Қаржы пирамидалары Түркістан облысы мен бүкіл Қазақстан азаматтары үшін елеулі қауіп болып қала береді. Бұл алаяқтық схемалар адамдарды тез және жоғары кірістер туралы уәделермен тартады, бірақ іс жүзінде қаржылық шығындарға әкеледі, көбінесе отбасылық бюджеттерге зиян келтіреді. Мемлекеттік органдардың белсенді күш-жігеріне және қабылданған заңдарға қарамастан, қаржы пирамидалары заңнамадағы өзгерістерге және жаңа технологияларды қолдануға бейімделу арқылы өмір сүрудің жаңа жолдарын табуда. Бұл мақалада біз Түркістан облысындағы және жалпы Қазақстандағы заңнама азаматтарды қаржы пирамидаларынан қалай қорғайтынын, сондай-ақ осы тұзаққа түсудің алдын алу үшін қандай шаралар қолдануға болатынын қарастырамыз.
Қаржылық алаяқтықпен байланысты тақырып бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауаптарі жөнінде Fingramota.kz-ке сілтеме жасаған tagan.kz жазады.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтармен жедел өзара іс-қимыл жасау үшін коммуникацияның барлық арналарын пайдаланады.
Халыққа қаржылық реттеушінің, қаржы ұйымдарының, реттелетін субъектілердің қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі мен толықтығын арттыру мақсатында Агенттікте 2021 жылғы 24 мамырдан бастап мына нөмір бойынша call-орталық жұмыс істейді: +7 727 237 1000.
Call-орталық арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтары мен мүдделерін қорғау, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру мәселелері бойынша консультациялар ала алады. Сондай-ақ шұғыл сипаттағы мәселелерді тікелей қаржы, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жедел шешуге, қаржылық алаяқтық жағдайлары және қаржылық пирамидалардың қызметі туралы хабарлауға мүмкіндік туды.
Пайдаланушылар өз сұрақтарын тікелей Агенттікке 2020 жылғы 25 маусымнан бастап жұмыс істейтін «Fingramota Online » мобильді қосымшасы арқылы жібере алады. Онда 14 тақырыптық бөлім бар, олардың бірі «Қаржылық пирамидалар және қаржылық алаяқтық» деп аталады, онда күмәнді ұйымдардың қызметі бойынша консультация алуға, сіз кездескен алаяқтық схемалар, күдікті сілтемелер, әлеуметтік желілердегі аккаунттар, онлайн-топтар және т. б. туралы хабарлауға болады.
Сұрақ: Бүгінде алаяқтықтың қандай жаңа түрлері бар және қаржы лық алаяқтарды қалай білуге болады?
Жауап: интернет мүмкіндіктерінің кеңеюімен және IT-технологиялардың дамуымен жеке деректерді ұрлауға мүмкіндік беретін түрлі алаяқтық схемалар жетілдірілуде. Қаскүнемдер оларды өздерінің пайдакүнемдік мақсаттары үшін пайдаланады.
Алаяқтардың жаңа схемалары — алдаудың жетілдірілген тәсілдері. Егер бұрын алаяқтық схемаларда негізінен жалған интернет-ресурстар пайдаланылған болса, қазір жалған мобильді қосымшалар белсенді қолданылады.
Сонымен қатар телефон алаяқтықтары әлеуетті құрбандармен байланыс үшін мессенджерлерді (мысалы, Telegram, WhatsApp) кеңінен қолданумен алмастырылды. Алаяқтықтың барлық түрлері бір нәрсеге бағытталған — пайдаланушылардың сеніміне кіріп конфиденциалды ақпаратты алу.
Алаяқтар азаматтарға өте тиімді талаптармен түрлі акцияларға қатысуды ұсынулары мүмкін, олар қазіргі кезде тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу кезінде кеңінен қолданылатын QR кодтарды қолдан жасай алады. QR-код арқылы тіпті кейбір мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді де алуға болады.
Алаяқтар машиналық оқыту мен заманауи сөйлеу технологияларының мүмкіндіктерін қолдана бастады. Мәселен, егер бұрын алаяқтар негізінен өздері қоңырау шалса, қазір қоңыраулардың басым көпшілігі дауыс роботтарының көмегімен жасала бастады. Және де бұрынғыдай IP-телефония арқылы зиянкестер кез келген нөмірді қолдан жасайды, бұл оларға өздерін кез келген адам: банктердің, құқық қорғау органдарының, түрлі компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстыруға мүмкіндік береді.
Телефон алаяқтықтарының дауыс роботтарын (боттарды) қолданатын жаңа схемасы бұрыннан мәлім схемалардан айырмашылығы аз. Роботтар жансыз қоңырау шалу функциясын орындайды. Қоңырау автоматты түрде өтеді және бот мемлекеттік тілде және орыс тілінде де қандай да бір ақпаратты растауды немесе теріске шығаруды ұсынады. Көп жағдайда автоматты түрде ескертулерді халық шынайы банктің қоңыраулары ретінде қабылдайды — алаяқтықтың мұндай түрінің басты қауіптілігі осы. Абонент сол немесе басқа бір ақпаратты растағаннан кейін қоңырау әдеттегі алдау схемаларын қолданатын операторға ауыстырылады.
Боттардың көмегімен алаяқтар роботтарға жаппай қоңырау шалуларды беріп, операторлардың жұмысына уақыт пен ақшаны үнемдейді.
Көп жағдайда, алаяқтар адамдарды олардың шоттарына хакерлік шабуылдар жасалғаны, интернеттегі жеке кабинеттің немесе мобильді банкингтің бұзылғаны туралы әңгімелермен қорқытады. Робот сізге банктің қысқа нөмірінен қоңырау шалуы мүмкін, бұл сізді шатастырып, сіздің қырағылығыңызды төмендетуі мүмкін және бөтен адамдар сіздің атыңызға жалған кредит алмақшы болғаны немесе оны ресімдеп қойғаны туралы; әртүрлі санкцияларға байланысты сіздің шотыңыз бұғатталды; банк SWIFT халықаралық аударымдар жүйесінен ажыратылды және шұғыл түрде ақшаны «резервтік», қауіпсіз шотқа аудару қажет деп және т. б. туралы айтулары мүмкін.
Алаяқтық боттар полиция департаментінің атынан қоңырау шалып, әлдебір айыппұлдың болуы жөнінде хабарлап, толық ақпарат алу үшін, мысалы, «1» санын басуды сұрай алады. Содан кейін басқа дауыстық «көмекші» қосылады, олар жария ететін ақпараттың суперконфиденциалды екенін ескертеді және жеке басын растау үшін бірқатар сұрақтарға жауап беру қажет екенін айтады, олардың ішінде сіздің төлем деректеріңіз туралы сұрақтар да болуы мүмкін.
Тағы да кеңінен таралған схема – телефон алаяқтары қолданатын дауыстық автоматтандыру. Тұтқаны көтеріп, қоңырауға жауап бергеннен кейін бірден жазба қосылады, онда сіз немесе сіздің нөміріңіз конкурста, лотереяда, ұтыс ойынында ұтқаныңыз туралы айтылады. Әрине, сіз нақтылайтын сұрақтар қоясыз, бірақ байланыстың ар жағындағы сөздердің ағымы тоқтамайды. Егер мұқият қойып тыңдасаңыз, бұл қарапайым аудио жазба екенін түсінуге болады, бірақ сіздің сөйлегеніңіз де жазылып жатқанын бірден түсіне алмайсыз.
Есіңізде болсын, алаяқтар дауысты салатын роботтардың көмегімен маңызды конфиденциалды мәліметтерді алуға тырысады: ЖСН, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі, картаның толық деректемелері, SMS-тен алынған код.
Сондай-ақ, қаскөйлердің сізден «Иә» және «Мен растаймын» деген нақты сөз тіркестерін алуы маңызды. Ол үшін боттар «Сіз Алматыда тұрасыз ба?», «Сіз соңғы тәулікте төлем жасадыңыз ба?», «Жүлдеңізді алып кеткіңіз келе ме?, «Сіз мені жақсы естіп тұрсыз ба?», «Сіз бұл ақпаратты растайсыз ба?» және тағы басқа. Яғни, боттар биометриялық деректерді жинайды, оларды өз мүдделері үшін де қолдана алады.
Алаяқтарды мынадай белгілері бойынша тануға болады:
Олар бірінші қоңырау шалып, өздерін кез келген адам болып таныстырады, бірақ әрқашан ақша туралы әңгіме бастайды;
Олар Сізді шатастыру үшін қаржыға қатысты кез келген мән-жайлар мен жағдайларды ойлап табады (ірі пайда немесе шоттардан ақшаның жоғалуы) және көбінесе олардың ойлануына жол бермейді;
Олар сіздің жеке деректеріңізді және картаның толық деректемелерін, соның ішінде артқы жағындағы үш таңбалы кодты алуға тырысып, психологиялық әдістерді қолданады.
Сұрақ: Маған банк қызметкері ретінде өзін таныстырған адам қоңырау шалды, мен бұл аудиожазба екенін бірден түсінбедім. Алаяқтардың қоңырау шалғанына сенімдімін. Айтыңызшы, олар бұл аудиожазбаны қалай қолдана алады?
Жауап: Алаяқтар жәбірленуші даусының аудиожазбасын қолдана отырып, кредиттік ұйымда түрлі қаржылық операцияларды жасай аламыз, мысалы, кредит ала аламыз деп үміттенеді. Алайда, банктер мен микроқаржы ұйымдарында биометриялық сәйкестендіру сияқты жеке басын растау процедурасының құрауышынан басқа тексерудің қосымша деңгейлері бар. Кредиттік ұйымдар скоринг жүйесін қолданады.
«Скоринг» ұғымы қаржы саласында бұрыннан бар және қарыз алушыны, оның төлем қабілеттілігі мен адалдығын бағалау жүйесін білдіреді. Сонымен қатар, скоринг жүйесі оның кірісін ғана емес, сонымен қатар кредит беру үшін қажетті басқа өлшемшарттарды да бағалайды, мысалы, қарыз алушының кредитті уақтылы және адал өтеу қабілеті, жұмыс өтілі, отбасылық жағдайы, балаларының болуы, кредиторлардан қанша рет бас тартқаны, тіпті әлеуметтік желілерде қандай топтарға қол қойылғанын бағалай алады және тағы басқалары.
Сондықтан онлайн кредит алу үшін тек «иә» дей салу жеткіліксіз. Алайда, егер сіз роботқа карточканың нөмірі, оның қолданылу мерзімі және артқы жағындағы үш сан, яғни CVC/CVV-коды, сондай-ақ SMS-тен растау коды сияқты маңызды дербес ақпаратты хабарлап үлгерген болсаңыз, онда сізде банктік шотта қаражатсыз және сіздің атыңызға рәсімделген кредиттермен қалу тәуекелі еселеп артады.
Алаяқтар сіздің «даусыңыздың көшірмесімен» тағы не істей алады? Үшінші тұлғаларға сатады немесе бопсалау мақсатында пайдаланады, мысалы, сіздің беделіңізді түсіретін жазба құрастырып, содан кейін ол үшін ақша төлеуіңізді талап етеді.
Дауыстық роботты (спамерді) тану қиын емес. Оған сенбей, сөйлесуді тоқтатып, нөмірді бұғаттаңыз. Және өз деректеріңізді қорғаңыз, оларды телефон арқылы бейтаныс адамдарға хабарламаңыз!
Есіңізде болсын: банктер және басқа ұйымдар, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері Сіздің жеке және төлем деректеріңізді нақтылау үшін сізге ешқашан қоңырау шалмайды!