Адамның өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлауына бірнеше себеп бар. Психиканың бұзылуы. Оған психикалық денсаулықтың негізгі жағдайлары, соның ішінде депрессия, мазасыздық, биполярлық бұзылыс және есірткі пайдалану жатады. Бұл жағдайлардың барлығы өз-өзіне қол жұмсау туралы ойды айтарлықтай арттыруы мүмкін. Бұл туралы nege.kz-ке сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі жазады.
Экономикалық тұрақсыздық және кедейлік. Суицидке баратындардың көпшілігі кедейліктің зардабына шыдамай, мәселені осы жолмен шешуді ойлайды. Олардың болашаққа деген үміті болмайды. Өзгелерге және банк алдындағы қарызы артып кеткен жағдайда өзін-өзі өлтіруді жиі ойлай бастайды.
Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі. Бұл мәселе де адам өмірін оп-оңай қия салуына себепші болып отырған фактор.
Қоғамнан оқшаулану, өзін керексіз сезіну. Өзін отбасына, достарына, жақындарына керексіз сезіну. Осылайша адам өзін айналасындағы адамдардан оқшаулап, жалғызсырай бастайды. Бұл мәселені дер кезінде шешіп, бетпе-бет сөйлесіп түсінуге тырыспаса арты қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін.
Өзіне жақын адамнан айырылу. Өзінің жанына жақын, ет жақынан айырылған адам өмірдің мәнін көрмейді. Енді ол адамсыз өмір сүру бекер деп ойлайды. Сол себепті де өзінің өмірін қиятын әрекетке барады.
Өзгелердің әрекеті. Басқа адамдардан жапа шегу, өзгелердің мазағына айналу немесе бір әрекетіне бола қоғамның сынына ұшыраудан қорқу. Бопсалау әрекеттері, буллинг те адамды суицид жасауға итермелейді.
Суицидтің алдын алу шұғыл және кешенді шараларды талап етеді. Шындығында кез келген суицидтік мінез-құлықты шартты түрде үш топтың біріне жіктеуге болады: шынайы, демонстративті, жасырын. Суицидтік ойлардың алдын алу үшін мемлекеттің, қоғамның және әртүрлі сала мамандарының көмегі қажет.