Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты кезекті Жолдауы еліміздің әрі қарай қарқынды дамуында маңыздылығы жоғары деп айтуға негіз бар. Өйткені сан алуан саланы қамтып, нақты жоспары бар кезекті Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесіне басымдық берілген. Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиістігін атап өткен Президент, ең алдымен экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету үшін өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге ауыл-аймақты дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екенін, су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екендігін айтқан Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатындығын айтты. Жолдаудағы аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітілді. Кезекті Жолдау мемлекетіміздің экономикасының өрлеуіне және халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына жол ашатынына кәміл сенемін.
Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр.Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы.
“Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер.Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн.Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ.Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың “көлеңкелі” нарығы түбірімен жойылуға тиіс.Халқымыз “Судың да сұрауы бар” деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. “Қазсушар”, “Нұра топтық су құбыры” және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек.Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын.”, деді президент.
Сонымен қатар, Жолдауда Цифрландыру ісіне және инновация енгізу мәселесіне бас мән берітіндігін және Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдырып, ІТ қызметтерінің экспорттын арттыруды айтты. Бұл жолғы жолдаудың тарихи маңызы зор, маңыздылығы халықтың сауалына жауап бергені. Биылғы жолдауда халықтың мұң-мұқтажы мен сұранысын ескеріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге нақты қадамдар ұсынылған. Жолдаудың басты мақсаты Қазақстан халқының әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту. Президент жолдауы уақыт талабы мен қоғам сұранысына толықтай жауап береді.
“Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер.Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз.Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз.2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек.Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек.Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет.Цифрландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келді. Үкіметтен, сарапшылар қауымынан, Парламент депутаттарынан біртұтас салалық құжат әзірлеу мәселесімен айналысуды сұраймын”, деді президент.
Мемлекет басшысы осы бастамалардың Қазақстанның болашағын айқындайтындығын нақты жеткізе келе, алдағы жолдың қиындығына қарамай ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыруымыздың маңыздылығына тоқталды. Ағымдағы Жолдау мемлекетіміздың экономикасын өрлеуі және халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсаруына қызмет ететіне кәміл сенеміз.
Ж.Д.Ханділлә, «Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектеп» КММ директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Түркістан қаласы.