Бүгін «Фараб» кітапханасында мәдениет майталманы, кітапхана ісінің ардагері Пернекүл Нәлтаевамен «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесу кеші өтті.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы ашып беріп, кейіпкерге басқарма басшысының атынан құрмет көрсетті. Сондай-ақ ашылуында облыстық мәслихат депутаты, айтыскер Бекарыс Шойбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Айдар Сейдазым және «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова кейіпкерге жылы лебізін білдірді.
Арнайы жасақталған көрме-инсталляциясы көпшілікке таныстырылды. Содан соң кейіпкер жайлы бейнеролик ұсынылды. Шараны белгілі драматург Сая Қасымбек жүргізіп отырды. Жиналған көпшілік Пернекүл Сейтбекқызына жылы лебізін білдіріп, сый-сияпат жасады. Шара барысында кеш кейіпкерінің отбасы ән шырқап, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті.
Айта кетейік, Пернекүл Нәлтаева 1963 жылы 26 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы Талап елдімекенінде дүниеге келген. 2001 жылдан бастап Түркістанның мәдениет саласының дамуына аянбай еңбек етуде. 2022 жылы тамыз айында Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасына бұқаралық көрмелік іс-шаралар бөлімінің меңгерушісі қызметіне қабылданған күннен бастап түрлі іс-шараларды ұйымдастыруда үлкен шеберлік танытып келеді. Қаншама ұлы тұлғалардың, қарапайым еңбек ардагерлерінің, өнер майталмандарының шығармашылық кештерін өткізіп, түркістандық қауымның алғысына бөленуде. Осы еңбегінің арқасында түрлі марапатқа ие болып, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен мараппатталды.