Адамзат тарихындағы ең ірі қаржылық пирамиданы (ғасыр пирамидасы) 1960 жылы америкалық Бернард Мэдофф ұйымдастырды. Оның 40 жылдық қаржылық іс-әрекетінен 3 миллион адам зардап шекті және 50 миллиард доллар қаржы үшті-күйлі жоқ болып кетті.
Қаржылық пирамиданың ең жаңа мысалы ретінде еліміздің Көкшетау қаласында 2011 жылдың сәуір айында пайда болған және 20 мың адамды тақырға отырғызған «КазРосИнвестПроект» ЖШС (Миллионерлер клубы) құрған қаржылық пирамиданы айтуға болады. Бұл пирамида өзі өмір сүрген 3 ай ішінде адамдардан 185 миллион теңге жинап үлгерді. Ал маусымның басында салымшылардан түскен арызды тексеруге келген қаржы полициясы қызметкерлері пирамида сейфінен 41 миллион теңге ғана тауып отыр. Қаржылық пирамиданың ережесі бойынша әрбір кассаға өткізген 100 теңгені бір айдан соң салымшы 400 теңге көлемінде ақша етіп алуы керек болатын. Мұнда бір айлық пайда 300 теңге болып отыр. Салымшы екі ай шыдаса фирмадан 1600 теңге алар еді. Ал егер салымшы 12 айдан кейін алса ол 412 х 100 теңге алар еді. Бұл ақша 1 677 721 600 теңге! Бір жылда 100 теңгенің 16 777 216 есе көбеюі, әрине, ақылға сыймайды. Экономистердің пайымдауынша, салымшыға инфляция мөлшерінен артық пайыздағы пайданы уәде еткен қаржылық мекеменің пирамидаға айналып кету ықтималдығы әрқашан жоғары.
Қазіргі уақытта қаржылық пирамидалар ішкі мазмұнын сақтай отырып, сыртқы түрлері өзгеру үстінде. Бұрынғы пирамидаларда адамдардан ақшаларын жалған жоба мен түсініксіз қорларға құю ұсынылса, бүгінгі күні халықты гүл өсіру, жалған зауыттар және кен орындарын дамыту, және т.б. псевдоматериалдық құндылықтарды жасауға шақырады. Гүл өсіру қулығын талдай кетейік. Алдымен адамдарға «гүл өсіретін компания» тұсаукесер жасайды. Компанияны ұйымдастырушылар ғалымдардың көптеген аурулардан құлан таза жазылып кетуге көмектесетін бірегей гүл тұқымын жасап шыққанын хабарлайды. Сонымен қатар, мұндай гүлдер біріншіден, өте аз, екіншіден, аса қымбат екенін айтады. Тұсаукесерге қатысушыларға осындай гүлді үй жағдайында өсіріп, үлкен пайдаға кенелуге болатынын айта кетеді. Ол үшін әрбір адам фирмадан $500-ға гүл тұқымының бір данасын сатып алуы керек және оны үш ай өсіріп алып келсе, фирма одан $1000-ға сатып алады. Сөйтіп, басында шамалы адамдар гүлді өсіріп алып келеді де, әрбір гүлге $1000 ақша алады. Ғажайып гүл туралы ақпарат лезде қалаға тарап кетеді де, гүлдің тұқымын $500-дан сатып алушылардың ұзын кезегі фирма кеңсесінің алдында пайда болады. Әрине, фирма ең басында гүл өсіріп алып келген адамдарға өз ақшаларынан немесе кейінірек келіп гүл тұқымын сатып алғандар есебінен төлегені түсінікті. Ал гүл тұқымын жаңадан сатып алушылардың соңғы легі азая бастаған кезде фирма кассасына жиналған ақшамен қоса ұйымдастырушылар да жоғалып кетеді.
Жалпы, қаржылық пирамидадағы ұтыс мөлшері шығынға ұшыраған салымшылар саны мен олардың ұтылыс мөлшеріне тікелей байланысты. Пирамидада бір ғана қатал заң бар: бір топтың қалтасындағы ақшаны алып екінші топтың қалтасына салу. Басқа жақтан пирамидаға ешқандай қаржы түспейді.
Көптеген елдерде, сонымен қатар, Қазақстанда да жоғарыда баяндалған әдіспен құрылатын қаржылық фирмалар мен компаниялардың іс-әрекеті алаяқтық ретінде танылып, заңмен қудаланады. Дегенмен, үлкенді-кішілі қаржылық пирамидалардың бірі күйреп жатса, екіншісі пайда болып жатады. Өйткені, түрлі игі істерді мақсат етіп күн сайын құрылып жатқан ондаған қаржылық фирмалар мен компаниялардың алғашқы қадамдарынан алаяқтықтың нышанын табу мемлекеттік қаржылық қадағалау құрылымдары үшін өте күрделі жұмыс болып табылады. Демек, қаржылық пирамиданы тану, оның жұмысының әдіс-тәсілдерін нақты білу және оны басқа қаржылық құрылымдардан айыра алу мәселесін жеке адамдардың өздері ғана шешуі керек.
Барлық қаржылық пирамидаларды екіге бөлуге болады: көп деңгейлі және Понзи схемасы.
Алдымен көп деңгейлі қаржылық пирамиданы қарастырып көрейік. Бұл схемада әрбір жаңа адам (оны шартты түрде А деп белгілейік) алдымен пирамидаға кіру жарнасын төлейді. Осы жарнаның бір бөлігі оны пирамидаға алып келген адамның шотына (оны шартты түрде В деп белгілейік) түседі, екінші бөлігі В-ны кезінде алып келген С-ның шотына ауады және осы үдеріс деңгейлер біткенше созыла береді. Жарна төлеген соң А екі немесе одан да көп адамдарды қаржылық пирамидаға тартуы керек. Олардың енгізген жарнасының бір бөлігі енді А-ның шотына түседі.
Қаржылық пирамиданың бір түріне жататын Понзи схемасы қандай? Бұл пирамиданы 1920 жылы америкалық Чарльз Понзи құрған еді. Бұл схема бойынша пирамида ұйымдастырушы өзінің мекемесінің шотына адамдардың ақша салуын және аз уақыт ішінде осы ақшаларды үлкен пайдасымен иелеріне қайтарып беретінін жариялайды. Дәлірек айтқанда, салымшының 100$ ақшасы бір айдан кейін 50%-ға (150$), екі ай шыдаса соңғы ақша мөлшері тағы 50%-ға (150$ + 0,5 х 150$ =225 $) артады. Бұл схема бойынша жарна төлеген салымшылар жаңа мүшелерді іздемейді, тек ақша алатын күнді тосады. Понзи схемасына қатысқан әрбір салымшы өзі өткізген ақшадан көп ақша алуды ғана ойлады. Ал ұйымдастырушы салымшылардың пирамида шотына өткізген ақшасының көп бөлігін иемденіп қалуға тырысты. Осылайша бір жылдай өмір сүрген Понзидің қаржылық мекемесінің салымшыларының легі азая бастаған кезде оның қол астында жұмыс істеген бұрынғы қызметкер «Бостон пост» газетіне оның қаржылық іс-әрекетінің нақты мақсатын суреттеп берді. Газетті оқыған салымшылар өз ақшаларын тезірек қайтарып алу үшін Понзи мекемесінің кассасына лап қойды. Шоттағы ақша салымшылардың шамалы бөлігінің қаржысын қайтаруға ғана жетті. Ал Понзи болса темір торға қамалды.
Кейбір қаржы мекемелерінің қаржы пирамидасына айналу эволюциясын зерттей отырып олардың екі тобын анықтадық. Бірінші топ бірден қаржы пирамидасының принциптері бойынша құрылады. Мысалға «МММ» АҚ, 2011 жылы сәуір айында Көкшетау қаласында пайда болған «КазРосИнвестПроект» ЖШС (Миллионерлер клубы) және т.б. қаржылық мекемелер жатады. Екінші топқа жататын қаржы институттары өздерінің жұмысы барысында, ондағы кейбір басшылықтағы адамдардың субъективтік іс-әрекеті негізінде біртіндеп қаржы пирамидасына айналады. Басында олар мемлекеттік заң аясында жұмыс істейтін компаниялар, қаржылық құрылымдар түрінде болады. Мысал ретінде атышулы Валют-Транзит банкті атауға болады. Үлескерлерді тақырға отырғызған кейбір үй құрылысымен айналысқан компаниялар да екінші топқа мысал бола алады.
Бұл мақала қаржылық пирамиданың даму және күйреу үдерісін математикалық және компьютерлік модельдер көмегімен бейнелей отырып, заңды түрде тіркеліп, жұмысын бастаған қаржылық құрылымдардың қандай жағдайларда «қаржылық пирамидаға» айналатынын және жалған қаржылық іс-әрекетпен шұғылданатын қаржы құрылымдарының елдің экономикасы мен халыққа тигізетін материалдық және моральдық зиянын ашып көрсету мақсатын көздейді.
А.ҚАРАТАЕВА, Н.МҰРАТҚЫЗЫ