Жер – ауыл жұртының басты тірегі. Жер пайдалануға қатысты қордаланған мәселеде жайылым тапшылығын еңсеру маңызды қадам болып отыр. Жылдар бойы шешімін таппай келген түйінде «AMANAT» партиясының бастамасымен сең қозғалды. Мемлекет «Жер аманаты» республикалық комиссиясын құру арқылы елдегі жер пайдалану үдерісін реттеуді қолға алды.
Комиссияның қызмет мәнін, құзырет шеңберін және бағыт-бағдарын жұртшылыққа жеткізуде және ауыл-аймақ тұрғындарының жерге байланысты базынасын тыңдау үшін «Жер аманаты» комиссиясының өкілдері Түркістан облысының Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барды. Комиссия төрағасының бірінші орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов, комиссия төрағасының орынбасары – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек, комиссия мүшесі – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Шарбұлақ ауылында өткен кездесуде Қазығұрт, Төлеби, Жетісай, Сарыағаш аудандарының тұрғындарымен жүздесті.
Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласындағы іргелі өндіріс орны «Сапа-2002» ЖШС-нің өндіріс алаңында өткен кездесуде ҚР Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы М.Теміржанов заңсыз жекешеленген, мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ортақ қорға қайтаруда мемлекеттік органдар функциялары қайта қарастырылып, құзыреттілігі күшейтілгенін жеткізді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек «Жер аманаты» комиссиясының ықпалымен 10 млн.-нан астам ауылшаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып, ауқымы кең жұмыстар жүргізілгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы жария еткен Әділетті Қазақстанды құру заңның үстемдік құруы, жер ресурстарының әділетті түгенделуі есебінен жүзеге асатынын жеткізді.
”Парламент Мәжілісі «Жайылымдар туралы» заң жобасын әзірлеп, Сенаттың қарауына ұсынды. «Жер аманаты» Республикалық комиссиясы тарапынан заң жобасының нормаларына қоғамдық жайылым ұғымын енгізу ұсынылды. Яғни, қоғамдық жайылым деп танылған жерлер бұдан былай аукцион арқылы сатылымға түспейтін болады. Орман қорына жататын кейбір аймақтарға қатысты жайылымды басқару жоспары түзіліп, қабылданатын болады. Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру конкурсының талаптарына да заң жүзінде бірқатар нақты шектеулер енгізіледі. Мұның бәрі ең алдымен ауыл халқын жайлымдық жермен қамтамасыз етуді көздейді», — деді Бақытжан Жұмабекұлы.
Түркістан облысында жер мәселесі өте өзекті болып табылатынын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан да айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановқа «Жер аманаты» комиссиясы арқылы заңсыз жекешелендірілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде пәрменді жұмыстар атқаруды тапсырғанын айтты. Күш біріктіру мен орнықты ұстанымның нәтижесінде бұл міндет жүйелі іске асып жатқанын мәлімдеді.
”AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев «Жер аманаты» бойынша Түркістан облысында қайтарылған жердің үлесі 1,3 млн. гектарға жеткенін жария етті. Былтырғы жылдың өзінде 335 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылып, партияның Сайлауалды бағдарламасының Жол картасында белгіленген жылдық жоспар толығымен орындалғанын атап өтті.
Кездесу барысында тұрғындар жер мәселесі бойынша аймақтарда туындап жатқан өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Төлеби ауданынан келген тұрғындар Қаратөбе ауылдық округінде жекеменшіктегі пайдаланылмай жатқан жерді ортақ игілікке қайтарудың тиімді құқықтық жолдарын қарастырып беруді өтінді. Жетісай ауданынан келген қария ауданда талай жылдан бері тартысқа түскен, бірнеше сот процесстерінің қарау нысаны болған 1 мыңнан астам гектар жерді ауыл тұрғындары арасында теңдей бөліске салу мүмкіндігін сұрады. Қазығұрт ауданының тұрғыны кезінде пай үлестерін мемлекетке өткізген азаматтар тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін кезексіз алу құқығына ие бола ала ма деген сауалмен жүгінді. Ал Сарыағаш ауданынын келген азамат осы ауданда 289 гектар алқапты ғылыми зерттеу институты жалға алып, егін саламын деген тұрғындарға өзі белгілеген баға бойынша жалға беріп отырғанын жеткізді. Субарендамен күнелтіп жатқан ұйымнан жер қорын қайтып алып, дихандарға үлестіріп берудің құқықтық тетіктерін сұрады.
Жер қатынастары саласындағы тәжірибелі заңгер ретінде тұрғындар сауалдарына жауап берген Мәжіліс депутаты Б.Базарбек әрбір мәселе қолданыстағы құқықтық нормаларға қайшы келмеуі керектігін айтты. Азаматтар уәкілетті органға жолдаған шағымын қосымша Республикалық жер комиссиясына жолдауға құқылы екенін жеткізді. Сот шешімінің күшін жою тек құқықтық тәртіппен іске асатынын ерекше атап өтті. Азаматтардан нақты заңсыздық фактілері көрсетілген шағым түскен жағдайда республикалық комиссия өзіне бекітілген құзырет шеңберінде барлық мән-жайды анықтау жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеді.
Кездесу қорытындысында ресми өкілдер «Сапа-2002» ЖШС-нің ауылшаруашылығы саласындағы өсімдіктердің элиталық тұқымдарының қорымен, өндіріс орны шығарып жатқан сүт өнімдерінің ассортиментімен, өсімдік майының түрлерімен, мал азығы және құрама жем сұрыптарымен танысты. Серіктестіктің техникалық паркін аралап көрді.