Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Берік Нышанбаев халық алдында есеп беріп, өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.
Есеп беру жиынына аудан әкімінің бірінші орынбасары А.Құлмахан, мәслихат төрағасы У.Ұзақов, «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Таңатаров, мәслихаты депутаты Т.Айдарқұлов, қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Көлбай және жеке құрам қызметкерлері, ауыл округтерінің әкімдері, аудан тұрғындары қатысты
400 адамды қамтыған жиында 2024 жылы полицейлермен жасалған жұмыстар бойынша баяндама жасаған Б.Нышанбаев, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Оның ішінде жол жүру белгілерін және көшелерге бейнекамералар орнату, интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу жайы талқыланды.
«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бойынша биылғы жыл «Профилактика жылы» деп жарияланды. Осыған орай ауданның бас полицейі жиынға қатысушыларға төмендегідей ұсыныс білдірді.
— Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында, «Ішімдіксіз ауыл» жобасын ұйымдастыруды;
— Интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізуді;
— Жастар мен жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуді;
— Мас халде жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін, лицензиясы жоқ алкоголь өнімдерін сататын аудандағы кәсіпкерлік нысандарды анықтап, оларға тыйым салу үшін, мониторинг жүргізуге, жергілікті басқарушы органдар арасынан арнайы топ құрып аудан тұрғындарымен бірлесіп жұмыс атқаруды;
— «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясын насихаттау мақсатында, аудан көлемінде жастар арасындағы спорттық іс-шараларды кеңінен өткізуді;
— Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы жобасы негізінде, әрбір елді мекендерде таза ауыл акцияларын ұйымдастыруды ұсынды.