Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет» деп ерекше атап өтті. Биыл еліміз үшін оңай жыл болған жоқ. Тасқын судың салдарынан аграрлық сектор да көп зардап шекті. Соған қарамастан диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Президент оларға зор ризашылығын білдірді.
Биылғы егіс науқанына екі есе көп қаржы жұмсалуда. Агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл шығынның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Салаға коммерциялық банктердің қаражатын тарту мәселесі көтерілді. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Мемлекет басшысы осы тәжірибені банктерге қатысты да қолдану керек деді. Әрине, мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайлатуға жол ашады.
– Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда, шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ, Жолдауда «Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін, егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екенін, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық және ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет» деп айтылды. Өкінішке қарай, осындай жағдайлар салада аз кездеспейді.
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін алдымен түрлі кедергілерді жою маңызды. Оларды неғұрлым тез жойсақ, соғұрлым мақсатқа да жылдам жетеміз. Аграрлық сала мемлекеттік қамқорлыққа мұқтаж. Саланы көтерсек ауыл шаруашылығы өнімдері көбейіп, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де шешіле бастайды. Мал да арзандар еді.
Түйткілдерді анықтау үшін стратегиялық бағдарламалар дайындалып, салаға нақты жоспар керек. Қазақстан – аграрлы ел. Ауыл шаруашылығы саласы – ықылым заманнан негізгі сала, сондықтан оның дамығаны маңызды. Кеңес дәуірінің өзінде Қазақстан астық өсіруден алдыңғы қатарда болды. Қазақ төрт түлік малмен күн көрген. Қазір ет өндірісін дамыту қолға алынды. Алайда, елдің потенциалы бұдан да жоғары екенін білеміз. Нарықтық экономикаға сай бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру маңызды. Ауыл шаруашылығы саласын қолдап, бірінші кезекте ауылдарға қажетті агро-техникалар сатып алуға субсидия берілуі қажет.
Түркістан облысы жағдайында ауыл шаруашылығы дақылдарын және қуаңшылық аймақтарда ауыл маңында екпе жайылымдарды қалпына келтіруге ауыспалы жайылым жүйесін жасауға тұқым шаруашылығын (семеноводческое хозяйство) мемлекеттік немесе жекеменшік серіктестік ретінде құру қажет.
Облыс көлемінде меринос және қаракөл қой тұқымдарының кеміп кетуіне байланысты, осы аталған қой тұқымдарының текті қорын сақтап қалу мақсатында мемлекеттік тұрғыда дербес субсидиялауды, яғни қаржылай қолдауды қамтамасыз етуді жан-жақты шешуді қарастыратын уақыт жетті.
Ауыл шаруашылығы саласын кешенді дамытудағы тиімді жобалардың бірі – кооперациялардың жұмысын жолға қою. Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында орналасқан кооперативтер бүгінде бір айда 3–3,5 мың тоннадай ет өндіреді. Бұл республикадағы ет өнімінің 30 пайызын құрайды.
Аймақтың суармалы жерлерінде топырақтың екінші тұздануын тоқтату жолында жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасуы тиіс.
Ұлттық аграрлық ғылым академиясы «Шымкент» орталығының академиктері көпшілікті Жолдауда айтылған міндеттерді бір кісідей жұмыла атқаруға шақырады.
Жәнібек ПАРЖАНОВ,
Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі,
профессор.