Қазақ жаңалыққа жаны құмар халық. Әсіресе өнерге. Оған жаңалық атаулыдан қалғысы келмейтін қасиетін қосыңыз.
Сонау жетпісінші жылдары эстрада жанрында елді елең еткізген қазақ жастарының өнер ұжымы қаншама жасты, жасамысты да елітіп әкетті. Ол — Қазақ политехникалық университетінің студенттері болатын. Өнерлі жастар Павлодарда Баянауыл сахнасында халықаралық құрылыс отрядында жұмыс істеп жүргенде жергілікті тұрғындармен отряд жұмыскерлеріне концерт беріп, қазақ өнеріне жаңаша леп әкелген «Дос-Мұқасан» ансамблі еді. Атағы бірден дүркіреген «Дос-Мұқасан» ХХ ғасырдың 70-жылдарында қазақ жастарының сүйіктісіне айналды.
Қаншама ауыл баласы осы ансамбльдің әнін үйдегі 5 сомдық радиодан тыңдап өсті десеңші. Әр ауылда,әр көшеде қазақ жастары «Дос-Мұқасанға» еліктеп, қолда-рына гитара алып, көше әндерін шырқады. Айта кетер-лігі сол кездегі көше әндерін бүгінде сахнада қазақ эстрадасының жұлдыздары шырқап, қазіргі тілмен айтқанда хит әндерге айналды.
Сонымен, әр ауылдарда «Дос-Мұқасанның» ізбасарлары шыға бастады. Солардың бірі — Алғабас аудандық мәдениет бөлімінде алғаш рет «Қарлығаш» деген атпен құрылған эстрадалық ансамбль болатын. Кейін КПСС ХХ ІІ-съезі атындағы совхоз жастарынан «Қызғалдақ» ансамблі құрылды.
Сол жетпісінші жылдары құрылған «Қарлығаш» вокальды аспапты эстрадалық ансамблін ағайынды Сұлтанхан, Кәрімжан Әзізхановтар, Ерсұлтан Зұлпыхаров, Бауыржан Момышев, Жомарт Оспанов, Нұрлан Тойжанов, Ортай Жолбарысов, Сейділда Ахатаев, әншілер Серік Әуелбеков, Асан Мырзабаев, Зеберше Абдуллаева, Айсұлу Күлішовалар бастаған екен.
1974 жылы Бауыржан Әзізханов арнайы жоғарғы оқу орнын бітіріп келгеннен кейін бір жылдан соң, осы ансамбльдің негізінде «Шаттық» эстрадалық ән-би ансамблінің ірге тасын қалап, көркемдік жетекшісі болды.
«Қарлығаштан» қанат қаққан «Шаттық» ансамблі аз уақыт ішінде көрерменнің көзайымына айналды. «Шаттық» эстрадалық ән-би ансамблінің концерті берілетін күні аудан орталығындағы Мәдениет сарайы халыққа лық толатын. Сол күні арнай белгіленген мереке іспетті көрермендердің лек-легімен ағылған көшін ешкім тоқтата алмайтын. Иә, осылай «Шаттықтың» атағы шарықтай бастады.
Жастар тәрбиесінде саяси-идеялық, эстетикалық, мәдени тәрбие беруде көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастар арасында мәдени іс-шаралар көптеп өткізіліп жүрді.
Құрамында Кәрімжан Әзізханов, Бауыржан Момышев, Батыр Бекмұратов, Мірхайдар Жүнісбеков, Оңлас, Ұлас Оспановтар, Бекет Есентаев, Мақсат Қуанышбеков, әншілер Асан Өсербаев, Света Әзізханова, Ғалия Масауырова, Зебер Абдуллаева, Гүлбала Әбуова, Қатира Байғараева, Бақыт Омарова, Балзия Абдраимова, Гүлайым Ариховалар аты аңызға айналған «Шаттықтың» негізін қалаған алғашқы өнер қарлығаштары еді. Шаяндықтардың өнер қолбасшысы, талай жыл осы өңірдің мәдениетін өркендеткен ұйымдастырушы, көркем сөз оқудың шебері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы» Әуесхан Есенжоловтың да бұл салаға сіңірген еңбегі зор.
Мәдениеттің майталманы Әукең ағамыз облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет істеп жүрген жерінен ауданға қайта шақыртылып, 1998 жылдың наурыз айында (наурыз мерекесімен бірге) «Шаттық» ән-би ансамблі мен Шаян халық театрының 20 жылдық кездесуін аудандық мәдениет үйінің алдындағы скверде, жиырмаға жуық киіз үй тігіп, көктемнің келе жатқан жылы лебізімен аталып өткен еді. Соңынан орталық мәдениет үйінде өткен «Шаттықтың» есепті концерті де жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген-ді.
2007 жылы Бәйдібек ауданы әкімі Ұласбек Сәдібековтың ұйымдастыруымен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Ө.Шөкеевтің басшылығында осы «Шаттық» ән-би ансамблінің 30-жылдық мерекесі аудан орталығындағы саябақта тағы да дүркіреп өтті. Ансамбльге ерекше еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға әрқайсысына «Ваз-2107» жеңіл авто көлігі сыйға берілді. «Шаттықтың» атағын дүркіреткен ансамбль мүшелері әр салада еңбек етіп, зейнеткерлікте болса да сахнада жастық шақтағы жалынымен көрерменді тәнті етті. Қазір арамызда жүрген қайсібірін тыңдай қалсаңыз, құлағыңыздың құрышын қандырады. Өнердің таза бұлағынан сусындаған музыканттар деп осыларды айтсақ жарасады.
«Шаттық» ән-би ансамблі кезінде Мәскеу қаласына өнер сапарымен барғанда серігін тауып, сол жақта қалған Зебер Абдуллаева төркініне араға бірнеше жыл салып келген кезде әрбір сәтінде осындағы әнші қыздар жиналып, әрдайым бас қосып жатады. Соның бірі — өткенде үлкен Бөген өзені бойындағы демалыс орнында Шаянның гүлі болған өнерлі қыздардың ортасына тап болдым.
«Құдайға шүкір «Шаттық» десе әлі де елдің есіндеміз, әлі де сый құрметіміз баршылық екен» дейді өнерлі жерлестеріміз. Әрине, «өнер» деген еш уақытта өлмейді, мен өзім де қызды-қыздымен әлі күнге дейін сахнаға қалай шығып кеткенімді байқамай қаламын.
Кезінде заңғар жазушы М.Әуезов «Шаянға барсаң, әншімін деме…» деп ауданға келген бір сапарында аудан өнерпаздарының ән-күйіне сүйсініп, осындай баға берген еді. Жазушының дуалы аузынан шыққан сөз «өнерлі өлкенің символына» айналды десек, артық айтқандық емес шығар. Осы сөзімізге Әуесхан ағамыздың аудан мәдениетін басқарған жылдарда (тұрақты түрде өткізілген) «Шаянға барсаң, әншімін деме…» атты облыстық өнер байқауы дәлел бола алады. Осы байқауда қаншама өнерлі жастардың тұсауы кесілді, қаншама жас өнер айдынына құлаш сермеді десеңіз-ші.
Қарап тұрсақ, Шаянның «Шаттығы» жарты ғасырдан бері өңірді ән мен жырға бөлеп келеді екен. Ендеше, сол мерейлі 50 жылдығын ел есінде қалатындай етіп өткізетін күн де алыс емес шығар дегім келеді.
Ж.БАЙҒОНОВ,
Бәйдібек, Ордабасы мен Сарыағаш аудандарының және «Түркістан қаласының Құрметті азаматы».