Күнделікті күйбең тірлік пен қаланың қарбаласынан шаршаған адам баласы бір уақыт жыраққа барып, көрікті мекендерді тамашалап, ми сергіткісі келетіні жасырын емес. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Сайрам ауданының туристерге берері мол.
Рас, бұл – тұмса табиғатта демалуды ұнататындар үшін таптырмас өлке. Мәселен, Сайрам ауданына қарасты «Манкент» шипажайы тамаша табиғатымен, емдеу ісінің кешенділігімен көпшілікке танымал. Талай жанның дертіне дауа, жанына шипа болған орталық. Қазақстан жерінде бой көтерген емдеу-сауықтыру орындарының ең алғашқыларының бірі. Сайрам ауданында ішкі туризмді дамытуда осынау айтулы шипажайдың орны ерекше.
Жазушы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт 2011 жылғы маусымның 4-інде «Егемен Қазақстан» газетінде жазған «Манкент» мақаласында былай деп суреттеген: «Манкент» шипажайы қанат жайып жатқан бөлекшелеу биік беткей – Табиғат-анаңыздың таңғажайып тартуы. Шығыс жағында да қайталанбас құйқалы қыраттар, ойлы-қырлы бедерлер, суы сылдыраған жыралар, бағзыдағы бабалардан жалғасқан мұралар… Шипажай шіркініңіздің ауасы айрықша. Желемігі желпиді. Самалынан саумал иісі аңқиды. Бауларындағы ағаштар өзгеше өседі. Саябақтары, саяжолдары тынысыңызды ашады, гүлзарлары аңқыма жұпар шашады. Халық жазушысы, елінің сүйікті суреткері Шерхан Мұртаза келіншегі Ақбілекпен бірге қос өңірінде талшын ағашы тізілген саяжолмен серуендеп келеді екен. «Мына каштандар жүз жасауға жақындап қалған-ау», – деп қояды. Айтпақшы, Шерағаңның бес кітаптан тұратын, Тұрар Рысқұлов туралы роман-эпопеясында осы Манкентіңіздің мәністелер тұсы бар. Ояз бастығы Колосовскийдің кереметтей көретін, шаршап-шалдыққанда шипа табатын саяжайы болған Манкент мүйісі осы. Тұрар Рысқұлов һәм Наталья Колосовскаямен талай қыдырған…».
Кезінде жергілікті жазушымыз Ерсін Қойбағарұлы да осынау жердің сұлулығына тамсанып, «Манкенттің түнін есіңе ал» деген өлең жазған. Оған Бағдат Алтай ағамыз ән жазып, Сайрам жерінде бір дүркіреген жаңалық болған еді.
Иә, шипажайдың тарихы терең. Бүгінде құрылғанына 100 жылдан асқан осынау шипажай жайында оқырманға әңгімелеп беруді жөн көрдіп отырмыз.
Түркістан облысы, Сайрам ауданының аумағында орын тепкен «Манкент» шипажайы Шымкент қаласынан теріскейге қарай асфальт жолмен жүргенде 25 шакырымда. Алматы теміржолының «Манкент» бекетінен 6,5, Алматы-Ташкент-Термез даңғылынан 3 шақырым қашықтықтағы өндіріс орындары мен елді мекендермен алыс, тыныш, үстіртке орналасқан.
Сонау, 1921 жылы 13-мамырда В.И.Ленин «Демалыс үйлері туралы» декретке қол қойды. Онда былай делінген: «Демалыс үйлері жұмысшылар мен қызметкерлердің кезекті еңбек демалысы кезінде тынығып, күш-қуатын калпына келтіру мақсатында табиғатты денсаулыққа пайдалы, жайлы жерлерге ұйымдастырылады».
1922 жылы Шымкент өлкелік Атқару Кеңесінің шешімімен Ақсу ауылының маңынан демалыс үйін ұйымдастыру үшін 225 гектар құнарлы жер бөлінді.
Құрылысы 1923 жылы басталған демалыс үйі келесі 1924 жылы іске қосылды. Ол кезде бір лекте 70 адам қабылданды. Демалушыларға қам қыштан соғылған кішігірім үйлер мен шағын киіз үйлерден орын берілетін.
1926 жылы 20 бөлмесі, 2 залы бар №1 жатақ салынды. Оның бір залы асхана, екінші залы клуб ретінде қолданылды.
1930 жылы 100 орындық асхана, қызметкерлерге арнап бір үй және әкімшілік кеңсесі, емханасы, қойма орналасқан №2 жатақ салынды.
1937 жылға дейін демалыс үйі бір лекте 100-120 адам қабылдап, мамыр мен қарашаға дейінгі жылдың жылы мезгілінде ғана жумыс істеп тұрады. 1938 жылы бөлмелерге пештер соғылып, жатақтарды жылытуға мүмкіншілік туды. Сол жылдан бастап мұнда жазда бір лекте 180, қыста 80-90 адам демалатын болды.
Ұлы Отан соғысы басталысымен-ақ демалыс үйі әскери госпиталь ретінде пайдаланылып, 1946 жылдың наурызына дейін мұнда жаралы жауынгерлер емделді.
Соғыстан кейінгі жылдарда демалыс үйінің қызметкерлері шипажайды өз күшімен күрделі жөндеуден өткізіп, оны гүлдендіре, көркейте түсті. Сол 1947 жылдың маусымынан бастап шипажай бір лекте 120 адам қабылдай бастады. Ал 1948 жылы жазда 120, қыста 90-100 кісіні бірден қабылдау мүмкіндігі туды. Бұл көрсеткіш 1950 жылдың жазында 280-ге, қысында 150-ге жетті. 1950 жылы «Манкент» демалыс үйі Бүкілодақтық байқауда 3-ші орынды жеңіп алған еді. Одан кейінгі жылдары КСРО шипажайлары арасында өтетін байқауларда бірнеше дүркін бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленіп, көптеген Мақтау қағаздармен, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен, ауыспалы қызыл тулармен марапатталды. 1958-1964 жылдары жатақ қызметкерлеріне 80 пәтерлі үй салынды. Асхана кеңейтілді. Орталық жылу жүйесі қосылды. 300 орындық клуб 1962 жылы пайдалануға берілген еді. 1966 жылы демалыс үйі бір лекте жазда 650, қыста 375 адам қабылдады. Үш қабатты орталық жатақ 1975 жылы іске қосылды.
Әртүрлі ағаштар өсіріліп, әсем гүлдермен көмкерілген демалыс үйінің аймағынан «нұр үстіне нұр» дегендей жерасты шипалы суы шығуына байланысты Қазақстан Респубикасы Кәсіподақтар Кеңесінің шешімімен 1983 жылы шілдеде «Манкент» демалыс үйі пансионат аталып, емдеу-сауықтыру мекемесіне айналды. 1984 жылдың 2-ші каңтарынан бастап мұнда емхана жұмыс істей бастады.
1990 жылы «Манкент» пансионаты күрделі жөндеуден өтуге жабылған еді.
1992 жылдың мамырында қайта іске қосылды. Осы мезгілден бастап «Манкент» пансионаты санаторий атанды. Ал 1994 жылы ашық акционерлік қоғам болып құрылды.
КСРО құлап, жаңа ғана тәуелсіздік алған мемлекетіміз аяғынан тік тұра алмай, бірде бар бірде жоқ электр жарығы мен табиғи газ тым қымбаттаған, жанармай мен тағам тапшы қиын кезеңдерде «Манкентке» келетін демалушылар қатары да сирей түсті. Тіпті 1996-2000 жылдары шипажай желтоқсаннан мамыр айына дейін жабық тұрды.
Еліміз енді еңсесін көтере бастаған 2000 жылы «Манкент» қысы-жазы үзіліссіз жұмыс істеді.
2001 жылы демалушылар шомылатын көлемі 300 шаршы метр бассейн, 2003 жылы жаңа заман талабына сай салынған әрқайсысы 16 орындық №4, №9 жатақ, 140 орындық асханасы, 140 төсекті жайы (оның ішінде жер серіктігімен байланыстырылған теледидарлы 10 люкс бөлме) бар үш қабатты №10 жатақ су ішетін 2 бювет, 2 субұрқақ, бір балалар шомылатын әуіз іске қосылды. Көне жазғы клуб бұзылып, орнына бұрынғысынан әлдеқайда үлкен би алаңы салынды. №1, №2 жатақтар күрделі жөндеуден өтті.
«Манкент» демалыс үйінің алғашқы кірпіші қаланған сонау 1924 жылдан бері мұнда әртүрлі ағаштар, гүлдер көркейе түскен еді. Қазіргі кезде калың ескен қайың, қарағаш, қарағай, көктерек, қаратал, арша, емен, үйеңкі, сәмбітал, талшын, шынар, бозқараған, аққарағандар шипажайды көкпеңбек қып көмкеріп, әсем безендіріп тұр. Одан басқа мұнда алма, ерік сияқты жеміс ағаштары да еседі.
Гүлзарларда раушан, астра, түймедақ, хризантема, гүлқайыр сияқты алуан түсті демі гүлдердің түр-түрі көздің жауын алып кұлпыра түседі.
Шипажай ішінен ағатын арық-атыздар, әуеге атқылаған әдемі субұрқақтар, биік ескен калың ағаш ауаны ылғалдап, жаздың аптап ыстығының өзін жанға жайлы етеді.
Қазақстанның оңтүстік өңірі болғандықтан мұнда кей жылдарды айтпағанда, көбінесе қыс жұмсақ, қысқа, 1,5-2 айдан аспайды. Қар аз жауады. Көктем ерте шығады. Ерте көктем мен күздің соңғы айларында жауын-шашын көп. Көктемнен қоңыр күзге дейін күн шуағы мол. Жазда жаңбыр өте сирек жауады. Күзі құрғақ. Қыс кеш түседі. Тәнге жылы, жанға жағымды табиғаты, тап-таза ауа, жаймашуақ күн сәулесі, шипалы су – міне, осының бәрі «Манкент» шипажайының теңдесі жоқ табиғи емдері.
Дайындаған Ә.Төлегенов.