Әрбір мемлекет үшін Тәуелсіздік күні мерекесінің маңызы зор. Бұл мемлекеттің өз заңдарын шығаруға, ресурстарын басқаруға, ішкі және сыртқы саясатын құруға, өз территориясы мен халқына бақылау жасау құқығына ие екендігін білдіреді. Алайда, мемлекеттің тәуелсіздігі деген халықаралық қауымдастықтан бөлініп, басқа мемлекеттермен қарым-қатынас жасаудан бас тарту деген сөз емес. Қазіргі уақытта жаһандану үрдісі сыртқы әлемнен толық оқшаулануға мүмкіндік бермейді. Мемлекет өз тәуелсіздігін халықаралық ұйымдардың жұмыстарына қатысумен шебер ұштастырып, ұтымды келісімдер жасасып, өз мүддесін ілгерілету үшін түрлі мәселелер бойынша басқа мемлекеттермен ынтымақтасуы қажет.
Мемлекеттің тәуелсіздігі оның дамуы мен жаһанда өзіндік ерекшелігін сақтаудың маңызды факторы болып табылады. Мамандығым экономист болғандықтан, еліміздегі осы салаға қатысты мәселелерге тереңірек тоқталуды жөн көріп отырмын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық және саяси мәселелердің қатарында еліміздің қуатты индустриялық негізін қалыптастыруға, отандық тауарлардың көлемін арттыруға баса назар аударып отыр. Бұл ретте елдегі бизнес-климатты жақсарту, мемлекеттік сатып алудың сапалық жаңа жүйесін қабылдау, фискалдық органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, көліктік-логистикалық әлеуетті толық іске асыру, банктердің корпоративтік несиелеуге белсенді қатысуы сияқты қадамдар жасалуы керек.
Отандық өнеркәсіпке деген ықыласымызды қанша жерден ерекше десек те, біздің компьютерлер еуропалық, американдық, корейлік немесе жапондық компьютерлердің қасында жіп есе алмайды. Біздің телефондар, автокөліктер, тұрмыстық техника, дәрі-дәрмек, жоғары дәлдіктегі жабдықтар және басқа да жүздеген тауарларымыз туралы да дәл осылай айтуға болады. Сондықтан импортты алмастырудың мақсаты – әрбір бұранда мен балғаны өзімізде өндіруге тырысу емес, жаңа жеткізушілерді тарту және жаңа тиімді жеткізу тізбегін құру. Импортты алмастырудың міндеті – азаматтарымыздың өмір сүру сапасына нұқсан келтірмей, керісінше, оны нақты дамыта алатын ғылыми, өндірістік және технологиялық құзыреттерді нығайту. Сонымен қатар, отандық кәсіпкерліктің әлеуетін іске асыру, ірі жүйелік маңызды компанияларды қолдау, орта және шағын бизнестің дамуына кедергі келтірмеу. Бұл бағытта әлі де қырауар жұмыстар атқаруымыз керек.
Импортты алмастыру мәселесінде Ханган өзеніндегі Оңтүстік Корея ғажайыбын мұқият зерттеу өте пайдалы болар еді. Бұл туралы кедей аграрлық мемлекеттің жарты ғасырда жоғары технологиялар бойынша әлемдік көшбасшыға қалай айналғаны туралы өте тағлымды әңгіме өрбітуге болады. Корейлік экономикалық ғажайып табыс құпияларының бірі – әлемдік өндіріс тізбектеріне дұрыс қатысу немесе «қатысу-шығу-қайтадан қатысу» стратегиясы. Бір сөзбен айтқанда, стратегия мынадай: ел белгілі бір өнім шығарады, ол теледидар, компьютер, көлік болсын бәрібір. Бірнеше жыл бойы ел бұл өнімді шығару үшін ең жақсы импорттық компоненттерді сатып алады. Сатып алынған бұл компоненттерді осы іске мамандандырылған мамандар мұқият зерттейді. Бұл компоненттерді зерттеп біткен соң мамандар енді өз өндірісін жаңғырту бойынша ұсыныстар береді. Осылайша Үкімет өзінің өндірістік қуаттарын жаңғырта бастайды. Ел жаһандық жеткізу тізбегінен шығып, өнімді өз бетінше өндіретін болады. Содан кейін өнім өндіру жаңа деңгейге жеткенде, ел жаһандық өндіріс тізбегіне қайтадан біріктіріліп, цикл қайтадан тағы қайталанады.
Экономиканың тәуелсіз дамуындағы мына мәселелерге де тоқтала кетейік. Адамзаттың бүкіл экономикалық тарихы екі платформадан тұрады. Өз-өзін қамтамасыз ету дүниетанымы мен пайда идеологиясы арасындағы күрес.
Мемлекеттің өзін-өзі қамтамасыз етуі – табиғи ресурстарда емес, тауар өндіруде. Табиғи ресурстарды шикізат ретінде сатпай, оны алдымен дайын өнімге айналдырып алу керек. Шикізат экспорты инфляцияның бір түрі болып табылады. Қарапайым тілмен айтқанда, өзін-өзі қамтамасыз ету – экономикалық өмірдегі тұрақты даму. Ал, пайда идеологиясы дағдарыстар мен қақтығыстардан тұратын қаржылық пирамида болып табылады. Барлық пирамидалар түбінде құлап тынады. Оны, тіпті идея авторлары да жақсы біледі. Қамтамасыз етілмеген ақшамен пайда табуға ұмтылу – шын мәнінде елес. Біздің ұзақ жылдардан бері инфляция мен отандық тауар өндірісінің қысқаруынан зардап шегіп келе жатуымызға да осы бір елеске сеніп қалғанымыз себеп болса керек.
Адамзаттың экономикалық тарихында үш үлгі бар. Біріншісі – өндірісті шоғырландыру моделі. Өндірістің шоғырлануы, егер оны жеңіл ақшаға ұмтылатындар басқарса, нәтиже бермейді.
Екінші үлгі – нарықтың мемлекеттік шоғырлану моделі. Оны алғаш рет Сингапурда Ли Куан Ю енгізді. Сингапурға барған Дэн Сяопин мемлекеттік шоғырлану үлгісінің қарапайымдылығы мен тиімділігіне таң қалды. Еліне оралған соң ол Қытайда «мың Сингапурды» салу курсын жариялады. Нәтижесі бүкіл әлемге белгілі. Бүгінгі таңда бұл модель Сингапур мен Қытайда ғана емес, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайланд, Вьетнам және басқа да елдерде сәтті қолданылуда.
Үшіншісі… 1991 жылдан бастап Қазақстан да әлемнің көптеген елдері сияқты нарықтық экономика үлгісінде өмір сүріп келеді. Оны хаос үлгісі деп атаған дұрысырақ болар еді. Хаос моделі пайда идеологиясының негізінде әрекет етеді.
Демократиялық елдерде экономикалық стратегия билеуші партияға тікелей байланысты болып келеді. Бірақ партия ұтылса немесе жойылса, экономикалық стратегия да жойылады. Сондықтан экономика да экономика ғылымы сияқты мемлекетке жақын бола алады, бірақ саясаттан тыс болуы керек.
Барлық деңгейдегі заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің күштері Қазақстан экономикасына қызмет етуі тиіс. Елдің даму векторын экономикалық мүдде айқындайды.
Экономикада шешім қабылдаудың үш көзі бар. Отыз пайызы іргелі экономикалық білімнен, отыз пайызы нарықты білуден, тағы отыз пайызы ағымдағы экономикалық ақпаратқа ие болудан тұрады. Дағдарыс кезеңдерінде шешім қабылдауда іргелі экономикалық білімдердің рөлі артады.
Пайдаға ұмтылған Батыс өзін-өзі қамтамасыз ететін Қытаймен арадағы бәсекеде не істерін білмей дағдарып қалды. Олар кепілсіз ақшаны қалағанынша басып шығарады. Бірақ ол ақшаны жеуге болмайды. Кие де алмайсыз. Не көлікке жанармай болып жарытпайды. Тауарлардың негізгі бөлігін енді Азиядан, ең алдымен Қытайдан сатып алуға тура келеді. Азиядағы өмір сүру деңгейі соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Батысқа кететін тауарлардың бағасы тұрақты өсуде. Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық Одақ ақшаны көбірек басып шығаруға мәжбүр. Оның басында тұрған қаржылық пирамида қалыптасты. Ал, біздің көз алдымызда бұл пирамида құлай бастады. Жаһандық банкроттық қаупі бар. Бірақ Қазақстанның бұл қаскүнемдікке қатысуына еш негіз жоқ. Пирамиданың сынықтары сызат түсірмес үшін Қазақстанға экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ету керек.
Біз үшін қазіргі ең маңызды міндет – экономиканың шоғырланған базасын құру. Қажетті тауардың барлығын өзіміз өндіруіміз керек. Қарапайым заттарды импорттауды толығымен өз өндірісімізбен алмастыру қажет. «Қарапайым заттар экономикасы» соңғы төрт жылда Столыпин форумдарында егжей-тегжейлі талқыланды. Президентіміз де өз баяндамасында «Қарапайым заттар экономикасына» баса мән беріп отыр.
Қысқасы, Қазақстанның коммуналдық шаруашылығының барлық бөліктерін бір-бірімен көптеген санаттарда біріктіретін цифрлық платформа құруымыз қажет. Ол Үкіметке қарапайым заттар кәсіпорындарына ең қажетті тауарларды өндіруге мемлекеттік тапсырыс беруге, ресурстарды ұтымды бөлуге, ең қажетті тауарлар өндірісін сауда желісімен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Қ.ҚАЛЫҚҰЛОВ,
экономика ғылымдарының
кандидаты, доцент.