігін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің көлігіңіз ұнап тұр. Сатып алайын деп едім», дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», дейді бұл. Бірақ, анау: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен Ресейде едім. Сізге барам дегенше 2-3 күн өтеді. Сондықтан, сізге 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын. Сөйтіп, мен алып кеткенше сатпай ұстап тұрсаңыз», дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәл уақыттан кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс.
Сол хабарламадағы сандарды маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі», дейді. Негізі интернет-банкингті пайдаланатын адамдар біледі, ол жерде түрлі операцияларды орындағанда, банк код жібереді де, астында «Ешкімге бермеңіздер» деп жазып қояды. Бірақ, бұл кісі болса келген кодты айта салып, алаяққа алданып, сан соғып қалды. Өйткені, осы код арқылы әлгі адамның интернет-банкингіне кіріп, оның есепшоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады. Бұдан бөлек, өткен жылдың қараша айынан бастап «Halyk Bank»-тің банкоматтарында «Қолма-қол ақшаны картасыз алу» жаңа қызметі қолжетімді болды. Енді төлем картасынан қолма-қол ақшаны алу үшін мобильді телефонның болғаны жеткілікті, мұнда да оған банкоматтан ақша алу үшін банктен код жіберіледі. Бұл қызмет түрі дұрыс қолданған тұтынушылар үшін өте тиімді. Алайда, осы қызмет түрі бойынша да екі-үш айдың ішінде қаншама адамдар алаяқтарға алданды.