Интернет алаяқтар биліктің тосқауылынан тартынар емес. Депутаттардың бұл тақырып аясында бірнеше депутаттық сауал жолдағанын, заңға бірқатар өзгеріс енгізілгенін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz-ке сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпарттық агенттігі.
«Мәселен, ең әуелі микрокредиттік ұйымдарда несие алу мәселесі бойынша барлық деңгейді пысықтадық. Биометриядан бастап азаматтың бүкіл ақпаратын жан-жақты тексеруді енгізген болатынбыз. Қазір бұл өзінің нәтижесін беріп отыр. Бүгінде онлайн несиені үшінші азаматқа рәсімдеу көрсеткіші бұрынғыға қарағанда өте қатты төмендеген», – деді депутат.
Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, соңғы уақытта жасанды интеллектіні пайдалану арқылы алаяқтықтың жаңа түрлері пайда бола бастады. Бұдан бөлек ол танымал блогерлердің желі арқылы гивтер ұйымдастырып, көліктерді лотореялық билет арқылы сатуы секілді заңсыз әрекеттер жасалып жатқанын жеткізді. Ол бұл мәселеде де күресті күшейту қажет екенін атап өтті.
«Алаяқтармен күресті тоқтатпаймыз. Бұл әрдайым біздің күн тәртібімізде болуы тиіс. Алаяқтықтың тағы бір түрі – Telegram бот арқылы азаматтарға түсініксіз смс-тердің жолдануы. Егер адамдар бұл хабарламаларға жауап беретін болса, олардың телефонындағы ақпараттың бәрін алаяқтар заңсыз көшіріп алады», – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Тағы бір Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев интернет алаяқтыққа қатысты 15 мыңға жуық дерек тіркелгенін, келтірілген залал көлемі 11 млрд теңгеден асқанын айтқан болатын.
Осы орайда Ішкі істер министрлігі цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікке қатысты бірқатар кеңес берді.
«Интернет арқылы тауар сатып алмас бұрын ең әуелі нақты тауардың бар екендігіне көз жеткізу қажет, алдын ала төлем жасауға болмайды. Инвестициямен айналысқыңыз келсе, тексерілген брокерлермен ғана жұмыс істеген жөн. Бұл туралы мәліметтерді gov.kz сайтынан алуға болады. Қаржылық шот бойынша операциялар ешқашан телефон арқылы жүргізілмейді. Банк немесе полиция қызметкерлері деп өздерін таныстырған адамдарға сенбеу қажет. Күмән тудыратын сілтемелер бойынша өтпеген дұрыс. Сонымен қатар ПИН-код, пароль мен құпия сандарды ешқашан бөтен адамдарға айтпаңыз», – делінген жауапта.