Халық қазынасы – жерге байланысты тұрғындар базынасы артып келеді. Мал бағатын жері тарылған ауылдарда ел іші екіге жарылуға дейін барып жатқан жағдайлар да кездесіп отыр. Мал жаюға жер таппаған ауылдағы ағайынның сұранысын білмек ниетте «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» республикалық комиссиясының өкілдері Түркістан облысының тұрғындарын тыңдау мақсатымен Қазығұрт ауылында қоғамдық қабылдау өткізді.
Айта кету керек, Түркістан облысы еліміз бойынша халық саны ең көп өңірлердің бірі. Сегіз жүзден астам елді мекені бар Түркістан өңірі халқының сексен пайызға жуығын ауыл халқы құрайды. Яғни, алақандай жер – егін салған, мал баққан ағайынның ең негізгі күнкөріс көзі.
Мал басының көбеюі қосымша жайылым мен мал азығын өсіретін алқаптарға деген сұранысты арттыратыны белгілі. «Жер аманаты» республикалық комиссия төрағасының бірінші орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов, комиссия төрағасының орынбасары – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек, комиссия мүшесі – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан өткізген қабылдауға келген азаматтар аграрлық салаға арқа сүйеген аймақтың әр қиырында кездесіп отырған жайылым түйіндерін тарқатып беруге жәрдем сұрады.
Комиссия өкілдерінің қабылдауына келген Түлкібас ауданының тұрғыны Жуатбек Даубаев ауданның басым бөлігі табиғи қорғау аймағына жатқызылып, мал бағатын өріс қалмағанын алға тартты. Қария көтерген мәселе жер пайдалануды реттеу тәртібін жетілдіруді талап ететіні ескеріліп, Мәжілістің алдағы Парламенттік отырысында аудан тұрғындарының сұранысын тыңдау жөнінде ұсыныс берілетіні айтылды. Қазығұрт ауданының тұрғыны Мақсат Баратбаев көтерген Еңбекші елді мекенінің жайылым қорын ұлғайту мәселесін жергілікті әкімдік тікелей бақылауына алып, тиісті шешім қабылданатын болды. Ал осы ауданның Алтынтөбе елді мекені бойынша азамат Қаржан Бекболат көтерген 150 гектар жайылымдық алқапқа байланысты даулы мәселені республикалық комиссия өкілдері бақылауына алып, шағымда көрсетілген деректерді мұқият зерделейтін болды.
Тұрғындардан түскен жазбаша сұраныстардың барлығы жеке-дара қарастырылып, өтініш иелеріне қысқа мерзім ішінде тиісті жауаптар беріледі. Комиссия Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын жайылымдық алқаптарды ортақ игілікке қайтаруда тұрғындармен етене жұмыс жүргізуді алдағы уақытта да жүйелі жалғастыратын болады.