Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастырумен Суретші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы Шәкен Оңласұлы Ниязбековтың 85 жылдығына арналған «Түркістаным – Тұраным» қолөнер шеберлері мен суретшілер байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты ұмыт болып бара жатқан қолөнерді дамыту, бейнелеу өнерін жандандыру, туған елі мен жерін қорғау, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру. Түркістан қаласының көркеюін ұлықтап, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, оларға қолдау көрсету. Жаңарған Түркістанның көрікті жерлерін бейнелеп, ел ішіндегі дарынды қолөнершілер мен суретшілерді анықтау болды. Осы мақсатта байқауға 9 суретші қатысса, қолөнер шеберлері бойынша 12 үміткер қатысуға өтінім білдірген.
Авторлардың туындыларын сараптаған қазылар алқасының құрамында Бейсенбеков Жалғас Жаппарбекұлы — Түркістан қаласы қоғамдық кеңес мүшесі, Педагогика ғылымдарының кондидаты, доцент, Қазақстан Республикасы дизайнерлер одағының мүшесі, қазылар алқасының төрағасы, Кошенова Кулаим Сапашовна — Көркем еңбек пәнінің мұғалімі, қазылар алқасының мүшесі, Мусабекова Бибихан Мусаевна — Балалар қолөнер мектебінің тігін және дизайн үйірмесінің жетекші мұғалімі, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, қазылар алқасын толықтырды.
Алқа мүшелері келіп түскен дүниелердің ереже мен шартқа сәйкестігін анықтап, үміткерлердің ой ұшқырлығына (фантазия), идеялық мазмұнына, композициялық шешіміне, колориттік көрінісіне және орындау техникасы мен шеберлігіне баса назар аударды. Қорытындысы бойынша төмендегідей жүлдегерлерді анықтады.
Қолөнер шеберлері арасында оқ бойы оза шауып Бас жүлдені Әбдіреим Сұлтанғали еншілесе, І орын Айдарша Мерекеге бұйырды. Қос бірдей ІІ орынды Нурланова Ұлмира мен Аманқұл Нұрдәулет өзара бөлісті. Ал, үш ІІІ орынның көгінен Пахирддинова Мунира, Накбаева Альмира, Сталинбеков Ислам көрінді. Сондай-ақ, «Жаңашылдық», «Дәстүр», «Үздік жасампаз», «Жоғарғы шеберлік», «Үздік қолөнер шебері» номинациялары тиісті үміткерлерге берілді.
Суретшілер бойынша Бас жүлдені Мамбетаев Ермек еншілесе, І орын Рысымбетов Ержанға бұйырды. Ал екі ІІ орынға Паттеева Алтынай мен Нишанов Диёр лайық деп танылса, қос ІІІ орын Жұмабек Ерхан мен Абдиназар Бибінұрға табысталды. «Дарынды», «Ұшқыр ойлы», «Үздік суретші» номинациялары өз иелерін тапты. Барлық жүлдегерлер арнайы Дипломдар және қаржылай сияпатпен марапатталды. Қазылар алқасының еткен еңбегі де еш кетпей, құрмет көрсетілді.
Түркістан шаһарында қолөнер шеберлерінің дәрежесін көтеріп, болашақ үшін ұлттық рухани және мәдени құндылықтарымызды дәріптеу мен дамыту, өнер адамының дүниетанымына, эстетикалық сезімдерінің тұрақтылығына үлес қосу, қазақы дәстүрді сақтауы мен суретшілік шеберлігін паш ету, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлердің шығармашылығын қолдау аясында, қала күні қарсаңында өткен байқау осылайша өз мәресіне жетті.