Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Кәсіпкерлерге жерді жедел әрі ашық бөлудің тиімді әдістерін тұжырымдау жөнінде Үкімет алдына міндеттер қойған еді.
Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс аумағында балық шаруашылығын дамыту және инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына тапсырған болатын.
Мақталы ауылдық округінің жер көлемі 10022 гектар болса оның 8495,7 гектарын егістік алқап құрайды. Округке қарасты 11 елді мекенде 9133 тұрғын тату-тәтті мекен етуде.
Елдің негізгі күнкөрісі – жер және мал шаруашылығы дегенімізбен бір кездері мақта өндіруден алдыңғы орында тұратын өңірдің бүгінде қадірі қашқандай. Қараусыз қалған тік дренаждарды қайта қалпына келтірмей ауылшаруашылығымыз қайта жандануы екі ұдай дүние деген жергілікті тұрғындар мемлекеттік қолдлауға мұқтаж.
-Аудан басшылары мен округіміздің әкіміне рахмет айтамыз, көшелерімізді жөндеп, жарықтандырып берді. Күрделі мәселелеріміздің бірі – ауыз су да шешімін тапты. Ауылымызға газ құбырлары тартылуда. Қыруар шаруалар атқарылуда. Әрине, мұның бәрі де қуантады. Алайда, жұмыссыздық мәселесі әлі де болса қиын жағдайда тұр. Жастарымыз ауылын, ата-анасы мен бала-шағасын ауылда қалдырып, қалаларда жұмыс істеп жүр. Егер, тік дренаждар ілгерідегідей жұмыс істеп тұрса жердің тұзы да төмендеп, құнарлығы артар еді. Жастарымыз қайта ауылға келіп, егіншілікпен айналысып, отбасының жанында болатын еді. Бізде басты мәселе-тік дренаж. Құдайға шүкір, басқа мәселелеріміз біртіндеп шешімін тауып келеді, -деді ауыл азаматтары.
Жанға батқан жанайқайын жабырқай жеткізген ел ағаларының алға тартып отырған уәждері орынды да. Кедірі жоқ түзу жол да, жарқыраған жарық шам да көңілің тоқ кезде жаныңа медет. Ал, бала шағаны тарықтырмай, қатарынан қалдырмай асырап, бағу үшін жұмыс керек. Өз елінен жұмыстың ыңғайын көрмеген ауылдықтар шалғайдан талғажау іздеп әуре.
Дегенмен, береке мен несібенің кілтін ауылдан тапқан мақталылықтар бар. Сондай жоқтан бар жасап, өзгеше кәсіпті игеріп келе жатқан жергілікті тұрғын Сүндет Абылаев. Сүндет өзі туып-өскен шөлейтті 3 жылдан бері балық асырайтын айдынға айналдырып келеді.
-Қарап отырсақ, Жетісайымыздың өзінде жоқ деген нәрсенің өзі жоқ. Кәсіптің барлық түрі дамуда. Тіпті, бөдене асырап, кәсіпке айналдырғандар бар екен. Ендігі жерде бәсекелестігі төмен кәсіптің түріне келсек біздің ауданда балық өсіріп, кәсіпке айналдырып жүргендер жоқтың қасы. Бұл шаруаны 2015 жылдан бері ойластырып жүргеніммен істің көзін таппай келдім. Содан, 2021 жылы осы балық өсіруді қолға алып, жан-жақтан сұрастырып, ақыл-кеңестер алып, тәуекелмен бел буып, кірісіп кеттім. Осылайша он гектар жерімнің 5 гектарын үш бөлікке бөліп қаздырып, суды тоғандап қауыз жасадық. Збростың маңы болғандықтан ағын судан тапшылық жоқ. Алғашында Алматыдан 40 мың шабақ алып келдім. Келесіде уылдырықтан өндірдік. Жалпы, уылдырығы бар, шабағы бар бір миллионнан астам балықтан қазіргі таңда 200 мыңдай балық өсіп жетіліп келеді. Мұның өзі алғаш бастағандар үшін тәуір нәтиже болып есептеледі. Балыққа жемді жергілікті бидай мен жүгеріні майдалап береміз. Арасында кебек те беріп жатамыз. Құдай қаласа 2024 жылы көктемде базарға шығарамын. Әр балық екі келіден тартады деген болжамымыз да бар.
Істің көзін тапқан адамға қай шаруашылық та қиын емес. Естеріңізде болар, биыл қыс өте аязды болып су бетінде 20-25 см-ге дейін мұз қатты. Алғашында мұзды ойып қойсақ, келесі күні ойылған жері қайта мұзға айналып жүрді. Қашанғы бұлай жасай береміз деп 3-4 күннен соң мұз оюды да қойдық. Содан мұз еріп, күннің көзі жылығанда көлшігіміздегі балықты көрсек судың түбінде тіршілігін жалғастыруда екен. Міне, құдай қаласа, ендігі көктемде судың сұлу тіршілік иесін саудаға шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда тек қана шығынмен келеміз. Саудаға шығарған балықтан қайыр болса алдағы уақытта қауыздардың санын көбейтіп, балықты да арттырамыз деп ойлаймын.
Балықтан бөлек, қаз асырауды үйрендім. Оның да өзіндік асырау тәсілі бар. Қолымыздан келгенше зерттеп, үйреніп келеміз,-деді шөлдің суына балық асырап, жоқтан бар жасап, мырзашөлдіктерді таңдандырудан жалықпайтын Сүндет мырза.
Келесі кезекте Мақталы ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Марат Егізбаевпен сөйлесіп, ауылда атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстық.
-Мақталы ауылдық округінде Мақталы мен Дархан ауылдарына қазіргі таңда газ құбырларын тарту бойынша қызу құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мақталы ауылы толығымен асфальттанған. Тек Алмалы елді мекенінде 4 көшеге асфальт төсеу қажет. Округте ауыз су мәселесі де шешілген. Демеушілер есебінен 18 көше жарықтандырылса, алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасатын болады. Сержан Тастанбеков деген кәсіпкер 15 миллион теңгеге спорт кешенін салып, ауыл тұрғындары игілігін көруде.
Ауыл азаматтарының әл-ауқатын көтеру бойынша қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 48 азаматтың құжаты дайындалып, 17 азамат 2.5 пайыздық несие алуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда 5 азамат аталмыш несиемен қаржыландырылып, басқа облыстан асыл тұқымды мал басын алып келу жұмыстары жүргізілуде. Несие алушылардың басым көпшілігі ірі қара мал басын арттыруды көздеуде. Бір азамат автосервис орталығын ашпақ, шлакоблок пен жиһаз жасауға ниеттілер де бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылғалы атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары азаюда. Бұған дейін 130 ауылдық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, биыл «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, өз кәсібін бастағысы келетіндер қатары артып, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатары біртіндеп азайып келеді. Орайы келгенде айта кету керек, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар арасында құжаттардың дұрыс еместігі де қолбайлау болуда. Іріленген Мақтаарал ауданы екіге бөлінгенде құжаттарын ауыстырмаған тұрғындар қатары көп. Осындай құжаттарды реттеу біршама уақыт алуда.
Ақылы қоғамдық жұмыс істейтін 57 тұрғынымыз бар,-деген ауылдық округтің басшысы өзге де көптеген жағымды жаңалықтарымен бөлісті.