Бүгінде жастар саясаты тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табыстарға жете алады. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді пайдалана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Сондықтан да елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге араластыру мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып келеді.
Қазақстанның болашақтағы даму жолы жас ұрпақпен тікелей байланысты. Бұл туралы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев «Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады. Ұлт болашағы – білімді, бәсекеге қабілетті жас ұрпақтың қолында!» деген болатын. Сондықтан, жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқаратынын негізге алып, 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Бұған дейін де елімізде жүргізіліп отырған жастар саясаты бойынша жастарға үнемі қамқорлық, білімді жастарға қолдау көрсетіліп келген. Бұл айтылғандар таңдап алынған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Бұл мақалада мен жастардың рухани, мәдени білім алып, кәсіби және дене бітімінің толыққанды дамуы, шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау үшін елімізде қандай жағдайлар жасалынып, қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айта кетсем деймін.
Тұрғындарды еңбекпен қамту, оның ішінде жастарды жұмысқа орналастыру арқылы қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға болады. Осы мақсатта ҚР Үкіметінің бағдарламаларын уақтылы орындау маңызды. Сондықтан Қазақстан жағдайында мемлекеттік әлеуметтік саясатты жетілдіру үшін «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясаты бағдарламасы маңызды құжат болып саналады. Осы бағдарламада көрсетілген атқарылуға тиісті жұмыстардың барлық деңгейде орындалуы жоғарыда айтылған мәселелерді шешуге, әлеуметтік саясатты жетілдіруге негіз болмақ.
Елімізде қазіргі таңда әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталғандығы белгілі. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, мемлекет жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасаудың барлық шараларын қолдануда. Мысалы, студенттерге жол ақысына жеңілдік беру, еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікпен ипотекалық несиелеу, жас мамандарды жұмыспен қамтудағы жеңілдіктер, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектер, жетім балаларға және мүгедек жандарға көрсетілетін көмек түрлерін атап өтуге болады.
Жастар жылына орай өткен жылы Түркістан шаһарында еліміздегі ең алғашқы көп функционалды жастар орталығы ашылды. Бұл орталықтың міндеті – жастарды білімге, ғылымға, инновациялық жобаларға бағыттау, оларды оқытып, үйрету. Орталық жастардың барлығына заманауи үлгіде жабдықталған, тегін вай-фай, ғаламтор сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етілген «Сo-working» орталығы, яғни арнайы жұмыс алаңы қызметін бастады. Кез келген жас азамат осы Түркістан қаласында өз ісін ашып, кәсіпкер болғысы келсе, қымбат кеңсе жалдаудың қажеті жоқ, осы жерден оған тегін жұмыс орны беріледі. Яғни, жастар орталығы жастардың кәсібінің аяққа тұрып, дамып кетуіне атсалысатын болады. Айта кету керек, облыстық Жастар ресурстық орталығына үш қабатты 1500 шаршы метрлік ғимарат беріліп, жастар үшін барлық жағдай жасалуда. Орталық жанында IT park, «Сo-working» орталығы, «Жастарды кәсіпкерлікке бейімдеу» бөлімі, «Саяхатшылар қауымдастығы» және еріктілер тобының бөлімі жұмыс істей бастады. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы жастардың шет тілін жетік меңгеруі үшін аталған көп функционалды орталықта шет тілдер мектебі тегін жұмыс істейді. Онда бірінші кезекте ағылшын, орыс, түрік, қытай тілдері үйретіледі. Сондай-ақ, ауылды жерлерден дарынды жастарды іздестіріп, оларды білімге тартып, қазіргі заманауи талаптарға сай коммерцияландыруға бейімдеу қажет, орталық осы мәселелерді шешуге жағдай жасайды.
Жалпы, мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік тудыруы тиіс. Жастар өмірдегі өзінің жеке табысын іздей отырып, өз халқы мен Отанына пайда келтіретіндей азаматтар болуы тиіс. Халыққа пайда келтіру үшін жастардың қазіргі уақыт талаптарына сай кәсіптік білімі, дені сау, әрі адамгершілігі мол, бәсекеге қабілетті, патриот және әлеуметтік тұрғыдан жауапкершілігі мол болуы тиіс.
Бүгінде Түркістан облысында жастардың саны 501 мыңнан асады. Оның ішінде қала жастары – 86 416, ауыл жастары – 414 953.
Қазіргі кезде қоғамда NEET жастар деген ұғым қалыптасты. Олар еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін жастар санатында. Осы санаттағы жастардың көрсеткіші өңірімізде 10,7 пайызды құрап отыр. Өткен жылы өңірде 19 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 266 жұмыс берушіден 953 бос жұмыс орындарына ұсыныс түсіпті. Нәтижесінде 102 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. «Серпін-2050» бағдарламасына 9 313 жас қамтылды. Бұл республика бойынша білім алып жатқан жастардың 50 пайыздан астамын құрайды. Осы бағдарлама аясында 440 жас оқуын бітірді. Оның ішінде 63,3 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жыл сайын 1275 жас жұмыспен қамтылуда. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 913 жас маман жұмысқа орналасып, 314 маман баспаналы болды.Жастарды жұмыспен қамту мен жұмыссыздықты төмендетуде білім деңгейі маңызды рөл ойнайды. Тәжірибеге сүйенсек, жоғары білім салыстырмалы түрде жоғары табыс, жақсы жұмыс табуға мүмкіндік береді.
Осы орайда, 2021 жылдың соңындағы дерек бойынша, Қазақстандағы жұмыс істеп жүрген 2,1 миллион жастың жоғары білімі бар, яғни, ел жастарының 60 пайызы жоғары оқу орнын бітірген. Жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар жастардың арасында жұмыссыздық деңгейі – 3,3%, орта және кәсіптік (арнайы) білімге ие жастар – 4,2%, ал, негізгі, орта, жалпы, бастауыш білімге ие жастардың арасында жұмыссыздық – 4,8 пайызды құрайды.
Жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең әлжуаз, осал буыны, ол қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Жастардың жағдайы мен көңіл-күйіне бірінші кезекте еңбек нарығында жұмыс орындарының жетіспеушілігі әсер етеді. Жастар әрқашан «дүниеге кірпіш болып қалануға» ұмтылады, алайда, кейде өмірден өз орнын таба алмай жатады. Осыдан келіп қоғамнан жырақтау, суицидке бейімдік секілді проблемалар туындайды.
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың тағы да бір қауіпті жағы – жұмыссыз жастардың экстремистік және террористік топтарға тез еріп кететіндігі. Бүгінде халықтың осал топтарын, әсіресе жұмыссыз жастарды деструктивті құрылымдарға әлеуметтік желі немесе қолма-қол қаржылай көмек көрсету арқылы тартудың түрлі тәсілдері бар.
Тағы да бір айта кететін мәселе, өкінішке қарай, білімді жастар көбіне мемлекеттік қызметті емес, бизнес саласын таңдап немесе шет елдерге ақша табуға кетіп жатыр. ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің ақпараты бойынша, 2022 жылы елімізден кеткен 40 мыңға жуық адамның 10250-інің кемінде магистр академиялық дәрежесі бар. Олардың қатарында білікті техникалық мамандар, таңдаулы дәрігерлер, заңгерлер, экономистер, сәулетшілер мен құрылысшылар бар. Осылайша, еліміздің болашағына елеулі үлес қоса алатын ақыл-ой иелері сыртқа кетіп жатыр.
Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі – еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу. Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруі тиіс.
Әлемдік зерттеулерге сүйенетін болсақ, жастар жасының төменгі шегін анықтауда жыныстық жетілуге, жалпы білім алуының аяқталуымен, кәсіптік білім алудың басталу мерзімімен байланыстырылса, ал, жоғарғы шегі адамдағы экономикалық тәуелсіздік, жеке дербестік, қаржы құралына иелік ету сезімдерімен, өз отбасын құру мүмкіндіктерімен байланыстырылады.
Жастар саясатын қалыптастырудың рухани факторлары бос уақытты дұрыс ұйымдастырумен байланысты. Жастар саясатының негізгі бағыттарының бipi жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жастарға тәрбие беру саласындағы мәселелерді шешу болып табылады. Жастар саясатының мақсаты өciп келе жатқан ұрпақтың рухани даму саласындағы жастардың еркін тұлғасын іске асыру болуға тиіс. Жастар – ел болашағы, байлығы деп айтамыз. Сондықтан біздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінде жастарға тереңдетілген білім беріледі. Білікті мамандар мен үздік магистрлер сапалы білім берумен қатар, жаңа технологиялық сабақтар өткізеді. Кез келген қоғамда терең білімі мен іскерлік қабілеті бар жастар ертеңгі күні өз білімдерін еліміздің болашағына жұмсауы тиіс. Бұл орайда жастар саясатын іске асыруға бағытталған барлық бағдарламаларды жастар арасында белсенді насихаттау керек деп ойлаймын.
Д. НҰРЛЫБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің Қазақстан тарихы пәні оқытушысы, саясаттанушы, магистр үздігі.