Еліміздің күнгейіндегі Мырзашөл өлкесі өзіндік тарихы бар, шежіреге толы өлке. Өзбекстанның екі облысы, бес ауданымен шектесіп жатқан өлкеде үш жүз мыңнан астам тұрғындар мекен етіп, өмір сүріп жатыр.
Мырзашөлдік ағайындар тарихи Отанының қадірін басқалардан тереңірек сезінеді, себебі бұрынғы үш аудан кеңестік кезеңде солақай саясаттың салдарынан көршілес өзбек елінің құрамында болғанын жақсы білесіздер (1963-1971 жж).
Тәуелсіздік алғаннан кейін сол үш аудан біріктіріліп, іріленді. Бұл да болса халқы тығыз өлке үшін қолайсыздау шешім болды. Қаншама азаматтар жұмыссыз қалды, тұрғындарды әуре-сарсаңға салды.
Түстіктегі тынымсыз тірлік иелері қиыр шетіне, шекаралы аймақта тұратын мырзашөлдіктерді Отаншылдық мен мемлекетшілдікке баулитын іс шаралардың қажеттігі уақыт өткен сайын арта түсті.
Халықтық жыр «Алпамыс батыр» эпостық жырындағы ел қорғаған Алпамыс батыр ескерткішін орнату жөнінде ұсыныс пікір жүрек түкпірінде қылаң беріп қалатын.
Жырда кестеленген Жиделі Байсын жерінің бір пұшпағы – Мырзашөлде де бір батыр ескерткіші орнатылса, жас ұрпақты ел қорғауға, ерлікке баулитын символ болар деген ой мазалайтын.
Бұл ойды мен Шымкентте тұратын жерлесіміз ғалым-меценат Мүсілім Таласовтың да аузынан естідім. Ол Жетісайдан Өзбекстанға Гагаринге шыға беріс күре жолға Алпамыс батыр ескерткішін қойсақ, батыр мүсіні айбат беріп тұрар еді деп еді. Бұл 2005-2007 жылдары болатын. Орайлы сөз іштегі ойды үрлей түскендей болды.
2010 жылы тамызда Мақтаарал ауданына облыстан Серік Тұрбеков басшы болып келді.
Мен ол кезде іріленген ауданның ішкі саясат бөлімі басшысы болып қызмет атқаратынмын. С.Тұрбеков мырза үлкен ауданның дамуына үлкен серпіліс берді. Ауыл шаруашылығымен бірге әлеуметтік салаға да мән берді, іргелі құрылыс нысандары салына бастады. (мектептер, стадиондар, ФАП)
Мырзашөлдің қара шаңырағы Атакент (Ильич) селосындағы, кеңес кезінде салынған стадионды күрделі жөндеуден өткізіп, қоршады. Осы спорт кешенінде кәсіпкер Б.Оңғарбаевты тартты. Оңғарбаев құлшына кірісіп, арка қақпасын орнатты. Стадионға Алпамыс батыр атын беруге бастамашыл болды.
2012 жылы қарашада стадионның ашылуын жасап, “Алтын күз” мерекесін өткізді. Облыстан облыс әкімінің орынбасары Берік Оспанов бастаған бір топ қонақтар келді. Мерекелік шарада стадион алдында Алпамыс батыр ескерткіші қойылатын болды деп, орнын белгілеп Б.Оспановқа капсула қойғызды. Жылдар жылжып жатты. Келешекте қойылатын ескерткіш орны үлкен жолдан көзден таса, бір шетте қалатын болғаны мені мазалай берді. Батыр мүсіні арнайы бұрылыс болмаса көзге түспейді, ешкімнің назарын аудармайды деген ұғым ұйқымды шала еткенін несін жасырайын.
Аудан басшыларынан бастап, ешкерткішке қомақты қаржыдан қарасамын деп құлшынып жүрген батыр-шалыс Б. Оңғарбаев та менің пікіріме құлақ аспайтыны белгілі. Не істемек керек, қалай беттерін бұрып, қалай түсіндірсем екен? Осындай ой құшағында жүріп, көңіл шіркін өлкеміздің өз ұлдары, Тойым Жүнісов пен Бегім Серіков ағаларыма жеткіздім. Екеуі де қолдады, орынды пікір екен деді.
Жылдың қыркүйек айында болу керек батырдың мүсіні құйылып бастағаннан хабардр болдық. Алдын ала мүсіннің жасалу жобасын мүсінші Әлімжан Абылаев Бейсенұлы бауырымыз аудан әкімдігіне алып келіп, аудан әкімі бастаған қызығушы топқа, біздерге бірнеше мәрте көрсетті. Ат үстіндегі батыр бейнесі мен Байшұбар тұлпардың сомдалуы, қару-жарақтары, қимылдары жөнінде ел ағалары бірігіп ұсыныс-пікірімізді айтып отырдық. Әлімжан Абылаев керекті құнды ұсыныстарды қағазға түсіріп алып, мүсіннің сұлбасын толықтай түзеп отырды.
Ат үстіндегі Алпамыс батыр мүсіні Шымкентте мүсінші шеберханасында жасалды. Ауданнан азаматтар болып арнайы барып көрдік. Аудан әкімі орынбасары Әділхан Әбжановтың кабинетінде бас қосып, ескерткіш мүсіннің бағасын талқыладық. Талқылауда Әбжанов, Б.Оңғарбаев, Б.Төребеков және мен болдым. Мүсін жасаушы еңбегіне 15 миллион қаражат сұрады. Ескерткішке аудан бюджетінен арнайы қаржы қаралмағандықтан демеушілер есебінен жасатуға келіскенбіз.
Әркім-әркім бағаны түсір деп төмендетіп жатты. Мен үлкендігімді пайдаланып Әлімжан інім биыл он төртінші жыл, мүсін бағасын он төрт миллионға түсір, айналайын деп өтініш жасадым. Қасымдағылар да қолдап шулады. Әлекең сәл үнсіз ойланып тұрып, мақұл аға деп келісімін берді. Ә.Әбжанов маған: “Пердеке, үлкенсіз ғой, сізді тыңдады автор, енді бата беріңіз” деді. Мен бата жасадым, келісім жасалды.
Енді ескерткішті қоятын орынды шешу үшін арнайы жиын өткіздік. Іріленген ауданның үш өңірінен де өкілдер, ел ағалары шақырылды. Жиын аудан әкімдігінің үлкен залында өткізілді. Аудан әкімі С.Тұрбеков ашып жүргізіп отырды. Мүсіншілер ескерткіш жобасымен таныстырып, түсіндірді. Алдын ала қос ағама телофон соғып, ескертіп те қойдым. Ескерткішті Атакенттегі стадион алдына қоюды қолдаушылар Атакент селосы тұрғындары А.Балтабаев, В. Самохвалов А.Құдайқұловтар қолдап сөйледі. Жетісай өңірінен Т.Досаев, С.Жолдыбаев Т.Жүнісовтер көрнекі орынға қойылғаны дұрыс дегенді меңзеді.
Пікірлер екіге бөлінгендіктен, мәселені түсіндіру үшін кезекті сөзді беруді сұрадым.
-«Алпамыс батыр» эпостық жыры оның басты кейіпкері Алпамыс батыр – жалғыз қазақ халқының батыры ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың батыры екендігін айтып, батыр бейнесі, алып Ескерткіш көрнекі орынға, тоғыз жолдың торабына, үлкен жолдың бойында қол жетімді жерде орналасқаны баршамызға тиімді екендігін түсіндіруге тырыстым.
Ондай орын Жетісай-Шымкент трассасы бойында оң жағы – Атакент, сол жағы – Жетісай, ортасында Асық ата кенті үш бағытты жолдың түйіскен жері – Жамбыл ауылы (Қазыбек би) қолайлы болады.
Ат үстінде мұздай қару-жарақпен құрсанған алып Алпамыс батыр бабамыздың үлкен Ескерткіші үш бағыттағы жолаушыларды бей-жай қалдырмайтынын жеткіздім. Алыстан келген қонақтар, аудан тұрғындары, әсіресе, жастар, жас-жұбайлар ескерткішке тоқтап, тағзым етіп, естелікке суретке түспей кетпейтін болатынын да қалдырмадым. Менің пікірімді сол кездегі «Сырдария» университетінің профессоры, зейнеткер, ел ағасы Бегім аға Серіков қолдап, қуаттай сөз сөйледі. (топырағы торқа болсын ағамыздың)
Зал тынышталып, мүсін жасаушы Абылаев Әлімхан да орынды пікірге қосылып, ат үстіндегі батыр мүсіні биіктігі 6-7 м құрайтынын айтты. Сөйтіп, ескерткішті Жамбыл елді мекені тұсындағы түйіскен орынға қоюды қолдаушылар тобы басым болып, тоқтамға келді.
2014 жылдың қара күзінде eскерткіш дайын болғандықтан орыны дайындалып, іргетасын құю жұмыстары жүргізілді. Жер астына 2 м тереңдікте қазылып, қалың цемент құйылды. Құрылыс талаптарына сай жұмыстарды «Нұр-Л- Жетісай» фирмасының басшысы, кәнігі құрылысшы-маман азамат Мұрат Байтелиев басшылығымен, демеушілігімен жүргізді.
Іргетас тұғырдың жалпы биіктігі- 9 метр болып, жалпы 24 тонна цемент жұмсалғанын айтады Мұрат мырза. Батырдың қанаты-Байшұбар мен Алпамыс батырдың айбарлы мүсінінің өзі 6-7 м биіктікті құраса, алып eскерткіштің жалпы биіктігі 14 метрді құрайды.
Көз ұшынан менмұндалап көрінетін алып ескерткіш авторы Шымкенттік Әлімжан Абылаевқа да, негізгі қаржылай демеуші болған, ер мінезді бауырымыз Бауыржан Оңғарбаевқа да қалың қауым, мырзашөлдіктер ризашылығын білдірді.
Алпамыс батыр ескерткіші Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 14 желтоқсанда ашылды. Ашылу рәсіміне Алматы, Астана, Қызылорда, Шымкенттен, алыс-жақын аудандардан қонақтар келді. Аудан әкімі Серік Тұрбеков бастаған ел ағалары Т.Жүнісов, Б.Серіков, Ә Сұлтанбеков жылы лебіздерін білдірсе, елімізге танымал жезтаңдай әнші Серкібаева Наркенже Алпамыс батыр жырына арнайы шығарылған арнау әні жиналғандардың ризашылық сезімін оятты. Әннің рухқа толы сөзі мен әуелеген екпінді әуені жан-дүниені шымырлатып, ерлікке, елдікке меңзеді. Жиналғандардың сұранысы бойынша ән бірнеше рет қайталанып орындалып жатты.
Бахадүр батыр ескерткіш көрген жандарды, жас ұрпақты ерлік пен елдікке, отаншылдық пен мемлекетшілдікке меңзейтін тұғырлы мүсін болып орын тепті Мырза даласынан.
Кәсіпкер, жаңашыл азамат Б.Оңғарбаев ескерткіш аумағына шағын аллея жасап, орындықтар қойып, гүлзар етіп, көшеттер отырғызып, жыл сайын жаңартып, тазалап отырады. Мырзашөлдегі алып Ескерткіштің орнатылу тарихы осылай болып еді.
Мұның бәрін тәптіштеп жазып отырғаным, болашаққа, ұрпаққа жасалған ұлағатты басталған істің қалай болған тарихын кейінгі толқын оқысын, білсін деген ой болды. Туған жердің өлке шежіресін жадында тоқысын деген ниет еді біздікі. Кейіннен тағзым ететін бұл орынға қазақтың қайсар ақыны, Еңбек Ері, М.Шаханов халық әртістері Н.Нүсіпжанов, марқұм Е.Хасанғалиевтер тоқтап, аялдай суретке түсті.
Жас-жұбайлар, жастар, сырттан келген қонақтар тоқтап, баба батыр рухына тағзым жасайды.
П.ЕСЕНБЕКОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі, еңбек ардагері.