Бүгін Түркістанда дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өтті. Мәдениет пен өнерді ұлықтаған бұл шарада Отырар мен Жетісай аудандары өзара сынға түсті. Қазылар алқасының шешімімен отырарлық өнерпаздар келесі кезеңге жолдама алды.
Шығармашылық ұжымдар көрерменге ұлттық болмыс пен өнердің сан қырын көпке ұсына білді. Түркістанның төрінде өткен думанды кеш қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Олар ақындар айтысы, дәстүрлі терме, ұлттық аспаптар ансамблі, эстрадалық ән, би өнері, вокалды-аспаптық топтар, «Ауылдың алты ауызы» (әжелер ансамблі), салт-дәстүр көріністері сынды жанрлар бойынша бақ сынады.
Фестиваль аясында Әділхан Мәлік, Бақыт Сраилов бастаған өңір мақтаныштарының туындылары, қолөнер шеберлерінің көрмесі, ауданның жетістіктері мен кітап көрмелері де көпшілік назарына ұсынылды. Көрме мен қойылымдар ұлттық рух пен мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Биылғы фестиваль ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар өзара сынға түсіп, үздіктер келесі айналымға өтеді. Ақтық кезеңде ең үздік өнер ұжымдары анықталатын болады. Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы жанрлық ерекшелік, ұлттық нақыш, сахналық мәдениет пен ұйымдастырушылық деңгей бойынша бағалайды.
Фестивальде қазылар құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, ақын, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушысы Әлімбай Ботақараев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының хореограф маманы Ақниет Әмзехан бар.
«Өнерлі өлке» фестивалінің басты мақсаты — ұлттық мәдениет пен халық шығармашылығын дамыту, жас ұрпаққа рухани тәрбие беру, Түркістанның мәдени-туристік әлеуетін арттыру.
Айта кетейік, фестиваль Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Облыстық мәдениет басқармасы және Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мамыр-шілде айлары аралығында өтеді.