Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын табуда. Түркістандықтар бүгін сенбілікке шығып, 26 аумақты тазалады. “Таза Қазақстан” ұлттық жобасы аясында жалғасын тапқан тазалық шарасына шаһар тұрғындары мен еріктілер белсене атсалысты.
1000-ға жуық адам көше бойларын тазартып, жиналған қоқысты, кесілген ағаштарды тасымалдауға коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен 20-дан астам техника жұмылдырылды. Қураған өскіндерді қырқуға 50 арнайы техника бөлінді.
Сенбілікке қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков тазалық жұмыстарын аралап тексерді. Шаһар басшысы ұлттық жоба аясында бекітілген тапсырма-жоспардың орындалуын жеке қадағалайтынын айтып, сектор басшыларына көпқабатты үйлердің аулаларын күтіп-ұстауда әрі тазалық шараларын ұйымдастыруда Мүлік иелері бірлестігінің белсенділігін арттыру қажеттігін ескертті.