Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек адамы біздің қоғамда қашанда құрметке ие болады. Себебі, еңбекқор адам өз сөзін әрдайым іспен дәлелдей алады» деген болатын Астанада Халықтық коалиция бастамасымен өткен форумда сөйлеген сөзінде.
Шынында, әлемдегі барлық байлық пен игілік адам қолымен жасалады. «Еңбек – әлемнің әміршісі» деген сөз бекер айтылмаған. Ауылымызда саналы өмірін адал еңбекпен өткізген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Бескемпір Иманәлиев ағамыз. Ол ауылды қазақтың алтын бесігіне балаған жан. Қадірменді қария қазір шалғайдағы Қостөбе ауылында тұрады. Балалық шағы осында өтті. «Тайдың мінгені білінбейді, баланың жұмсағаны білінбейді» демекші, мектепте оқып жүргенде каникулға шыққанда колхоз жұмысына араласуды дағдыға айналдырған еді. Сөйтіп, жастайынан шыңдалып өсті. Он жеті жасында механизаторлық курсты бітіріп, біраз жыл МТС-те тракторшы болып жұмыс істеді. Содан кейін туған жеріндегі шаруашылыққа біржолата оралды. Ұжымшарда тракторшы болды. Дала төсін техника үнімен дүбірлетіп, еңбек майданын қыздырды. Арасында бір-екі жыл жүк автокөлігін де жүргізгені бар. Сол кездегі «Совет» ұжымшарының бас инженері Жасан Алтаев үгіттеп:
– О, Бесеке, ұжымшарда шофер болып, мәшине айдағысы келетін талапкерлер көп. Ал, трактор жүргізіп, оның үдесінен шығатындар кем. Сен болмасаң, колхоздың жұмысы жүрмейді ғой, – деп қолқа салғаны бар. Сөйтіп, ол тындырымды жігітті трактор руліне қайта отырғызды.
Осылайша Бесекең кеңестік кезеңде трактордың барлық түрін ұршықтай үйірді. Әкесі Иманәлінің еңбекқорлығы мен тәжірибесін бойына сіңірді. Ол кісі ағаштан түйін түйіп, ер-тоқым, күбі, келі-келсап, ожау, қасық, табақ, шара, тағы басқа тұрмыстық заттарды қолдан шабатын айтулы шебер еді. Соғыс жылдары және одан кейінгі жылдары ол өзінің нәпақасын осылай табатын. Бұрынғы заманда дүкен сөрелерінде бүгінгідей қайысқан ыдыс-аяқ түрлері болмайтын. Бәрін Иманәлі сияқты ұсталар жасайтын, тұрғындар солардан сатып алатын.
Ол кезде еңбек адамдары ерекше құрметтелетін. Бескемпір Иман-әлиев адал қызметі үшін бірнеше рет облыстық Кеңестің депутаты болып сайланды. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Талай рет аудандық, облыстық партия комитеттерінің конференцияларына делегат болып қатысты, заттай сыйлықтар алды.
Өмірлік серігі Аманкүл екеуі он ұл-қыз тәрбиелеп, бәрін адал еңбекке баулыды. Балаларына маңдай термен тапқан нанның тәтті боларын ұғындырды. Жұбайы өмірден ерте озып, балаларды оқыту, үйлендіріп қатарға қосу бір өзінің мойнына түсті. Қиындықты сабырмен жеңіп, балаларының бәрін аяқтандырды. Бүгінде олардан 40 немере, 15 шөбере сүйіп, қызығын көруде.
Бескемпір Иманәлиев тату да берекелі отбасында балаларын ел игілігі жолында еңбек етуге тәрбиелеп, ата дәстүрді құрметтеуге үйретті. Ұл-қыздарының диплом алып, қалаған мамандықтары бойынша жұмыс істеулеріне тілекші. Қазір олардың бәрі де өмір көшіне ілесіп, өз түтіндерін түтетіп отыр. Енді немерелерінің пайдалы іспен шұғылдануына кеңес беріп келеді. Балалары да әке үмітін ақтап, еңбекқор, көпшіл, кішіпейіл болып өсті. Ақсақал әрдайым азаматтың еңбекпен ғана көгеретінін айтып отырады.
Бүгінде балалары бір-бір мамандық иелері. Отбасында мұғалім де, медицина қызметкері де, инженер де, құқық қорғау саласының қызметкері де бар. Бұл әулетте, ең бастысы, егін шаруашылығы атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіп іспетті. Әкенің абыройлы еңбек жолын екі ұлы Қуат пен Нұрлан сәтімен жалғастырып келеді. Олар – ауылдағы білікті механизаторлар. Трактор жүргізеді, комбайн айдайды, автокөлік те жүргізеді. Ауыл шаруашылығы техникасының тілін жақсы біледі. Иеліктеріндегі егістік алқаптың егінін орып, шабындықтың шөбін шауып болған соң, ауылдастарына қолғабыс жасайды.
Адал еңбекпен есейген сексен төрт жастағы ақсақал бір сәт үйде отыра алмайды. Бір мезгіл техникалардың сақадай-сай екендігіне көз салып, балаларына ақыл-кеңес беруді міндеті санайды. Кейде техниканы жөндеу жұмыстарына да кірісіп кететіні бар.
Иә, еңбек адамының өмірін еңбектен бөліп алып қарастыру мүмкін емес ау…
К.ЕЛІКБАЕВ.
Төлеби ауданы.
Төлеби ауданы.