Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастардың бос уақытын тиімді өткізуі, салауатты өмір салтын қалыптастыру және достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Денсаулық – зор байлық» тақырыбында үстел теннисінен ашық ойын өткізілді.
Аталған іс-шара жастар көп шоғырланатын демалыс орны – Амфитеатр маңындағы музыкалық субұрқақ жанында ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен бұл шарада орталық қызметкерлері көше бойымен өтіп бара жатқан жастарды үстел теннисі ойнауға шақырып, белсенділік танытты. Жастар спорттық ойынға үлкен қызығушылықпен қатысып, өзара тәжірибе алмасып, бос уақыттарын пайдалы әрі көңілді өткізді.
Үстел теннисі – екі немесе төрт адам арасында арнайы үстелде ойналатын спорт түрі. Ойын шарды ракеткамен соғып, қарсыластың жағына өткізу арқылы ұпай жинауға негізделген. Бұл спорт түрі жылдамдықты, ептілікті және шапшаң шешім қабылдауды талап етеді. Сонымен қатар, үстел теннисі дене қозғалысын жақсартып, ой сергектігін арттыратын пайдалы ойындардың бірі болып саналады.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында бұқаралық спортты насихаттап, денсаулықтың маңыздылығын арттыру және олардың ынтымақтастығын нығайту болып табылады.