Кентау қаласының мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
Бүгінде Кентау қаласында 4 ауыл, 2 елді мекен, 416 көше, 23 жалпы орта мектеп бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысына сәйкес Кентау қаласындағы өзгертуді қажет ететін идеологиялық тұрғыдан ескірген Байылдыр ауылында-4, Хантағы ауылында-1, нөмірленген 9 көше бар. Қарнақ ауылында -113 көшенің атауын өзгерту және заңдастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.
Заңға сәйкес қажетті құжаттар жинақталып қала әкімі және қалалық мәслихаттың бірлескен шешімі шықты. Құжаттар облыстық салалық басқармаға ұсынылып, республикалық ономастика комиссиясына жолданды.
Жалпы биылғы жылға мәдениет саласы мекемелерінің материалдық базасын нығайту, Кентау қаласы және оған қарасты ауылдарда атаулы мерейтойлы даталарға арналған іс-шаралар өткізу, 2023 жылы мәдениет және тілдерді дамыту саласында қала, облыс көлемінде жаңа форматтағы заман талабына сай іс-шаралар ұйымдастыру, Кентау қаласынан шыққан ақын-жазушылардың еңбектерін насихаттау, кездесулер ұйымдастыру, облыстық, аймақтық деңгейде сұранысқа сәйкес түрлі форматта байқаулар ұйымдастыру, республикалық, облыстық байқауларға өнерпаздардың қатысуын қамтамасыз ету жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, осы жылы Хантағы шығармашылық үйінің ашылу рәсімін ұйымдастыру көзделген.
Тілдерді дамыту саласында қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік қызметкерлер арасында ресми құжаттарды сауатты толтырудың оқыту әдістемесі бойынша қысқа мерзімді курс ұйымдастыру, этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл-менің тілім», «Мен қазақша сөйлеймін» тақырыптарында байқау, акция ұйымдастыру, «Сауатты жарнама-тіл тазалығының айнасы» тақырыбында жеке кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдерімен кездесу, түсіндірме-насихат жұмыстарын ұйымдастыру, қаладағы атауы жоқ, қайталанатын көшелерге атау беру, қайта атау бойынша сараптама жасап, облыстық ономастика комиссиясына ұсыныс жолдау, жыл қорытындысымен мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін және тіл жанашырларын марапаттау жоспарланған.
Клуб әкімшілік ғимаратында орналасқан…
Әрине, Кентауда мәдениет саласында шешімін күткен мәселер жоқ емес. Мәселен, бүгінде Қарнақ ауылында клубтың ғимараты апатты деп танылып, клуб өз жұмысын әкімшілік ғимаратында жалғастыруда. Қарнақ ауылы тұрғындар саны 15420 адамды құрайды. Қарнақ ауылында 300 орындық мәдениет үйі құрылысының жобалық сметалық құжаты әзірленді. Құрылысының жалпы құны 1 350 047,0 мың теңгені құрайды. ЖСҚ мемлекеттік сараптама қорытындысы 22.02.2023 жылы №19-0077/23 шыққан. Сала мамандары қазіргі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаржы қарау мақсатында облыстық салалық басқармаларға тиісті құжаттар ұсынылғанын айтады.
Облыста бүгінгі таңда ауыл мәдениетін жандандыру бағытында ауқымды жобалар қолға алынбақ. Солардың бірі ретінде өңірлердегі мәдениет үйлері мен клуб мекемелерінің еңбегін насихаттау, жандандыру бағыттында «Мәдениеті ауылдың» танымдық бағдарламасы, «Ұлттық мұра жаршысы» деректі фильмдер топтамасы, «Түркістан мақамдары» оқу-әдістемелік семинарлары тұрақты түрде ұйымдастырылып, түрлі бағыттағы байқаулар мен фестивальдер өткізіле бастағанын айтуға болады. Қазіргі таңда облыста 251 мәдениет үйі мен клуб мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Апатты жағдайда тұрған 7 ауылдық клуб бар, 32 ауылдық клуб ғимараты күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Музыкалық аппаратуралары мен сахналық киімдері мүлде жоқ клубтар да аз емес. 45 клуб мекемесінің жалдамалы жекеменшік ғимараттар мен мектептерде отыруы осы саладағы жұмыс көрсеткішін төмендетіп отыр.
Мәдениет ошақтары жоқ елді мекендерден 2022 жылы «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында 14 ауылдық мәдениет үйі (кітапханасымен бірге) ғимаратының құрылысы басталып, олар биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды қолдау жөніндегі тапсырмасы аясында мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру бағытында іске асырылуда.
– Ауыл мәдениетін көтеруде, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, жастарға тәрбие беруде мәдениет ошақтарының маңызы зор. Осыған байланысты мемлекет тарапынан, облыс әкімдігі тарапынан да рухани-мәдени саланы өркендетуге зор көңіл бөлініп келеді. Соңғы он жылда барлық мәдениет ошақтары жетекшілерінің басы қосылған мұндай кездесу мүлде өткізілмеген.
Қазіргі таңда ауылдағы мәдениет үйлері мен клубтардың басым көпшілігінің материалдық-техникалық базалары талапқа сай емес, ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан, жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Екі мыңнан көп тұрғыны бар 94 елді мекенде мәдениет ошақтары жоқ. Бұл елді мекендерде мәдени бағыттағы жұмыстар жүргізілмейді деген сөз. Өңірлерде кездесіп жатқан келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін халықтың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру аса маңызды. Осы бағытта сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Лайықты жұмыс істеу үшін мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлу керек. Соңғы жылдары бұл бағытта қаржы қарастырмаған әкімдіктер де бар. Бұл – жергілікті жердегі мәдениет ошақтарына тиісті деңгейде қолдау көрсетілмей отыр деген сөз. Сондықтан, жергілікті әкімдіктер мен бөлім басшылары осы мәселеге көңіл бөлу керек. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен елді мекендердегі мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру, таланттарды таныту мақсатындағы жұмыстарға басымдық беріп отырмыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, ауыл мәдениетін көтеру үшін қыркүйек айынан бастап ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың облыстық байқауы басталады. Келесі жылы «Мәдениетті ауыл» фестивалі ұйымдастырылып, үздік шыққан елді мекендерге қомақты сыйлықтар табысталады.Сондай-ақ, «Көшпелі кинотеатр» жобасы қолға алынып, өңірлердегі мәдениет үйлерінде тарихи кинолар, анимациялық фильмдер және отандық кино туындылары көрермен назарына ұсынылады. Бұл – халықтың бос уақытын тиімді пайдаланып, отандық туындыларға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, тұрғындарды мәдениет ошақтарына тартуға бағытталған бірегей жоба болмақ.