Отырар аудандық мәслихатының төрағасы, Отырар ауданының құрметті азаматы Уәлихан ҰЗАҚОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсіп, елдің тыныс-тіршілігі, кешегі Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы әңгімелескен едік.
– Тұрғындар үшін аудандағы ең өзекті проблема не?
– Жалпы, проблема көп қой. Аудан – аграрлы аймақ. Мұндағы тіршілік диқаншылықпен, малмен байланысты. Ерте көктемнен ел егін егеді, күзде жинап, сатады, қыста мал бордақылайды. Бұл – халықтың негізгі тіршілік көзі. Үй алуға кезекте тұрған азаматтардың мәселесі бар. Ауыл-аймақты газбен қамту проблемасы да бар. Мұның бәрі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Негізгі, ең өзекті мәселелер осылар.
Жалпы, елге қатысты проблемалардың бірі – ағын су. Соңғы жылдары Қоғам, Қарғалы, Отырар ауылдарында ағын су тапшылығы сезілуде. Бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан жоғары инстанцияларға ұсыныстар берілген. Атап айтқанда, бірінші кезекте Д.Алтынбеков каналын бетондау жұмыстарын толық аяқтау, дрендер орнату болса, екіншісі – «Ақын–Жақып» каналын іске қосу арқылы ағын су тапшылығын шешу. Ал, бұл жобаларды іске асыруға жергілікті атқарушы органдардың құзіреті де, бюджеті де мүмкіндік бермейді. Сондықтан бұл мәселелерге Үкіметтің назарын аудартып, шешілу жолдары қарастырылуда. Осы мақсатта 10 шілдеде Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбектің қатысуымен ауданда кездесу өткізіліп, шаруалар мен мәслихат депутаттары атынан ұсыныстар бердік. Сенаторлар көтерілген проблеманы тиісті орындарға жеткізіп, бақылауда ұстаймыз деген уәделерін беріп кетті.
Әзірге Қоғам, Қарғалы ауылдық округтеріндегі егістік жерлерге су жеткізу үшін «Қызыл Ту» насос стансасынан 6 дана СНП насос іске қосылды. Д.Алтынбеков каналын бетондау үшін демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Ол дайын болған соң «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ұсынылады.
Алайда, бұл күн тәртібіндегі мәселелерді түбегейлі шешеді деп айту қиын. Оны шешу үшін жоғарыда аталған «Ақын-Жақып» каналы іске қосылуы қажет. Сол кезде ғана біздің ауданда шаруалардың проблемасы аздап болса да шешімін табады.
– 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің биылғы жылғы екінші сессиясын ашып, дәстүрлі Жолдауын жариялады. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп атау берілген бұл Жолдаудан не күтесіз?
– Мемлекет басшысы бұл құжатта бұған дейінгі Жолдауларының жалғасы ретінде елдің әрмен қарайғы даму жоспарымен бөлісті. Әдетте, біз елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әл-ауқатын көтеру мәселелерін көбірек талқылаймыз. Алайда, бұл Жолдауда назар аудартпайтын мәселе қалмады деп ойлаймын. Қазіргі экономикалық жағдайымызды жақсарту, саяси басқару жүйелерін реформалау, инфрақұрылымды дамыту, халықтың жұмыспен қамтылып, ел байлығының азаматтарға үлестірілуі көзделіп отыр. Елімізде АЭС салу мәселесі де қазір қоғамда қызу талқыға түсуде. Осы тұста Президенттің бұл мәселені халық болып шешуді ұсынуы, яғни референдум арқылы соңғы шешімге нүкте қою туралы ойы – елдің еркін білдіретін демократиялық қадам деуге болады.
Көкейімде жүрген бірнеше мәселенің осы Жолдаудан көрініс табуы қуантты. Ол – білім беру саясатындағы олқылықтар мен қазіргі жасөспірімдердің психикалық ахуалы, оған әсер ететін жағдайлар. Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықбұзушылықтарға жауапкершілік пен жазаны күшейту қазіргі қоғамның өзекті мәселесі екенін тап басып айта білді.
Ал, білім саласы бойынша «Жайлы мектеп» жобасы іске асырылуда. Өзіміздің ауданның орталығынан дәл бүгінде осы жоба нышан беріп, мектеп құрылысы басталып та кетті. Бұл – нақты атқарылып жатқан жұмыстар. Енді Президент білім саласындағы қордаланған проблемаларды біртіндеп шешіп, білім беру сапасына баса назар аударуды ұсынып отыр. Жолдауда Президент «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» деді.
– Сөзіңізді бөлейін. Жолдаудың қай тұсы ерекше назарыңызды аудартты?
– Жолдау көкейдегі көп сұраққа жауап берді десек болады. Ірі өнеркәсіп орындарындағы адамдардың мертігуі мен қаза табуы, кәсіпорындардың экологиялық залалдары, макроэкономикадағы жаңадан іске асырылатын механизмдерді қарастыру, білім сапасы мен жасөпірімдердің толық мағынадағы қауіпсіздігі, агрокешен саласында түбегейлі өзгерістер енгізу мен қазіргі энерго ресурстардың тапшылығы, оны шешу жолдары мәселелерінің барлығы дерлік маңызды. Әсіресе, ағын су тапшылығына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, бұл салаға нақты жауап беретін ведомство құрылатын болды. Біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Сондықтан алдағы уақытта суды үнемдеу мен оны тиімді пайдалану, өзге де инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу мәселелерін қарастыру керек деп кеше ғана Мемлекет басшысы Жолдауда айтып өтті. Яғни агрокешенді дамытуда түбегейлі өзгерістер болады деген үміт бар.
Біз енді осы Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға кірісуіміз керек.
– Жоғарыда айтылғандай, өзіңіз Отырарда туып-өстіңіз, қызмет еттіңіз. Енді, міне, халық қалаулысы болып отырсыз. Жалпы, көз алдыңыздағы Отырар ауданы қаншалықты дамып жатыр? Ауданның келешегін қалай елестетесіз?
– Иә, осыдан 10-20 жыл бұрынғы Отырар мен қазіргі Отырарды салыстырып қарасаңыз, көп өзгерістер бар. Бәрі шешіліп кетпесе де, біраз мәселе шешімін тауып келеді. Кешегі 1990-2000 жылдардағы қиындықтар, 2010 жылдардағы әлемдік экономикалық дағдарыстар артта қалды. Оны ел ұмыта қойған жоқ. Сол кездері ауылдарда ауыз су жоқ, инфрақұрылым туралы ойлаудың өзі артық еді. Елдің айлығы шайлығына жетпей жүрді. Қазіргі таңда мектеп, балабақша, ауыз су, газ мәселелері шешіліп келеді. Жолдар жаңарды. Президенттің, Парламент пен Үкіметтің пәрменімен, жергілікті жерлердегі атқарушы және өкілді органдардың күш-жігерімен нешетүрлі бағдарламалар жүзеге асырылып, кәсіпкерліктің тынысы кеңейді. Жұмыс орындары да көптеп ашылуда. Мұның бәрі елдің ынтымағы мен ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асуда. Тұрақтылық болған жерде даму болады. Қазіргі әлемдегі геосаяси тартыстар, көршілес елдерде болып жатқан кикілжіңдер біздің елге де салқынын тигізбей қоймайды. Ол туралы ел Президенті де айтып отыр. Осы тұста елдің тұрақтылығы өте маңызды.
Отырардың келешегі туралы ойланғанда оптимистік көңіл-күй басым. Болашаққа үлкен үмітпен қараймын. Отырардың еліміздің киелі өңірі ретінде туристік потенциалы өте зор. Соны дамытуға күш саламыз деп отырмыз. Сонымен қатар, аудан облыс орталығымен бір логистикалық бағытта. Бұл қызмет көрсету саласын дамытуды талап етеді. Оның бәрі қазірден қолға алынуда.
2025 жылы ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толады. Осы орайда ауданда бірқатар игі істер атқарылса деген ой бар. Бұл жерде мақсат той тойлау емес. Мына елге осы айтулы шарадан тағлым, жастарға бір ғибрат қалса деймін. Осы шараның аясында облыстың, республиканың назарын аудартып, біраз әлеуметтік, рухани-мәдени нысандар салсақ, ел игілігі үшін жұмыстар атқарсақ дұрыс болар еді. Алдағы Отырарды келешегі кемел, гүлденген, түрленген, рухани бай, халқы жайдары, иманды, ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан, әлеуеті зор аудан етіп елестетемін.
– Ашық әңгімеңіз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Б.ДАРҒОЖИНА