Ағаш ауаны тазартады. Түрлі газдарды өзінің бойына сіңіріп, орнына оттегі бөліп шығарады. Одан бөлек, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтайтынын, көшедегі шудың азаюына да ықпал ететінін білеміз. Тізбектей берсек, жасыл желектердің адамға берер пайдасы зор. Осыны терең ұғынған халқымыз «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді», «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деп текке айтпаса керек-ті. Осыдан он жыл бұрын Түркістан қаласы ағашы мен бұтасы, талы мен терегі сирек кездесетін аймақтардың бірі болатын.
Дегенмен Түркістан облыс орталығы мәртебесін иемденген жылдан бастап түрлі бастама мен жобалардың арқасында ажарланды. Киелі шаһар бастапқы болмысын сақтай отырып, гүлдене түсіп келеді. Күн санап қала ажарына көрік беретін жасыл желекпен толықты. Қала ішінде көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанымен, жұмыс нәтижесі тұрғындардың көңілін көншітпей, сынға ілігіп үлгерді. Бірі ағаштардың күтімі дұрыс болмай, көктемей қалғанын айтса, екінші бірі Түркістан климатына арнайы ағаштар жерсіне алмады деген болжам жасады. Дегенмен Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Экология ғылыми зерттеу институтының директоры Аманкүл Ақбасова жасыл желектердің жерсінбеуіне қала климаты толықтай себеп бола алмайды дейді.
– Кез келген нәрседен жақсы нәтиже алу үшін соған лайықты жұмыс жасау қажет. Түркістан климаты салыстырмалы түрде кез келген ағаштың жерсінуіне тиімді. Әрине, табиғи климаттық фактор белгілі деңгейде әсерін тигізеді, бірақ оны ағаштардың қурауына себеп қыла алмаймыз. Жалпы қалада антропогендік фактор жоқ есебінде. Сондықтан көгалдандыру жұмыстарына экологиялық проблема анау айтқандай тосқауыл емес. Кез келген өсімдікті жергілікті жердің ахуалына қарай жерсіндіруге болады. Тек бастапқы бір жыл күтімді күшейтіп, жиі суарып тұру қажет.
Қала ішіне 2019 жылы 177 мыңнан астам жасыл желек отырғызылса, 2020 жылы 50 200, екі мыңға жуық ағаш егілген. Осы жылдар ішінде павлония, қарағай, шырша, шынар, катальма сынды суды көп талап ететін ағаштар жерсіндірілген. Ал Аманкүл Ақбасова жоғарыда аталған ағаштардың барлығына тәжірибе жүргізіп көргенін, ерекше тұқымды өсімдіктер күтімі дұрыс болмаса жеміс бермейтінін айтады. Сондай-ақ жасыл желектердің жерсіне алмауына химиялық қоспалы тыңайтқыштар да әсер етеді дейді. Тіпті маман өз лабораториясында өндіріліп, тәжірибеден өткен биогумус тынайтқышын ұсынды. Оның ойынша, табиғи жолмен жасалған тыңайтқыш экологияға да, өсімдіктің жетілуіне де үлкен олжа. Сонымен қатар, сән үшін ағаш түбіне тасталған ақ тастар талдарды қуратып жібереді екен.
– Кейінгі жылдары бой көтерген Керуен сарай кешеніндегі ағаштарға обал. Себебі ондағы теректердің түбіне сыртқы көрінісін ғана әсем етіп көрсету үшін ақ тастар төселген. Ол өсімдікке қауіпті. Себебі ақ түсті тас күнмен шағылысып, тамырымен ағашты қуратып жібереді. Байқап қарасаңыз, Керуен сарай ішінде ақ тас төселген барлық ағаштар қурап кеткен. Ең сорақысы, оларды енді қалпына келтіре алмайтынымыз,- дейді Аманкүл Ақбасова.
Аманкүл Ақбасова бұл олқылықты бірнеше жерде көтерген екен. Алайда маманның кеңесіне құлақ асып, мән берген ешкім болмаған. Қаладағы университет маңайында әбден зерттеуден өткен, 127 декоративті ағаштары бар ботаникалық бақ орналасқан. Түркістан қаласы үшін де, университет үшін де ерекше мекен. Онда белгілі бір аймақта бұдан бұрын кездеспеген өсімдік түрлері жерсіндірілген. Түркістан облыс орталығы статусын енді иемденіп, қала ішін көгалдандыру жобалары әлі қолға алынбаған уақытта газетіміздің ұжымы биология ғылымдарының докторы Құлахмет Байжігітовпен сұқбаттасқан болатын. Сонда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бақ директоры ағаш егуде өз тәжірибесімен бөлісіп, тіпті ұсыныс түсіп жатса көмектесе алатынын айтқан. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, әр саланы сол ортада қайнап піскен, тәжірибесі бар мамандардың қолға алғаны, пікір білдіргені маңызды. Мысалы Құлахмет Байжігітов Түркістанды көгалдандыру үшін алдымен су мәселесін ретке келтіріп алуға кеңес берген. Нағыз маман талдамасы бүгінде өзектеніп, көгалдарды суару мәселесі біраз қиындық туғызып жатқан жайы бар.
Қала ішін көгалдандыру мәселесі сөз жоқ керемет бастама. Өңірдің ажары мен көркін аша түсетін жасыл желектер қоршаған ортаға да пайдалы. Түркістандағы жасыл желектерге қыруар қаржы бөліп, айналаны ағашқа толтыру бастамасы құптарлық жұмыс. Мысалы қаланы көгалдандыру жұмыстарына жалпы үш жыл ішінде 3,5 миллярдтан астам қаржы қарастырылған. Аталмыш көрсеткіш үкіметтің бұл мәселеде немқұрайлық танытып, атүсті қарап отырмағанына дәлел. Дегенмен, жоғарыда аталған мәселені сараптап «Маманға құлақ аспай, ағашты қуратып алмадық па?» деген ой келеді. Қалай болған күннің өзінде, мұндай ауқымды бастамалар тәжірибелі адамдардың кеңесіне мұқтаж болатыны белгілі.