Жасөспірімдер арасында суицидке жол бермеуде не жасалды?
Қазақстанда 6 616 774 бала бар. Салыстырсақ, 2020 жылы – 6 110 156 бала болған. Оның ішінде 3,7 миллионнан астамы оқушы. 2,5 миллионнан астамы мектеп жасына дейінгі, балабақшалардағы балалар. Тағы 400 мыңнан астамы 18 жасқа толмаған колледж студенттері.
Жағдай жасауға жүйелі мониторинг жүргізу, сондай-ақ проблемаларды уақтылы анықтап, шешімдерді жедел қабылдау үшін 2022 жылы 56 индикатордан тұратын Балалардың әл-ауқатының индексі қабылданды. Балалардың әл-ауқатының орташа бағасы республика бойынша 55,3 балды ғана құрады. Алматы қаласы Қазақстандағы балалар үшін ең қолайлы өңір саналады: ол ең жоғарғы 63,3 балды жинады. Екінші тұғырда – Қызылорда облысы орналасты: 62,1 балл. Ақтөбе облысы үштікті тұйықтады: 59,9 балл.
Қостанай (49,7 балл), Батыс Қазақстан (47,4 балл) және Ақмола (43,8 балл) облыстары сияқты өңірлер балалар үшін қолайсыз деп танылды. Ендеше бұл өңірлер балалардың өсуі, тәрбиеленуі және даму үшін барынша жақсы жағдайлар жасауға күш салуға тиіс.
Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша 2022 жылы балалардың өлімімен аяқталған суицидтің 155 жағдайы тіркелді. Кәмелетке толмағандар арасында өзіне өзі қол салу оқиғалары өсіп барады: 2021 жылы – баланы қаза еткен 144 суицид жағдайы тіркелген.
Бұған жас ұрпаққа ересектердің әлімжеттік, зорлық, зомбылық көрсетуі де түрткі болуы мүмкін: былтыр балаларға қатысты 2 005 қылмыс, 2021 жылы – 2088 қылмыс жасалды. Ондағы жыныстық сипаттағы қылмыстардың саны 719 (2021 жылы – 920).
Әлімжеттікке, жәбірлеуге жол бермеу үшін тікелей Президенттің тапсырмасымен, еліміздегі барлық білім беру ұйымдары меншік нысанына қарамастан бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырылды. Бұл ретте олардың 4 713 немесе 47%-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылды. Оның ішінде 1 035 – мектепке дейінгі ұйым, 3 454 – мектеп, 224 – техникалық және кәсіптік білім ұйымдары.
2022 жылы ірі қалаларда орналасқан 1 825 білім беру ұйымдарында, соның ішінде 495 балабақшада, 1 187 мектепте, 143 ТжКБ ұйымдарында лицензияланған күзет қойылды.
Ішкі істер органдарының орталықтандырылған бақылау пультіне қосылған дабыл түймелері 2 257 білім беру ұйымдарында орнатылған. Тарата айтсақ, оның 719-ы – мектепке дейінгі ұйым, 1 362-сі – мектеп, 176-сы – ТжКББ ұйымдары, колледждер.
Зардап шеккен әрбір баламен жеке жұмыс жүргізе алу үшін ел тарихында алғаш рет оқушылардан жәбірлеу, буллинг фактілері туралы өтініш түскенде, Ата-аналардың, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмі бекітілді.
Буллингке ұшыраған балаларды жеке сүйемелдеудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында алғаш рет оларға қатысты жәбірлеу фактісі бойынша білім беру органдары мен ұйымдарының іс-қимыл алгоритмі де қабылданды.
Бұған қоса, Қазақстанда еліміздің барлық мектептерінде орналасқан «Bala Qorgau» QR-коды арқылы 24/7 режимінде балалар мен ата-аналарға тегін консультациялық көмек көрсетіледі.
Суицидпен күрес кешенді факторларды ескеруге тиіс
Алайда мамандардың айтуынша, «қабылданып жатқан шаралар балалардың құқықтарын іске асыруды толық қамтамасыз етпейді». Сондықтан сарапшылар Үкіметке балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін келесі бағыттардағы жұмысты жақсарту қажет деген рекомендация берді: біріншіден, білім беру ұйымдары бірыңғай, кешенді түрде қорғаумен қамтамасыз етілуі тиіс.
Екіншіден, бейнебақылаумен, турникеттермен шектелмей, мектептерде балалардың қауіпсіздігін қорғау шараларының кешенін қабылдау қажет. Яғни, мектептің сыртында, әлдебір бұрышында балалар құрбы-құрдасына жабылып, төбелесіп жатуына жол бермеу маңызды.
Үшіншіден, мектеп медиациясы қызметтерін енгізу және педагогтарды мектеп медиациясы әдісі мен медиативтік тәсіл негіздеріне оқыту қажет.
Оқу-ағарту министрлігі Суицидтің алдын алу жөніндегі кешенді жоспар аясында 2025 жылға дейін кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер мен олардың талаптарының санын жыл сайын 1,5%-ға төмендетуге міндеттеме қабылдады. Әзірге статистика тек өсу үстінде.
Бұл үшін Үкімет 2024 жылғы 1 тоқсанда Суицидтік мінез-құлық белгілері бар адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды анықтаудың бірыңғай алгоритмін және олармен жұмысты ұйымдастыруға арналған құралдарды әзірлеуге тиіс. Бұл құжаттар Оқу-ағарту министрі мен Денсаулық сақтау министрінің бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
Осы мерзім ішінде Балалардың суицидтік мінез-құлқын емдеу протоколы қабылданбақ.
Денсаумині келесі оқу жылында суицидологтарды даярлауға кірісуді жоспарлап отыр.
Білім беру ұйымдарының кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің, зорлық-зомбылықтың, оның ішінде жәбірлеудің, буллингтің, кибербуллингтің алдын алушы педагогтерді оқыту қолға алынады. Атап айтқанда бұл мамандар педагог-психологтар, директорлар, директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагогтар, педагог-ұйымдастырушылар арасынан іріктелетін көрінеді.
Осы оқытуларды ұйымдастыру үшін 2023 жылы – 600 миллион бөлінеді. Келесі 2024 жылы бұл сома – 800 миллионға, 2025 жылы – 900 миллион теңгегеге дейін ұлғайтылады.
Стокгольмдегі Швецияның Корольдік Каролин институтының Суицидті зерттеу ұлттық орталығының қоғамдық денсаулық сақтау ғылыми қызметкері Тони Дарки алаңдатарлық дерекке назар аудартады. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстан әлемдегі суицидтер деңгейі ең жоғары елдер қатарына кіреді. Өзіне өзі қол жұмсап, өмірден өткендердің көбі 18 бен 29 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген. Бұл елдегі өзін өзі өлтіргендердің жалпы санының 80%-ына дейін жетеді. Сарапшының айтуынша, суицид – қазақстандық жасөспірімдер арасындағы өлімнің басты себептерінің біріне айналған.
Тони Дарки суицидтің «кешенді феномен» екенін, тиісінше оның профилактикасы да осыны ескеруге тиістігін нықтады. Ол кешен адамның, әсіресе өмірді енді бастаған жас ұрпақ өкілдерінің өз ғұмырын қыршыннан қиюға итермелейтін мәдени, әлеуметтік, психологиялық, биологиялық, жағдаяттық факторларды егжей-тегжейді ескеруі шарт.
Олай болса, мемлекеттен суицидтің алдын алу, оған жол бермеу шараларын жан-жақты өрістетіп, тегеурінді іс-қимылды жүзеге асыру талап етіледі. Inbusiness.kz осы сараптамасы да аталған жұмысқа септігін тизігу үшін жазылып отыр.