Отырар ауданында бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы спорттық шаралар назардан тыс қалған емес. Бүгінде аудан азаматтарының да қолдауымен спорт алаңшалары ашылып, жастардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда.
Шәуілдір ауылындағы Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде ауыл азаматтарының демеушілігімен жаңа спорт алаңы ашылып, пайдалануға берілді. Аталған шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов арнайы қатысып, ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген жандарға шынайы алғысын жеткізді.
– «Ауылына қарап азаматын таны» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Киелі Отырар ауданының өсіп-өркендеуі, гүлденуі — осы ауылдан шыққан ел ағаларының туған жеріне деген ыстық ілтипаты мен адал еңбегінің арқасы деп білемін. Бүгінгі спорттық нысан ауыл жастарының дені сау болып өсуіне, спортпен шұғылдануына, осы ауылдан талай чемпиондардың шығуына себепкер болады деген сенімдемін, — деді Сәкен Асылханұлы.
Шараға келген қонақтар спорт алаңын аралап көрді. Алаңда футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының ойыншылары Бауыржан Исламхан, Абылайхан Жұмабек және Мұхаммеджан Сейсен ала доп ойынынан шеберлік сағатын өткізіп, футбол жанкүйерлеріне негізгі әдіс-тәсілдерді көрсетті.
Сонымен қатар, 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында жолдастық кездесу өтіп, сайыс соңында жеңімпаздар марапатталды.