Еліміздің рухани байлығының қатарындағы киелі жерлер, архитектуралық ескерткіштер мен жауһар жәдігерлер жөніндегі айғақтар, құжаттар ұлттың игілігі ретінде мемлекет қарауына алынған. Архив қызметкерлері сақтау қоймаларындағы билік органдары құжаттарының негізінде Түркістан өлкесіндегі тарихи орындар жайындағы деректерді көпшілік талқысына тұрақты түрде салып тұрады. Ислам дінінің таралуының айғағы ретіндегі кесенелер мен мешіттердің құрылысы қазақ жерінде VIII-XI ғасырлардан кең етек жайғанын дереккөздер растайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде аса құнды құжаттар тізбесін жасау барысында кеңестік билік кезеңінде жасақталған құжаттар кешені көптеген беймәлім жайттардың бетін ашады. Аталған тізімді құрастыру барысында архившілердің назарына ілінген құжаттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазан мен екі қола шырағданның Ленинград асып кетуінен мағлұмат береді.
Ғаламтор желісіндегі, бұқаралық ақпарат құралдарына берілген деректерде де Түркістан қаласында орналасқан архитектуралық ескерткіштердің ежелгі дәуірдегі жауһар нұсқасы Қожа Ахмет Ясауиге арналып салынған кесененің тағдыры саяси биліктің қолымен шешілгендігін ашып көрсетеді. Қанша адам болса сонша пікір қалыптасатындықтан, ауыз екі әңгімелердің ұзын-ырғасы 1935 жылы халықаралық көрмеге қоюға алынған Тайқазанды ешкім іздемеді, қайтарып алуға талпыныстар жасалмады дегенге келіп саяды. Бұл мәселе қалай өрбіді, қандай шешімдер қабылданып, қадамдар жасалды? Мемлекеттік Эрмитаж бастығы Иосиф Орбели Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мемлекеттік есепке алынбағандығы, оны жиырма шақты діндар қауымның билеп-төстейтіндігі туралы неге нық сеніммен айтты? Расында, бұл қайдан шыққан қауесет?
Аталған жан-жақты сауалдарға Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің Түркістанның 1500 жылдығына орай дайындаған жинағына жарияланған ресми құжаттар негізінде жауап іздеп көрелік.
1926 жылғы 13 мамырдағы Орта Азия ескі архитектуралық ескерткіштерді қорғау комитетінің Ескерткіштер мен көне заттарды қорғау жөніндегі секцияның мәжілісінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи мешітін қорғау жөніндегі комиссия құру мәселесі көтеріледі. Шымкент қаласында орналасқан аталған ұйым кесенені зерттеу жөніндегі комиссияны құру үшін В.П.Тризнаны Түркістан қаласына іссапарға жібереді. Көне ескерткіштің ерекше тарихи құндылығын ескере отырып атқару комитетінен, жергілікті тұрғындардан және Орта Азия архитектуралық ескерткіштерді қорғау комитетінен үш адамнан тұратын комиссия құру тапсырылады.
Аталған жылы комиссия жан жақты жұмыс жүргізіп қыркүйек айында баяндама дайындайды. Қыркүйекте тыңдалған баяндамада: «Комитет тарапынан 1922 жылы аталған ескерткішке назар аударылды, Бұл құрылысқа назар аударудың себебі, онда Темір дәуірінен қалған 5 үлкен күміс және қызыл мыспен әрленген қола шырағдандар, су ішуге арналған жазулары мен бедерлері бар қазан және жан жақты әрленген, бедерлері мен оюлары бар 2 керемет есік сақталған. 1923 жылғы 19 желтоқсанда жасалған зерделеу актісінде құрылыстың зақымданғаны, бүліну процестері жүріп жатқандығы» жайлы айтылған.
1930 жылғы 2 ақпандағы табиғатты, көне және өнер ескерткіштерін қорғау жөніндегі ведомствоаралық Сырдария округтік комиссиясының ұйымдастыру комиссиясы қараған мәселелердің бірі Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени құндылықтарды есепке алу және қорғау туралы болды.
1935 жылғы 25 қыркүйектегі облыстық халық ағарту бөлімінің мәжілісінде Түркістан қаласында Өлкетану музейін ұйымдастыру туралы мәселе қаралды. Бұл қаулыда Қазақ халық ағарту комиссариатынан Қожа Ахмет Ясауи мешітін Түркістан қаласындағы музей ретінде пайдалануға рұқсат етуді сұрады. Шпота мен Юганькинге Түркістан аудандық атқару комитетінің, партия комитетінің және аудандық оқу бөлімінің атына мешіттің мүліктерін қорғауға қатысты шаралар қабылдау туралы хат дайындау тапсырылды.
1936 жылы 29 мамырда Қазақ Орталық атқару комитеті төралқасының секретариат меңгерушісі өткен тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің қаулысына сәйкес Қазақстан аумағындағы ескерткіштердің қатарында есепке алынған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен мешітіне қатысты шешім қабылдайды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін тұрақты түрде қарауылдау жұмысын жүргізу қажет деп табады. Ол үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық халық ағарту бөлімі өз сметасынан бір күзетшіні қаржыландыруы қажет деп тапсырды. Өлкелік маңыздағы ескерткіш қалпына келтіру жұмыстарын жасауды қажет етеді. Орталықтың есебіне алынған. Белсенді күзетуді қажет етеді, тонала бастаған аса құнды жабдықтар бар деп көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері 1937 жылғы «Қазақстан Орталық Комитетінің Коммунистік партиясы (большевиктер)» № 708 қорында сақталған Қазақстанның мәдени-тарихи құндылығы жөнінде өте қызықты құжаттарды аса құнды құжаттар тізбесіне енгізген болатын. Олардың ішінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи мешітінде тұрған қасиетті тайқазан және 2 шырағдан туралы ресми құжаттар бар. 1937 жылы, сол уақытта ҚазКСРі Ағарту ісінің халық комиссары Т.Жүргенов тайқазан мен екі шырағданды Қожа Ахмет Ясауи мешітіне қайтару туралы өтініш білдіріп, Бүкілодақтық комитеттің өнер істері бойынша бөліміне хат жазған. Иосиф Орбели бұл мәселені қазақстандық музейлердің экспонаттық қорын байыта түсетін көркемдік заттарды Эрмитаж қорынан бөліп, түркістандық қолөнер бұйымдарына айырбас жасау арқылы реттеуді ұсынған екен. Хат алысулардың нәтижесінде КСРО ХКК жанындағы Өнер істері бойынша комитет бұл бірегей ескерткіштердің орнына ҚазКСР-іне ерекше көркем шығармаларды беріп, тайқазанның орнын толықтыруға келісім берді. Аталған хат алмасуларда Эрмитаж директоры академик Иосиф Орбели кесененің мемлекеттік есепке алынбағандығын тілге тиек етіп, «аса құнды көне бұйымдардың Түркістанға қайтарылуы оның із-түзсіз жоғалып кетуіне соқтырады. Ондағы экспозициялау жағдайы өте төмен, арнайы тексерумен барған қызметкердің рапорты мұны дәлелдейді» деп көрсеткен.
Ал бұл сөздің жай ғана сырғытпа сөз екендігін мына деректер растай түседі. 1935 жылы Т.Жүргеновтың Қазақ Өлкелік партия комитетінің хатшысы С.Нұрпейісовке жазған сұраныс хатында: «БОАК 1924 жылғы 7 қаңтардағы тарихи ескерткіштерді қорғау туралы қаулысына сәйкес кесене БОАК жанындағы Ескерткіштерді қорғау жөніндегі комитет пен Қазақ халық ағарту комиссариатының есебінде және мемлекеттік қорғауға алынған» деп көрсетіп «кесененің құлағалы тұрғанын, үлкен ғылыми маңызын ескере отырып, құнды ескерткішті сақтаудың қажеттілігін көтеріп, Халық ағарту комиссариаты КСРО-дағы тарихи есекерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жасау мәселелерімен айналысатын Ленинград Материалдық мәдениет академиясына Түркістан кесенесін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын бағалауды құрастыру және жұмысты өз бақылауына алуға өтініш жасаған болатын. Академия бағалауды құрастырды, 1935 жылғы өндірістік жоспарына қосты және тәжірибелі архитекторды жұмысты басқаруға бөлді» дей келе, аталған жұмыстың жүзеге асырылуы үшін жергілікті билік тарапынан қаржы аударуды кешіктіріп жатқандығын, бұл мәселені тез арада шешуді сұрап жазады.
Ә.СҮЛЕЙМЕНОВА,
ҚР Президенті Архивінің бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты.
жалғасы бар …