Интернет-алаяқтық және қаржы пирамидалары сияқты қылмыстардың саны күн сайын артып келеді. Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтардың шегі жоқ екені мәлім. Біздің еліміздің ғана емес, Орталық Азия мен Еуропаның да сенгіш азаматтары бұр тұзаққа қайта-қайта түсуде.
Бүгінде интернет алаяқтарымен күрес жүргізу құқық қорғау органдарының негізігі қызметі саналады. Әккі алаяқтар ұрлық пиғылдарын заманауи технология, яғни смартфон, компьютер арқылы интернет желісін қолданушының қаражатын ұрлау бойынша жүзеге асырады. Осы күні көпшілік жекелеген қызмет түрлерін ғаламтор желісінен алуға бейім. Соның салдарынан алаяқтық қылмысының саны арта түсуде. Алаяқтыққа барған жандар әлеуметтік желі қолданушысының жеке ақпаратын алып, басқа тұлғалардың есеп-шотына қаражат аудару үшін әрекеттенеді.
Бөтен адамның мүлкін жымқыру, теріс жолмен алдау не болмаса заңсыз жеке бастың өзге де мүддесiне орай жымқыру, жою, бүлдiру көшіру бұл алаяқтық болып есептеледі. Жалпы қазіргі қоғамда алдау, сенімге қиянат жасау, біреудің ала жібін аттау, бөтен мүлікті ұрлау кең таралған қылмысқа айналып отыр. Оның ішіндегі қоғамға кері әсерін тигізіп жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі — ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ұялы телефонның әр жағында халықпен интернет арқылы кері байланыс жасап сауда-саттықпен қызмет көрсетіп, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр. Интернеттің арқасында күнін көріп жүрген алаяқтардың қылмыстық іс-әрекеті, әдіс-тәсілдері күнделікті өзгеріп, жаңарып отырады.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы екінші бөлігінің төртінші тармағында интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Аталған қылмыстың құрбаны болудан сақтану жөнінде қанша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, тұрғындар салымдар салу арқылы оңай олжа табу, басқа өңірлерден арзан затқа қол жеткізу мақсатында ақша аударымдарын жасап, алаяқтардың тұзағына іліну фактілері толастамай, үдей түсуде.Бұл фактілердің алдын алу үшін бірінші сақтық танытқан жөн. Сақтансан сақтаймын деген. Адам тек өзің-өзі ғана алаяқтықтан аман алып қала алады. Алаяқтың арбауына берілмей, сергелдеңге түсуден сақтану өз қолыңызда. Сақтансаң сақтаймын деген.
Дүние жүзі және ел аумағында орын алған пандемиялық ахуалдарға байланысты, көптеген қаржылық және өзге сауда айналымдары онлайн форматта жүзеге асты. Соның салдарынан әлеуметтік желілерде интернет-алаяқтардың саны күн санап артып, жәбірленушілер көбейді. Соңғы уақытта ғаламтор арқылы түрлі жарнамалар таратып, жеңіл жұмыс ұсынатын алаяқтар көбейді. Олар адамдарға сенімсіз сілтемелер жіберіп ақшаны еселеп беруге уәде етеді. Немесе екінші деңгейлі банктер мен ірі компанияларға инвестиция салу арқылы тез арада қаржыңызды көбейтіп, көлік немесе пәтер алуды ұсынады. Полицейлердің айтуынша интернет алаяқтар күн сайын ақша табудың жаңа әдісін ойлап табуда. Соңғысында олар, адамдардан екінші деңгейлі банк карталарын ашып, жалға немесе сатып алуға ұсыныс жасап жүр. Оның себебін, «крипто валюта алып-сатамын, сізге ешқандай зияным тимейді. Тек картаны бізге сатсаңыз болды» деп түсіндіреді. Алайда сол арқылы сіздің жеке мәліметтеріңізді иеленіп, басыңызға қара бұлт төндіретінін ескеріңіз. Шын мәнінде, банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері сізге қоңырау шалып жеке мәліметтеріңізді сұрамайды. Тез арада ақша еселеп, кезексіз пәтер немесе көлік алу мүмкін емес. Мұның бәрі алаяқтардың айласы. Аталған қылмыстың куәсі немесе құрбаны болған жағдайда бірден «102» арнасына хабарлаңыз.
Полиция қызметкерлері өз деректерін қылмыстық пайдаланудан қорғау үшін бірнеше кеңес берді:
– төлем картасының деректемелерін (жарамдылық мерзімі, CVV/CVS, ПИН-код) ешкімге бермеңіз және атамаңыз;
– SMS-тен кодтарды хабарламаңыз;
– біреудің өтінішімен мобильді банкингідегі телефон нөмірін өзгертпеңіз;
– мобильді банкингіден логин мен пароль бермеңіз;
– белгісіз біреулердің жіберген хаттарындағы сілтемелерге өтпеңіз;
– егер олар ресми сайттардан жүктелмеген болса, белгісіз бағдарламалар мен қосымшаларды орнатпаңыз.
Деректеріңіз зиянкестердің қолына түсті деген күдік туындаған бетте 102 нөміріне қоңырау шалу керек. Егер өзіңіздің шоттарыңызбен сіздің қатысыңызсыз операциялар жүргізіліп жатқанын байқасаңыз, дереу банктің байланыс орталығына хабарласыңыз.