Түркістан облысы басшылығымен бірге Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков киелі шаһардың зиялы қауым өкілдерін қаланы қоңыржай климатқа алмастыру жобасымен таныстырды.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2,0 млрд әр-түрлі ағаш көшеттерін отырғызу белгіленіп, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп, кешенді жоспар қабылданып, облыс бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210,0 млн-нан аса ағаш көшеттерін отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімінің тапсырмасымен Түркістан қаласы мен облыста атқарылған кешенді шаралардың және ғалымдардың ғылыми зерттеу қорытындылары негізінде желдің тұру бағытына қарамастан, Түркістан қаласының экологиялық сапасы анағұрлым жақсарып келеді. Яғни, мұның барлығы су жүйелерін жаңғырту мен жасыл алқаптардың көбеюінен, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуынан деп білеміз.
Сонымен қатар, облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда барлығы 13 629 га жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Түркістан қаласының аймағының климаты күрт континетальды болуына орай, егілген орман ағаштарының 1-2 жылдары 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы, табиғи заңды құбылыс. Сондықтан орман шаруашылығы қағидаларында көрсетілгендей қураған ағаштарды қайта жаңғырту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу, екпелерді құру процесінің кезекті тармағы болып есептелінеді. Ғылыми-зерттеу институтының берген қорытындысына сәйкес, мәдени орман екпелерінің өнімділігі 55%-ды құрайтындығы дәлелденген. Алайда, Түркістан қаласы экологиялық аймаққа енгізілгенімен, қазіргі таңда Түркістан қаласы айналасындағы жасыл екпелердің өнімділігі 65-75%-ды құрап отыр. 1 гектар орман жылына 18 млн. текше метр ауаны тазартып, 1 сағат ішінде 8 кг көмір қышқыл газын сіңіреді. Бұл 200 адамның 1 сағатта бөліп шығаратын көмір қышқыл газының көлемімен тең.
Таза ауа – адамзаттың тіршілігі мен денсауылығының тірегі. Бүгінде, Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жетті, арық-атыздар қалпына келтіріліп, газондар көптеп егілуде. Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде, көшеттердің өнімділігі артып, газондардың жақсы өніп дамуына қол жеткізілді. Сонымен қатар, қаладағы жеке сектордағы және көп қабатты тұрғын үйлердің 90%-дан астамы табиғи газға қосылды.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде, қазіргі таңда «Казгидромет»-тің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Алдағы уақытта экологиялық ахуалды жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Облыс әкімінің бастамасымен соңғы үш жылда облыста су қоймалар салу, ағын суды молайту, көлдерді қалпына келтіру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді.
Атап айтқанда, Түркістан қаласының микроклиматын жақсартып, ылғалдану деңгейін жоғарылату бағытында қалада «Ескек есу каналы», «Шаға жағажайы», «Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы» мен «Қосқорған су қоймасы» және қала ішіндегі бірқатар су жүйелері салынды. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарына айналатын болады. Жоғарыда атқарылған жұмыстардың негізінде, 2021 жылы Түркістан қаласының экологиялық жағдайы тұрақталып, жақсаруда.
Сондай-ақ, өңірімізде жыл құстары ең көп мекендейтін Жетікөл (бұрынғы Шошқакөл) көлдер жүйесін жаңғырту арқылы 49 км бөгет салынып, (көлге 370 млн. м³ су жиналуда) су деңгейінің көбеюінен көл аумағының микроклиматтық жағдайы өзгеріп, көл айналасындағы флора мен фаунаның жақсаруына жағдай жасалуда. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен соңғы 3 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен штаттық бірліктер саны 2 есеге ұлғайды. 2018 жылы орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің саны 707 бірлік болса, бүгінгі күні 1332 бірлікке жетіп, 88,4%-ға, техникалар саны 2018 жылы 306 дана болса, қазіргі таңда 443 данаға жетіп, 44,8 %-ға өсті.
Облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 млн данадан астам әртүрлі орман ағаштарының көшеттері өсірілуде. Алдағы уақытта өндірілетін көшеттер саны 60 млн.-ға жеткізу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде облыстың елді-мекендері мен басқа да көрнекті жерлерін артық қаржы жұмсамай орман шаруашылығы мекемелерінің күшімен көгалдандыруға, экологияның тұрақтануына оң әсерін тигізетін болады.
«Жоғарыда аталған кешенді шаралар республика бойынша Астана қаласынан кейінгі екінші болып, Түркістан қаласында қолға алынып, атқарылып жатқанын атап өтуіміз қажет. Табиғатымызды көркейту мен жасыл желектерімізді көбейту бағытында облыс және қала тұрғындарын табиғатқа жанашырлықпен қарауға, әрбір адамзат қалыпты өмір сүру үшін қоршаған ортамызды аялап, облысымыздың көркеюіне өз үлесін қосуға шақырамыз», – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары. Аталған кешенді жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылса, таяу арада Түркістан өңірі шын мәніндегі қоңыржай аймаққа айналатын түрі бар.