Адам өмірінің ең басты құндылығы-тіршілік. Сол үшін де бүгінде суицид мәселесін шешумен әлем күресуде. Көптеген адамдар талқаны таусылып өмірінен озатындарын айтпағанда, өз өміріне өздері балта шауып, ажалынан бұрын өмірімен қоштасатындары қаншама? Әлемді алаңдатып отырған осы мәселе соңғы жылдары өршіп келеді. Қазіргі таңда қанды қылмыс пен соғысқа қарағанда, әлемде өз-өзіне қол жұмсау салдарынан өмірден өтетіндер саны көп екен.
Суицидтің тағы бір себебі қылмыстың әсерінен. Байқамай ауыр қылмыс істеп, оның жауапкершілігінен қорқып өзіне қол салғандар ара-тұра болса да болып тұратын оқиғалар. Сайт тілшісі Н.Тілеуқабылдың осы тақырыптағы ізденісін назарларыңызға ұсынып отырмыз, деп жазады mezgil.kz порталына сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
Суицидтің тағы бір үлкен себебі құмарлық пен ойын. Кеше ғана бүкіл елді дүрліктірген «Синий кит», «Тихий дом», «4:20» дейтін ғаламтордағы ойындар туралы естіген шығарсыз. 2015 жылы Ресейде Филипп Лисс есімді 21 жастағы жігіт ұйымдастырған. Шын аты Филипп Будейкин. «Лис» деген лақап атты қосып алғанының да өз себебі бар. Әдетте түлкілер өз жемтігін алдап құртатыны мәлім. Ол да өз құрбандарын осылайша өлімге итермелеген. Ойынның «Синий кит» аталуы да негізсіз емес. Көк кит — суицид жасаушылардың символы болып саналады. Өйткені көк киттер суицид жасайтын жалғыз жануар. Ойын 50 кезеңнен тұрған. Ойынға қатысушылар алғаш білегіне ұстарамен көк киттің суретін салудан бастап, соңы өліммен аяқталып отырған. Ең қызығы берілген тапсырмаларды сағат 4:20-да орындап отырған. Бұл адамның ұйқылы ояу жүретін шағы. Осындай қитұрқылықтың кесірінен алғашқы құрбан Рина Полинковадан бастап жүздеген бала ажал құшты. Оның ішінде қазақстандықтарда бар. Кіп-кішкентай ғана ұялы телефонның өзі адам өмірін жалмауға қуатты екенін байқаған боларсыз. Ендеше балаңыздың ойынына да көңіл бөлу керек екенін біле жүргеніңіз артық болмайды.
Суицидке итермелейтін тағы бір себеп өмір сүрудің ауыртпалығы мен қаражаттың жетіспеушілігі немесе қысқаштай қысқан қарыз. Өмірдің сан қабат батпан-батпан қиыншылықтарына төтеп бере алмай, қайраты мүжіліп, жігері құм болған адамдардың тек өлімнен тиянақ табатыны жасырын емес. Өзіне рухани қазық таба алмай, құштарлығы кеміген, жүйкесі жұқарып, санасы сансыраған адамға өлімнен төте жол көрінбесі анық. Құтылар жолы болсада тұтылуға бейім болып, басқаны байқамауы да мүмкін. Ары тартса бері жетпейтін тапшылық, жұмыссыздық, тұрақ табар жайының болмауы жығылған үстіне жұдырық болары сөзсіз. «Сорлыға сойыл бірінші тиеді» дегендей оның үстіне қарыз қысса не істеуі керек? Бүгінде банктен несие алып, сол қарызы үшін үй-жайынанда айырылып жатқандар аз емес. Деседе, өмірдің ауыртпалығынан екінің бірі өлмесі анық. Ең қызығы суицид дамыған, экономикалық әлеуеті зор, әлеуметтік тұрмысы жоғарғы деңгейдегі Германия, Швецария, АҚШ, Жапония секілді елдерде жоғарғы көрсеткішке жетсе, дамымаған Африка елдерінде нөлдік көрсеткішке жақын.
Байқап қарасақ, аталғандардың ешқайсысы суицидтің негізгі емес, қосалқы себептері. Ең негізгі себебі рухани дерт. Яғни, рухының әлсіздігі, қажыр-қайратының кемдігі, қиындыққа берілгіш шарасыздығы. Виктор Франклше айтқанда: «Өзіне-өзі қол жұмсайтын адам өлімнен қорықпайтын, өмір сүруден қорқатындар». Ал рухы биік адамдардың өз-өзін өлімге итермейтіні хақ. Олар өмірге құштар жандар. Тіршіліктен ләззат алып, өмірін мәнге толтырғандар. Кеудесіне хикімет дарып, санасы арқылы басқа әлемнің есігін ашуға қолы жеткендер. Ондай адамдар мың жыл өмір сүрседе жалықпайтындар. Өз жанына өзі қастық сайламайтындар. Есесіне алланың ақ өлімін қасқайып қарсы алатындар.
Суицидпен қалай күресеміз?
И.П.Павлов өзін-өзі өлтіруді «мақсат рефлексін» жоғалту деп түсіндірген. Осыған байланысты ол: «Мақсат рефлексі әр адамның өмір мәні және энергия көзі. Өмір қызығы бір мақсатқа жетуге талпыну, егер сол мақсатқа жете алмаса басқа мақсатты көздеп соған қол жеткізу, қызығу, ұмтылу. Соған байланысты біздің өміріміз гүлденеді және мәндене түседі. Егер адамның өмірінде мақсат жоғалса оның өмірі мәнсіз болады. Сол себепке байланысты біз өлген адамдар артынан қалған қағаздардан, олардың өмірлерінің мәні жоғалғанына байланысты олар өз-өздерін өлтіруге мәжбүр болғандарын ұғынамыз. Бірақ адам өміріндегі мақсаттар саны шексіз…», – дейді. Демек, мәнді өмір сүру үшін соған сай ұлы мақсат керек.
Ал мақсатымызды қалай айқындаймыз? Бұл біздің басты сұрағымыз болуға тиіс. Сіз өзіңіз жеке қалғанда іштей «Өмірдің түпкі мәні не? Адамдар қайтсе мағыналы өмір сүре алады? Не үшін өмір сүреміз?» деген секілді толып жатқан ауыр сұрақтарға жауап іздеп көрдіңіз бе? Егер жауабыңыз айқын болмаса, мақсатыңызда көмескі болмақ. Өз мақсатыңызды айқындап алғыңыз келсе Виктор Франклдің ілімі логотерапияға жүгінгеніңіз артық болмайды. Әңгімеміздің тұздығы ретінде Санжар Керімбайдың мына сөзіне көңіл аударып көрейікші.«Жас жігіт ауылдан қалаға келеді. Ата-әжесі «ұят болады», «әдепті бол», «жаман қылық жасама», «біреудің ала жібін аттама» деп дәстүрлі тәрбиені сіңіреді. Бірақ қалада өмір басқаша болып көрінеді. Ұятына жүгінейін десе, жұрт күліп қарайды. Қатарластары «старомодный», «апаларский, аталарский» деп кекетеді. Бір жылдай дараланып, ибасына берік болып жүреді. Оған қоршаған ортасы өмірдің заңдылығын басқаша түсіндіреді. Бірі өмірдің мәні «рақаттану, қыдыру, оралыңның барында ойнап-күлу» деп тәпсірлейді. Екіншісі «карьера жасау, ортаңнан озып шығып, мәртебелі болу» деп түсіндіреді. Осы кезде жігіттің санасында құндылықтар қайшылығы орын алады. Бейнебір өзін алданып қалғандай сезінеді. Көбі позициясын ауыстырады. Даралығын жоғалтып, тобырдың ішіне сіңеді. Сөйтіп өзін жоғалтады. Мұның арты түрлі трагедияға соқтырады.
Енді проблема қайдан шықты дегенде қайтадан о бастағы құндылықтар қайшылығына келіп тірелеміз. Барлығы жігіттің өмір философиясын дұрыс түсінбеуінен басталды. Виктор Франкл мәселеге дәл осы қырынан түскен. Ең әуелі ар-ұят феноменін адамды айқындаушы негізгі фактор ретінде академиялық ортаға әкеледі. Рухани болмысты жоққа балап, ар-ұятты шарттанған рефлекс деп танитындарды редукционистер (Адамға зат деп қараушылар) деп таниды. Франкл 21 жасында редукционистерді академиялық алаңда жекпе-жекке шақырады. Оларға майдан ашады. Редукционистердің «Оралыңның барында ойна да күл» деген кредосына ол «Оралыңның барында хикмет ізде» деген девизді қарсы қойған. Бізде де қазір ар-ұят феноменін жоққа шығаратын редукционистік қоғам орнады. Франклдың Логотерапиясы редукционистік қоғамды әлсіретеді.
Франкл бар-жоғы отыздан асқан шағында ғалым ретінде мойындалған. Тұлғаны заманның талабы мен әлеуметтік шарттары туғызады деген де рас. Өмірдің мәні жайлы жас Франклдың толғануына сол кездегі Австриядағы әлеуметтің көңіл күйі әсер етті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан бұрын Австрия-Венгрия империясы дүркіреп, Еуропаға айбат шегіп тұрған. Соғыстан соң империяның аты өшті. Далиған территориясы талауға түсті. Габсбургтер империясының туы жығылып, күні батты. Ата қоныстағы «Австрия Республикасы» пұшпақтай жерді иеленді. Күні кеше 60 миллион халқы бар империяда 6 миллион адам қалды. Алдында ғана «Мызғымас Империяның мәңгілік мүддесі үшін өмір сүреміз! Император үшін жан пида!» деп жалындаған ақсүйектер мен генералдар не үшін өмір сүрерін білмей қалды. Бәрінің асқақтаған көңілі су сепкендей басылды. Нан піскен көкіректе мағынасыз вакум пайда болды. Бастары қосылса, «Алақандай Австрияда өмір сүрудің не мәнісі қалды? Қайда барып тіршілік қыламыз? Патша сарайы құлады. Ақсүйектер отбасының енді не керегі бар? Олар немен айналысады?» дегенді талқылай жөнелетін. Венадағы оқу орындары мен мәдени ошақтарда қызмет еткен қайраткерлер өздерін керексіз қалғандай сезінді. Өмір сүруге деген құштарлық пышақ кескендей тыйылды. Рухани қасиет жаншылған атмосферада суицид тамыр жаяды. Осы тұста Альфред Адлер бастаған Вена психотерапиясының екінші мектебі қаланды (біріншісі – Фрейдтің психоаналитикасы). Франклдың да осы мектепке мүше болатын себебі сол: «Не үшін өмір сүреміз? Өмірге ынтық қылатын негізгі мотив не?» деген сұрақтарға жауап табу. Франкл осы сұрақтарға жауап тапқанда Венадағы психотерапияның үшінші мектебі – ЛОГОТЕРАПИЯ деген атпен бой көтерді. 1933-1937 жылдары өзіне қол жұмсамақшы болған 3 мыңнан астам пациент келіп қаралған. Франкл солардың түгелге жуығын абыройсыз ажалдан аман сақтап қалды».