Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов алтын құрсақты аналарды арнайы қабылдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде табыстады. Халық санын арттыруға үлес қосып жүрген 20 көпбалалы ана марапатқа ие болды. Оның ішінде, 6 анаға «Алтын алқа», ал 14 анаға «Күміс алқа» төсбелгісі табысталды.
Салтанатты рәсім барысында қала әкімі аналарды марапаттарымен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен отбасы тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдау, көпбалалы отбасылардың әл-ауқатын арттыру бағытында жүзеге асырылып жұмыстарға тоқталды. Марапат иелері өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен құрметке ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Көпбалалы аналарды құрметтеу – отбасы институтын нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Осындай марапаттар аналардың қоғамдағы мәртебесін арттырып, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбегіне көрсетілген лайықты құрметтің көрінісі болып табылады.
Бүгінде мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау бағытында түрлі бағдарламалар мен жеңілдіктер қарастырылған. Бұл шаралар аналар мен балалардың әл-ауқатын жақсартуға, сондай-ақ отбасының тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Кентау қаласында отбасы құндылықтарын насихаттау мен аналарды қолдауға арналған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың бойында отбасына деген құрметті қалыптастырып, қоғамдағы бірлік пен ізгілікті нығайтуға өз үлесін қосады.









