Бүгінде ұлттық құндылығымыз – баға жетпес адам өмірін сақтауда, олардың толыққанды күшпен еңбек етіп, шығармашылықпен айналысуында, сондай-ақ қоғамның белсенді мүшесі болып табыла білуінде медицина қызметкерлерінің атқаратын істерінің маңызы зор деп білеміз. Осыған орай, мекеменің бүгінгі жай-күйімен танысу мақсатында Түлкібас бастапқы санитарлық көмек көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Тұранқұлова Ақмарал Қалдыбекқызын арнайы әңгімеге тартқан болатынбыз. Керейт ауылының тумасы,білікті дәрігер жайлы жылы лебіздерді жиі естігендіктен де оқырманға ол жайлы жақынырақ таныстыруды жөн көрдік.
-Ақмарал Қалдыбекқызы, өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ?
— 2010 жылы Астана қаласы медициналық университетін тәмамдадым. Еңбек жолымды Астана қаласындағы №5 емханада жұмыс жасап бастап, одан Астана қаласының Ішкі істер бөлімінің емханасында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқардым. 2018 -2022 жылға дейін Түркістан облысы Түлкібас ауданы Азаттық елді мекенінде дәрігерлік амбулатурасында аға дәрігер болып жұмыс жасадым. 2022 жылдан бастап Түлкібас бастапқы санитарлық көмек көрсету орталығында бөлім меңгерушісі болып қызмет етіп келемін.
— Осы мекемеде қанша денсаулық саласының қызметкерлері еңбек етуде?
-Түлкібас бастапқы санитарлық көмек көрсету орталығында 104 қызметкер жұмыс жасайды. Қазіргі таңда Иірсу, Кемербастау, Күмісбастау, Майлыкент, Көктерек, Алғабас, Мәнтай Жәрімбетов, Елтай және Түлкібас ауылдық 9 елді мекенге қызмет көрсетеді. Сондай-ақ осы жылы 14 қыркүйек күні аудандық аурухана басшысы Жанат Есенғалиқызы, емхана жөніндегі орынбасары Жансұлу Маякқызы, ана мен бала бөлімінің басшы орынбасары Замира Серікқызының басшылығымен стандартқа сай аудандық аккредитация өтті. 1-ші категорияны алдық. Бұл жақсы көрсеткіш. Жылдың басында берілген кмис (скрингтік) жоспарлар жүзеге асырылды.
– Қазіргі таңда Түлкібас кентінде тіркелген қанша науқас бар, оларға толыққанды медициналық көмек көрсетілеме?
-Биылғы жылғы күздік санақ бойынша 14622 тіркелген тұрғын саны бар. Оның ішінде жұмысшылар 3487, жұмыссыздар 3213, зейнеткерлер 1467, студенттер 545, Жасөспірімдер 966, оқушылар 3382, мектеп жасына дейінгі балалар 1652 науқастарға медициналық-санитарлық көмек көрсетеміз.
-Дәрігерлердің қызметін сапалы ету мақсатында оларға қандай қолдаулар көрсетілуде?
-Дәрігерлердің науқастарды қабылдауын және қызмет сапасын арттыру мақсатында ақпараттық жүйелермен тиімді жұмыс жасау үшін интернет жылдамдығын көбейтіп, компьютерлермен қамтасыз етілді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында оқу орнынан тәжірбие алмасып, оқуға жіберіліп жатыр. Осы жылы бізден 3 дәрігер, 12 медбике оқып келді.
-«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша медицина саласында жұмыспен қамтылған жас мамандар бар ма?
-Біздің емханада бағдарлама бойынша 3 жас маман қызмет жасауда.
— Ана мен баланы қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?
-Қазіргі таңда ана мен бала өлімі айтарлықтай азайды. Бізде әмбебап прогрессивті патронаж үлгісі бойынша жұмыс жасалынып жатыр. Ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында фертильді жастағы яғни 15-49 жас аралығындағы әйелдердің денсаулығын қадағалап, профилактикалық тексерулер жоспар бойынша орындалуда. Анықталған сырқаттары диспансерлік есепке алынып, емдік шаралар жүргізілуде.
-Цифрландыру денсаулық сақтау саласында да жүргізілді ғой. Игілігін көріп жүрсіздер ме?
-Әрине, біршама реттеліп қалды.
— Науқастар көбіне қандай ауруға шағым айтып келеді?
-Қант диабеті, инсульт, инфаркт, әр түрлі жарақат түрлері. Ауырып ем іздегеннен, ауырмаудың жолын іздеген абзал. Асқазанды үшке бөл деген дана пікір барғой. Ауа,су, тамақ қабылдау балансын сақтау керек. Дұрыс тамақтану керек. Салауатты өмір салтын ұстану жоғары болу керек.
-Өмір сүрудің сапалық деңгейі халықтың материалдық, әлеуметтік және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру дәрежесімен сипатталады. Ауруханада ем алушыларға қаншалықты жағдай жасалған, қандай цифрлы технологияны қолданасыздар?
— Ауруханамыз толықтай цифрлық технологиямен қамтылған. Тіркеу, қабылдау, шақыру «Damumed» жүйесімен жүзеге асырылады. Арнайы мамандар КМС арқылы лаборатория, рентген, флюрография секілді тексерістерген қабылдауға жазады. Арнаулы маман компьютер арқылы қай адамның қашан қаралатынын бақылап отырады.
-Қызмет барысында түрлі жағдайлар болып жататын шығар. Мысалы ашулы науқаспен қатынас жасағанда байыпты болуы үшін дәрігерге қандай қасиет керек?
-Сабыр(күліп) Шынында, адам ауырған шақта мінезі өзгеріп, эмоциясын басқара алмайтын халде болатыны заңдылық. Науқас адам, дерті жанына батқанның жанның жүрегі нәзік келеді. Сол себепті жылы қабақ тынытып, көңілді марқайтар сөзімізді арнауға тырысамыз.
-Алда атқарылар ауқымды істеріңіз болса, оқырмандарыңызбен бөліссек…
-Бізде бәрі жоспармен жасалады. Алдағы уақытта скринг мәселесі бойынша жоспармен жылдың басы мен аяғына дейн жұмыс жасаймыз.
-Дәрігер ретінде тұрғындарға қандай кеңес айтар едіңіз?
-Дәрігер ретінде айтарым, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей салауатты өмір салтын ұстану, ол дегеніміз дұрыс тамақтану, белсенді дене қимылы.Скринингтік тексерулерге емхана келу. Қандайда бір денсаулық жөнінде шағым болса дәрігерге келіп қаралу қажет екенін аудан тұрғындарының назарына саламын.
-Сырлы сұхбатыңызға көп рахмет!
Түйіндей айтқанда, медицинадағы ауыр жүкті арқалайтын негізгі буын ретінде Ақмарал Қалдыбекқызы сынды дәрігерлер науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қоятын, олардың сапалы ем алуын тікелей қадағалайтын адам жанының жанашыры іспетті. «Дәрігер айбатты, қимылы иекемді, жүрегі мейірімді болуы керек» деген халық даналығы бүгінгі кейіпкерімізге қарата айтылғандайма дерсіз.
Сұхбаттасқан: Күн НҰРЫ