… жалғасы.
Жылдар бойы Түркістанның төріндегі тайқазанның елімізге қайтарылуы туралы мәселе көтерілген емес деуге келмейді. Өңдеу, жөндеу шеберханалары жасақталып, Самарқан, Бұқара, Ташкент қалаларының шеберлері келіп жөндеу жұмыстары жүргізілді. Патша әскерінің зеңбірек шабуылынан қираған күмбезі мен қабырғалары қалпына келтірілді. ХХ ғасырдың басында Орынбордан ат терлетіп келген алаш қайраткері М.Дулатов ақсарай, қабірхана, кітапхана бөлмелерінің құлағалы тұруына байланысты жабық болғандығынан кіре алмай кетсе, 20-30-жылдары Б.Тризна, Нечкиндер кесененің аз ғана діндар топтың қолында екенін айтып дабыл қақты. Орта Азия көне ескерткіштерді қорғау қоғамының қозғау салуымен кесене Бүкілодақтық есепке алынып, ежелгі ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынды.
Саяси қуғын-сүргіндердің кесапатынан С.Нұрпейісов те, Т.Жүргенев те құрбан болды, 1941 жылғы алапат соғыста бүкіл ел болып фашизммен күресті бастады, 1946–1953 жылдары Сталиннің қаһарынан қаймыққан ел тарихын түгелдеуге мұршасы келмеді. Бір ел, бір мемлекет ретінде өмір сүргендіктен Эрмитажда Иран сәулет өнерінің озық үлгісі ретінде Шығыс залында орналасқан Тайқазан мен екі шырағданды қайтару туралы мәселе жылдар бойы қозғаусыз қалды.
Тек 1985 жылы сәуірдегі КСРО да М.Горбачев жариялаған «жеделдету», «қайта құру», «жаңару» атты саяси реформаның нәтижесінде халықтың пікірі есепке алына бастады. Билік халыққа бетін бұрғандай болды. Одақтас республикалар халықтарының төл тарихына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне жол ашылды. Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларынан шыққан ынталы топтар Одақ басшыларына Эрмитаждағы тайқазанды қайтару жөнінде қоғам, әдебиет және өнер қайраткерлерінің қолдары қойылған хаттарды жөнелте бастайды. Ол хаттар КОКП басшылығына, КСРО Жоғарғы Кеңесіне елімізден сайланған делегаттар мен депутаттар арқылы тапсырылып жатты.
2017 жылғы 8 желтоқсанда жарияланған оқырман хаты да осы деректерге негіз бола алады. Түркістан қаласының тұрғыны Роза Пірмашевадан zamana.kz. редакциясына хат келген. Ол кісі өзін толғандырып жүрген мынадай мәселе жөнінде жазыпты: «Тайқазанның 1989 жылы Ленинградтағы Эрмитаждан Түркістанға қайта әкелінуіне азды-көпті атсалысқан жандардың бірімін. Құрамында Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов, Жоғарғы Кеңес депутаты Людмила Акбарова, мен және сол кездегі Түркістан қалалық атқару комитетінің төрағасы Еркін Жорабеков бар делегация ел атынан Мәскеуге барғанбыз. Қалада бірнеше күн қона жатып, үлкен жұмыстар атқардық. Тайқазанды Түркістанға қайтару жөніндегі көптеген адамдардың қолы қойылған хатты апарып тапсырған едік. Мүмкін осы еңбегіміздің жемісі болар, арада көп өтпей Тайқазан өзінің тарихи Отанына, Ясауи кесенесіне оралды.
Соның бірі – 1989 жылдың 6 шілдесі күні Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі ұжымының атынан, КСРО халық депутаттарының съезіндегі жеделхатта: «Мәскеу. Кремль. Халық депутаттарының съезі. КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары А.Лукьянов жолдасқа. Екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Түркістан қаласының еңбекшілері Эрмитаждағы Тайқазанды өзінің нағыз иесіне, Қожа Ахмет Ясауи музейіне қайтаруды өтінеді» делінсе, Қазақ КСР депутаттары Н.Назарбаев, О.Сүлейменов, М.Шахановтың атына да аталған мәселеге ықпал ету жайлы жеделхат жолданды. Осыдан дәл жиырма сегіз күн өткенде КСРО Мәдениет министрі В.Захаровтың Тайқазанды Түркістанға қайтару туралы бұйрығы шықты».
Жүргізілген бұл жұмыстар Саяси билік пен халықтың бірлесе, тізе қоса, жұмыла кіріскендігін ҚР Президенті Архивінде сақталған мына құжат бекіте түседі. 1988 жылғы 15 мамырда Қазақстан КП Түркістан қалалық комитеті мен халық депутаттары қалалық кеңесінің басшылары Н. Балқияев пен Е.Жорабеков Қазақстан КП Орталық комитетінің атына Түркістан қаласындағы нысандарды жобалау және құрылысының мәселелері (Қожа Ахмет Ясауи кесене кешенін қорғауға және Түркістан қаласының 1500 жылдығын мерекелеуге дайындық жасауға байланысты) бойынша шешілуі тиіс мәселелер тізбесін жолдайды. Аталған хатта Кентау тігін-тоқыма фабрикасын ескерткіштерді қорғау аумағынан шығару, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Кентау автокөлік жолының құрылысын қорғау аумағынан транзиттік автожолға шығару құрылысын жеделдету. «Интурист» қонақ үйінің құрылысы, автокемпинг құрылысы, қорғау аумағындағы канализацияның 2 кезеңінің, жылу жүйесінің құрылысын, археологиялық зерттеулерді жүргізуді, КСРО Мәдениет министрлігінің қала мәртебесінің «А» дәрежесіне бекітілуіне орай музейдің дәрежесін қайта қарау және т. б. мәселелер қарастырылған. Аталған хаттың 11 тармағында «кесененің басты экспонаты қазіргі таңда Эрмитажда тұрған салттық қазанды қайтару» мәселесін көтереді. Сонымен қатар, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің «қаланың 1500 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу туралы» арнаулы қаулысын қабылдау қажет деп көрсетеді. Бұл хатқа жазылған бұрыштамалар: Қазақ КСР-і Мәдениет министрі М.Ахметоваға Ө.Жәнібеков: «Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігіне тікелей қатысты мәселелерді қарауды сұраймын. 21 мамыр 1988 ж.» деп жолдайды.
Мәдениет министрінің бірінші орынбасары В.Кутовой Қазақстан КП ОК 1988 жылғы 21 мамырдағы тапсырмасы бойынша 1988 жылғы 21 маусымда үш беттен тұратын көлемді қызметтік жазба жолдайды. Шымкент облыстық атқару комитеті, Түркістан қалалық партия комитеті, «НИИ стройпроект» институты және т. б. мүдделі ұйымдардың қатысуымен 1988 –1990 жылдарға арналған сақталуын қамтамасыз ету және бұл кешеннің қорғау аймағындағы ескерткіштерін туристік-экскурсиялық бағыттарға енгізу бойынша іс-шаралар әзірленіп, бекітілді. Аталған мерзім ішінде атап айтқанда Қожа Ахмет Ясауи мешіт-кесенесінің күмбездерін, жайпақ шатырын және Қылует жерасты мешітін, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесін қалпына келтіру жұмыстарын, қорған қабырғаларының солтүстік-шығыс бөлігін қалпына келтіруді жалғастыру, ашылғаннан кейін қорғау аймағындағы анағұрлым маңызды археологиялық нысандарды сақтау, кейбір ескерткіштерге баратын жаяу жүргізуші жолын құру арқылы абаттандыру жұмыстарын орындау, архитектуралық кешеннің музей экспозициясын жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады. Осы хатта Қожа Ахмет Ясауи кешені қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін оның мәртебесін өзгерту туралы мәселе көтеріледі. Түркістан қаласы басшыларының хатында көрсетілген Кентау тігін-тоқыма фабрикасы орналасқан ғимараттың ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші болғандықтан Ясауи кесенесінің музейі балансына беру, кесене жанына өтетін қалааралық автокөлік жолын айналма жолға шығару арқылы көшені көлік қозғалысынан босату мәселелерінің дұрыс көтерілгендігін атап көрсетеді. Сонымен қатар, Қазақстан ғалымдары да өздерінің ғылыми жауаптарын беріп жатты. 1988 жылғы 9 желтоқсанда Қазақ КСР-і Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының директоры, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі М.Қозыбаев Қазақстан КП ОК атына «Түркістан қаласының жасы туралы» хат жолдап, қаланың тарихы туралы деректер келтірілген ежелгі жазбалар мен кітаптарға сілтеме жасап, жүргізілген археологиялық зерттеулердің қорытындыларына сүйене отырып, бірнеше қорытынды жасайды. «Нәтижелер:
1. Ясы қаласының жазба дереккөздерде анағұрлым ерте айтылуы ХІ-ХІІ ғасырларға, нақты айтқанда ХІV ғ.
2. Археологиялық дереккөздер ортағасырлық Ясы қаласы қазіргі таңда Күлтөбе атауымен белгілі үйінділердің орнында екендігін дәлелдейді.
3. Күлтөбе-Ясының пайда болу уақыты – біздің дәуіріміздің 33–400 жылдары.
Қорытынды: Жаңа археологиялық мәліметтер бойынша Ясы-Түркістан қаласының шекті жасы 1500–1600 жыл деп анықталды. Қаланың мерейтойлық жылы 1989–1992 жылдар болып белгіленуі мүмкін.»
Түркістан қаласының жасын зерделеу, жан-жақты зерттеу нәтижесінде оның жасы анықталып, мемлекеттік билік органдарына Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлау мәселесі көтеріледі.
Жариялылықтың жылы лебі сіресе қатқан сеңді бұзды. Шетелдік туристердің ағылуы, Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі қалаларға деген көпшіліктің қызығушылығы, Кеңестер Одағы оның ішінде Қазақстан мен Орта Азия республикаларының аумағындағы көне жәдігерлердің халық назарына ұсынылуы күн тәртібінде тұрды.
1987 жылғы 2 қарашада «1987–1990 жылдары Түркістан қаласының 1500 жылдығын атап өтуге дайындық және мерекелеуге байланысты іс-шаралар жүргізу туралы ұсыныстар» жасалуы да біршама істің бастауына айналды. 1989 жылғы 19 мамырда Қазақстан КП ОК Идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары М.Жолдасбеков Қазақ КСР-і Мемлекеттік мәдениет комитеті мен Шымкент облыстық атқару комитетінің «Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық ұйымдастыру» туралы қаулының жобасын жасау туралы ұсынысын айтып, Қазақстан КП Орталық комитетінің атына хат жазады. Құжаттар кешенін саралай келе, Түркістанға тиесілі Тайқазанның елге оралуына бүкіл халық болып жұмылғанын көреміз. Жоғарғы билік тарапынан 30-жылдары қайтару әрекеті жүргізілгенімен, оның орнына әйгілі суретшілер мен қолөнер шеберлерінің бұйымдарын Қазақстанның музейлеріне беру арқылы мәселе шешілген болатын. 1960–1980-жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесін күрделі жөндеуден өткізіп, оның айналасындағы пантеон-некропольді қалпына келтіру емес, олардың барлығын жермен-жексен етіп, гүлзарлар мен ескерткіш бұйымдар сататын дүкен мен келушілерге арналған шайхана құрылысы салынды.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музейінде (1988-1995 ж.ж) директор қызметін атқарған Нұрмахан Назаровтың жергілікті баспасөз бетінде берген сұқбатында: « Ол заманда, республика басшылары Одақ басшылығына уақытша берілген затымызды қайтарыңыз деу, ол кездегі әдепке жатпайтын. Себебі, бәрімізде Кеңес Одағы деген бір-ақ Отанымыз болды. Солай бола тұра, сол кездегі Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтжанды жан Өзбекәлі Жәнібековтің дипломатиялық жолдармен (коммунистік партия съездерінің делегаттары, Одақтың еңбекшілер депутаттарының сессияларына қатысушылар арқылы хаттар жолдау) әрекеттер жасалды» деп көрсетеді.
Тайқазанды 1930-жылдары қайтармаған Кеңестер Одағының өкілдері оның тұратын жерінің қолайсыз екендігін алға тартқан болатын. 1924 жылы мемлекеттік есепке алынған архитектуралық көне ескерткіштің қалпына келтірілуі ұзақ жылдарға созылды. 1989 жылы 18 қыркүйекте Тайқазан Түркістан қаласына қайта оралды. Ырыс, несібесі арта түскен еліміздің бойтұмарына айналды.
Ә.СҮЛЕЙМЕНОВА,
ҚР Президенті Архивінің бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты.