Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры Орал Камал мырзамен сұхбат:
— Орал мырза, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры қызметіне тағайындалғаныңызға көп болған жоқ. Дегенмен,театрдың тарихымен, өткен жылдардағы жетістіктерімен танысқан боларсыз?
-Иә. Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласында орналасқан. Жетісай театры өз шымылдығын 1969 жылдың 18 қаңтарда қазақ әдебиетінің классигі Б.Майлиннің «Жалбыр» музыкалық драмасымен ашқан болатын. Режиссері Қасымхан Шанин, басты рольде Жеңіс Қарғабаев ойнады. Театрдың ашылуы аудан көлемінде ғана емес, бүкіл Оңтүстік Қазақстандағы елеулі оқиға болды десек жаңылмаймыз. Жетісай театры Республикамызда өзіндік шығармашылық қолтаңбасы бар, биік көркемдік дәрежедегі өнер шаңырағы екендігі анық. Оның дәлелі, 1978 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №383 қаулысымен Жетісай қазақ – музыкалы драма театры Қазақ ССР-нің халық әртісі, ССРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ.Жандарбековтың атымен аталуы болатын. Бүкілодақтық театрлар байқауының екі рет дипломанты атанса, Алматыда өткен он күндіктің қорытындысы бойынша Қазақ ССР жоғарғы советінің «Құрмет грамотасымен» наградталды. Күні кешегідей көрінгенімен 55 жыл театр ұжымы үшін үлкен бір шығармашылық белес болып табылады.
Театрдың іргетасын өңірдің біртуар саңлақтары; Қасымхан Шанин, Мұхтар Өтебаев, Тасболат Баимбетов секілді өнер десе ішкен асын жерге қоятын кісілер қалады. Мәскеу мәдениет институтының түлегі марқұм Алтынбек Оңалбаев ширек ғасырдан астам уақыт Жетісай театрының бас режиссері қызметін тапжылмай атқарды. Олардың ұлағатты істері мәңгі есте. Бар болмысы театр үшін жаралған дарынды әртістер-А.Ысырайлов, Х.Саурықов, Ш.Қожамұратова, Ы.Иманқұлов, М.Омарбекова, Ш.Хакімжанов, Т.Қыстаубаев, З.Меңлібаев, З.Оспанова, Ж.Қарғабаев, Сәния және Тасболат Баимбетовтер, Ә.Омарова, Қ.Бекмұратова, Ә.Жәбішев, Р.Қошпанқұлов, К.Молдәулетовтер аталған театрдың алғашқы әртістері.
А.Оңалбаев, Т.Әшімов, Ы.Иманқұлов (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі), Т.Қыстаубаев (Қазақстан халық әртісі), Т.Баимбетов (Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері), Е.Оразымбетов (Қазақстанның халық әртісі), Ө.Тастанбеков, Ж.Есенбеков, Ә.Құлданов, (Қазақстанның мәдениет қайраткері), Ғ.Арынов, С.Тасеменова, И.Ниязбеков, Т.Ахмет және тағы басқа жандар сан жанрлы қойылымдарды сахналауда толыққанды сахналық дүниелердің жарыққа келуіне режиссерлік дарындылықтың арқасында көп күш салғаны өнер сүйер көпшілік қауымға белгілі.
Әр кезеңдері бас суретшілік міндеттерін мойындарына алып, Жетісай театрының жетістіктеріне қуанып, кемшіліктеріне күйініп, қызығы мен қиындығы қатар жүретін сахна өнерінің бар машақаттарын бастан өткерген Д.Роот, А.Қойшыбаев, қазіргі таңдағы бас суретші Б.Сраилов (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері), Т.Байдарбеков сахна безендіру ісімен, бедерлі бояу нақыштарымен театр тарихында айшықты таңбаларын қалдырды.
Жоғарыда айтылған театрымыздың іргетасын қалаған әртістеріміздің ізін жалғастырушылар — Ә.Енімбаев, ҚР мәдениет қайраткерлері: Р.Бейсебаева, Ұ.Базарбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ұ.Әкім, К.Сейітметов, Р.Манжігітова, Н.Тілеубергенов, А.Серікбаева, Б.Сүлейменова, М.Жұмаділдаева, А.Раметова, Ә.Сапаров, Ұ.Дәрменшиева, Н.Анасов, З.Найзағараев, А.Бейсебаев, Қ.Жолшыбеков, Ж.Тастеміров, Қ.Құлыншақ, А.Қолдасов, Ғ.Қаппаров, О.Қалыбекова, Б.Қалдарбекова, А.Өтебеков, Б.Баймағамбетов әр кезеңдерде театрдың ауыр жүгін арқалаған бейнетқор жандар.
Театрдың 1991-2021 жылдар аралығындағы жетістіктеріне келетін болсақ. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары экономика құлдырап мәдениет пен өнер, оның арасында театр саласы үлкен қиыншылықтарға тап болғаны белгілі. Осы уақыт ішінде театр қазақ, өзбек, орыс, қырғыз және шет елдер драматургтерінің 200-ден аса драмалық, комедиялық, трагедиялық сан алуан дүниелерді сахналастырды, сан мыңдаған көрерменнің ықыласына бөленді. Республикамыздың көптеген облыстарында, көршілес ТМД елдерінде болып, талғампаз Астана, Алматы көрермендерімен де бірнеше рет жүздесіп спектакльдеріміз жоғары бағаланды.
Ал, 2022 жылы 10 ақпан күні Е.Аманшаевтың «Қайдасың?» (Балкон) мелодрамасының премьерасы өтті. Қоюшы режиссері Б.Ербатша, қоюшы суретшісі Х.Байтелиев. Ө.Пістебектің «Қынсыз қылыш Құрманбек» драмасының премьерасы 5, 6-мамыр күндері өтті. Қоюшы режиссері Т.Ахмет (халықаралық фестивальдердің лауреаты), қоюшы суретшісі Х.Байтелиев. 17-маусым күні Д.Исабековтың «Актриса» драмасының премьерасымен театрдың 53-маусымының жабылуы өтті. Қоюшы режиссері А.Қалыбеков (келісім-шарт бойынша), қоюшы суретшісі Б.Сраилов (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері). Премьераға Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Б.Құрманқожаев (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері), директор орынбасары Т.Ахметов және бір топ театр әртістері, Жетісай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Махамбетов (ҚР мәдениет қайраткері), театр ардагері Ұ.Базарбаева (ҚР мәдениет қайраткері) қатысты. 22-қыркүйек күні С.Балғабаевтың «Айпаттан шыққан алтын сақа» балаларға арналған қойылымының премьерасы өтті. Қоюшы режиссері Б.Ербатша, қоюшы суретшісі Е.Назаримбетов. 24-25 ақпан күндері Түркістан қаласына гастрольдік іс-сапар ұйымдастырылды. Түркістан сазды драма театры ғимаратында қала тұрғындарына Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» трагикомедиясы көрсетілді.
Сонымен қатар жыл бойы театрдың шығармашылық топтары Н.Жұбатқанның «Достар» балаларға арналған қойылымымен Сарыағаш, Шардара аудандарында гастрольдік іс-сапарларда болып қайтты.
Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Түркістан музыкалық драма театрының» арнайы шақыру хатына сәйкес, өзара әріптестікті жалғастыру, тәжірибе алмасу мақсатында келісімдері бойынша, театр әртістері А.Өтебеков, Б.Қалдарбекова А.Нүсіптің «Мағжан» спектакліндегі рөлдерге бекітіліп, қойылымның премьерасында рөлдерін ойнап қайтты.
30-қараша күні Шымкент қалалық орыс драма театрында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Б.Сраиловтың «Кеңістік» атпен театр сәндік және бейнелеу өнері көрмесі аясында шығармашылық кеші өтті.
Театр әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ө.Пістебектің «Жаңа жылдық шырша» атты балаларға арналған мерекелік шоу бағдарламасы сахналастырылып, балғын көрермен назарына ұсынылды.
Ал,енді театрдың жетістіктеріне келсек, «Халықаралық театр күні» мерекесіне орай әртіс Қ.Қасымбеков,театр әртісі Ш.Айдынбекова, костюмдер цехының меңгерушісі С.Түкібаева Қазақстан театр қайраткерлері Одағының «Дара» төсбелгісімен марапатталды. 21-мамыр «Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» мерекесіне орай театр әртісі А.Өтебеков, 25-қазан «Республика күні» мерекесіне орай театр әртісі Б.Баймағамбетов және С.Айдаровалар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 21 мамырдағы №899 Жарлығымен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының сол кезеңдегі директоры Сраилов Бақыт Бекмырзаұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Сонымен қатар Б.Сраилов «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының заңғар жазушы Ш.Айтматовтың 90 жылдығына арналған медалімен марапатталып, Қазақстан көркем академиясы Түркістан ұйымы басқарма кеңесі 2022 жылғы 14 қазан шешімімен (№22-2 хаттама) қоғам қайраткері Б.Сраилов Қазақстан көркем академиясы Түркістан ұйымының толық мүшесі (Академигі) болып сайланды.
— Жаңа басшы жаңа идеялармен жарақтанып келген бе,жоқ па деп көпшілік әр ісіңізге сын көзбен қарап жатқан болар. Жалпы, айтылған сынды қалай қабылдайсыз?
— Осы жылы қызметке тағайындалған соң бірінші кезекте театр ұжымынан еңбек тәртібінің сақталуын өтіндім. Әр бас қосқан сайын театр мемлекеттік мекеме екендігін, сондықтан Қазақстан Республикасының Еңбек туралы заңында тәптіштеліп түсіндірілген, еңбек тәртібі туралы баптармен таныстырып отырдым. Мұндағы мақсат – жұмыс өнімді әрі сапалы болуын қамтамасыз ету. Өйткені, театр адамдардың спектакльдерден рухани азық алатын, іштей ой түйетін, жанын жақсылыққа жанитын орыны. Осы орайда нешеме спектакльдер қойылды. Әлі де қойылады. Негізгі жұмыс осы болғандықтан мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржыға сахнаны барынша табиғи сипатта, яғни көрерменге сенімді сурет туғызу мақсатында әдемі безендіруге, әртістердің спектакль оқиғасына, уақытына сай киінуіне, музыкасына ерекше көңіл бөлінеді. Әрине, мұндағы ең басты талап – қай деңгейдегі рольді ойнамасын әртіс шынайы образ жасауы тиіс. Сондықтан театр әртістері әр спектакльге көп уақыт бөліп, образды ашуға мол күш-қайрат жұмсап, ізденіс үстінде жүреді. Театрдың бүкіл ұжымы спектакльдің көрермен талғамынан шығуы үшін жұмыла жүк көтергендей бірлік пен татулықты ту етіп еңбек етеді.
2023 жылы Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Осы орайда Түркістан шаһарында әр ауданның бесжылдыққа тарту ретінде «Өнерлі өлке» фестиваліне қатысып, өнер көрсетуі, ұлттық спорт түрлеріне қатысуы болды. Жетісай ауданының атынан біздің театр да қатысып, шаһардағы «Фараб» әмбебап ғылыми-көпшілік кітапханасының сахнасында театр әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ө.Пістебектің қазақ халқының дарынды ұлы Құрманбек Жандарбековтің өмірі мен шығармашылығын толғайтын «Қынсыз қылыш Құрманбек» драмасын қойдық. Көрермен жылы қабылдады. Өйткені, әртіс туралы драма жазу өте қиын. Сондықтан болар атын иемденген театрда 55 жыл өткен соң бірінші рет ол кісі туралы спектакль қойылуы шынында да жаңалық еді.
Тамыз айының 14 күні театр сахнасында заңғар жазушымыз М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалы комедиясының премьерасы өтті. Патша көңілді көрермен үлкен ілтипатпен қабылдап, соңында сахнада, сосын интернет желісінде жылы пікірлерін, игі тілектерін қалдырып жатты. Әрине, бұл – еңбектің еленгені, күшімізге күш қосқаны, үкілі үмітімізді желбіреткені деп шабыттандық. Ал, жас балғын көрермендерге арнап С.Михалковтың «Екі торай» қуыршақ спектаклін ұсындық. Жарты сағаттық спектакльді балғын көрермендер қызыға тамашалап, күліп-ойнап қуанып, көңілді тамашалады.
Ал сынға келсек – орынды айтылған сынды жүрегіммен қабылдаймын. Яғни, сүрінбейтін тұяқ жоқ дегендей, пендеде өмір болған соң қателесу болады. Сынды түзеуге, жұмысты жақсартуға ұмтыламын. Мұндайда «Сын түзелмей – мін түзелмейді» дейді ғой халқымыз. Ал, орынсыз, көпе-көрнеу жала жауып, оны сын ретінде көпшілікке ұсынған әдісті ашығы керек –жақтырмаймын. Шынымды айтсам – жүректі ауыртады. Мұндай «сын» ұжымды, соны оқыған адамдарды жолдан адастырады, бір адамға, тіпті бүкіл ұжымға деген сенімге селкеу түсіреді.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай? Оқырмандарымызбен бөлісе отырсаңыз.
— Қазақстанда қанша аудан болса соның бірде біреуінде Жетісай драма театры сияқты кәсіби театр жоқ. Бұл Мырзашөл өлкесінің бір пұшпағы деп аталатын Мақтаарал, Жетісай аудандарының 400 мыңға таяу тұрғындарының бағы. Жетісай театры ғимаратының өзі неге тұрады? Осы өлкенің бренді емес пе? Сосын Түркістан облысындағы бірден бір қара шаңырақ болып отыр. Яғни, облысымызда үш театр болса, соның бірі – 55 жылдық тарихы бар осы Жетісай драма театры. Осыны ескере келе театр репертуарын байыту мақсатында 2023 жылы орыс драматургы А.Володиннің «Махаббат бер!..», А.Баймуханметовтің «Тастамашы, анашым» драмаларын сахналастыру үшін театрға М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының қоюшы режиссері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы, белгілі режиссер А.Оспанбаеваны шақырдық. Қыркүйек айының 4 күні театрымыздың 55-маусымының ашылуы болды. Міне, сол күні «Махаббат бер!» драмасын көрермен назарына ұсындық. 11 қыркүйек күні жетім балалар үйіндегі қиыншылығы мен қыспағы көп тіршіліктен сыр шертетін «Тастамашы, анашым!» драмасын көрермен назарына ұсындық. Патша көңілді көрермен жылы қабылдады. Кейінгі кезекте драматург В.Орловтың балаларға арналған «Алтын балапан» ертегісі, драматург Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әпсанасы, америкалық драматург У.Сароянның «Жұмақтағы жасын» криминалды драмасы сахналанады. Сосын шет елге гастрольдік сапармен шығу жоспарымызда бар. Бұл тарапта келіссөздер, мәмілелесу дегендей алғышарттар жасалыну үстінде.Алдағы уақытта туған еліміздің бірнеше облыстарына барып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген бірқатар спектакльдерді қоймақпыз. Жоспар, ой үдесінен шығу мақсатында қазір үлкен ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Қыркүйек айының басында Жетісай драма театры басшылығы мен әртістері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Кездесу барысында Жетісай драма театрының 2023-2024 жылдарға арналған жоспары, олардың орындалуы, бүгінгі таңда атқарылып жатқан негізгі жұмыстар талқыланды.
— Фейсбуктегі театр сайтында 5 мыңдай, Инстаграмда үш мыңдай оқырмандарыңыз бар екен. Бұл қуанарлық жәйт. Сосын сайттарыңыздан келесі жылы театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүреді деген ақпаратты оқып қалдық.
-Ия, 2024 жылы 55 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген театр ғимаратын жөндеу үшін құрылыс жұмыстары жүреді. Қазір сараптамалық-сметалық бағалау, зерделеу шаралары атқарылып жатыр. Оған қуанбасақ, еш ренжімейміз. Өйткені, театр ғимараты заманауи рең алып, Мырзашөл өлкесінің де тұрғындарына қуаныш сыйлайды деп ойлаймыз. Ал, біз өз тарапымыздан жаңа, сапалы, ойлы әрі қызықты спектакльдерді ұсына береміз деп көрермендерді сендіреміз.
Өнерді жанындай сүйген адамдар ортасында өмір сүргендіктен болар сайтымыздағы оқырман саны едәуір. Қылт еткен жаңалығымызды театрсүйер жандармен бөліссек деп отырамыз. Сондықтан болар фейсбуктегі, инстаграмдағы оқырмандарымыз да белсенді әрекет етіп, позитивті пікірлерін білдіріп, ұсыныс-ойларын да айтып жатады. Оларға рахметтен басқа айтарымыз жоқ.
— Кәсіби театр бағын жандыру үшін нендей жұмыстар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
— Біріншіден, маман кадрлар керек. Бұл мәселені шұғыл қолға алдық, қазір төрт кәсіби жас әртіс жұмысқа қабылданды, ендігі кезек көркемдік жетекші, яғни бас режиссер лауазымына хабарландыру жариялап, қызметке шақырып жатырмыз. Яғни, кәсіби театр болғандықтан оған да кәсіби, тәжірибелі режиссер керек. Себебі, режиссер және әртіс театрдың діңгегі. Осы қызметкерлер еңбекққор, ізденгіш, өз кәсібін жанындай сүйетін азаматтар болса театрдың бағы жанады.
— Театр деп нені түсінесіз?
— Театр мен киноның айырмашылығы – сіз театрда көресіз, ал кинода сізге көрсетеді. Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын. Театр дайын драматургияны қойып беру емес, ондағы оқиғалардың неге олай болғаны жайында ойлану. Сахнадан адамды емес, актерды көрсең жалығасың. -Міне, Александр Адабашьян, Григорий Ревзин, Тадаси Судзуки, Василий Ключевский деген театр майталмандары айтып кеткен ақыл-нақылдар.
— Театрға классиканы көбірек қою керек деп жатады. Осы айтқанға келісесіз бе?
— «Егер театрда тек классика ғана қойыла берсе, онда театрдың өлгені» депті театр саласының жанашыры, күре жол салушысы Владимир Немирович Данченко ақсақал. Сондықтан классикамен қатар драмалық, комедиялық жанрларда да спектакльдер қоямыз. Бәрінде өмір, тіршілік бар, адамдардың адамдармен қарым-қатынасы бар, күлу, қиналу, қуану дегендей адам кейпін ашуға сеп болатын жақсылы-жаманды оқиғалар бар. Осыны меңгеру әртістің ісі. Ол шынайылыққа жатады. Ал, шынайылықты көрермен көрген кезде өзгеше күйге енетіні ақиқат. Міне, осы мақсатта бәріміз бір адамдай іс атқарып жатырмыз.
— Әңгімеңізге рақмет. Еңбектеріңіз жана берсін.
Сұхбаттасқан Ө.ЕРКЕБАЙҰЛЫ.