SMS-алаяқтық жөнінде ақпарат. Бұл да соңғы уақытта көп болып жүрген алаяқтық қылмысқа жатады. Мәселен, сізге телефон немесе теледидар секілді бағалы заттар сататын белгілі компаниялардың немесе туристік фирмалардың атынан хабарлама келеді не телефон шалады да: «Сіз бағалы сыйлық ұттыңыз», «Шетелге жолдамаға ілігейін деп тұрсыз» деп қызықтырады. Жуырда болған бір оқиғаны айта кетейін. Бір азаматқа тұрмыстық техника сататын белгілі дүкеннің атынан «Құттықтаймыз! Сіз жүлделі болдыңыз! Толық ақпарат алу үшін мына нөмірге хабарласыңыз» деген SMS-хабарлама келеді. Қазекең мұндай батпан құйрықты құр жіберсін бе, ол не жүлде болды екен деп звондаса: «Сіз біздің тауарларымызды алған тұрақты клиентіміз болып келесіз. Біріншіден, сізге сол үшін алғыс айтамыз. Екіншіден, біз өз клиенттеріміз арасында жүлде ойнаттық. Соның ішінен сіз ұтып тұрсыз. Сізге плазмалық теледидар сыйламақшымыз. Енді оны сізге жеткізу үшін 5 мың теңге жол шығынын төлеу қажет», дейді. Ол QIWI-әмиянмен ақшаны аударып жібереді. Сәлден кейін тағы қоңырау шалып: «Кешіріңіз, біз қателесіппіз, 5 мың теңге тек рәсімдеу үшін ғана екен. Ал, жол шығыны – 10 мың теңге», дейді. Бұл болса: «Жарайды», деп оны да аударады. Сосын бұдан мекенжайын сұрап, 4-қабатта тұратынын білгенде: «Кешіріңіз, 4-қабатқа шығару үшін жұмыскерлерге әр қабатына мың теңгеден 4 мың теңге төленуі тиіс», дейді. Әлгі кісі: «Мен өзім-ақ барып алып кететін едім ғой», десе, «Жоқ, біз өзіміз апарып береміз», деп тағы 4 мың теңгені аудартып алыпты. Онымен тоқтамай тағы бір-екі мәрте хабарласып, ақша төлеудің жолдарын айта бастайды. Содан соң, күмәнданған әлгі кісі ашуланып оларға ұрса бастағаны сол екен, телефон тетігін дереу қойып, сол күйі ол нөмір сөндірулі болады. Міне, бір қарағанда қарапайым болса да, осындай алаяқтықтарға бүгінде елімізде көп адам алданып қалып жатыр. Негізі өмірде болып жатқан интернет-алаяқтық жағдайлары біздің статистикада тіркелген көрсеткіштен әлдеқайда көп. Бірақ, адамдар оған мән бере бермейді. Мәселен, сіздің компьютеріңізге немесе смартфоныңызға вирус кіреді де, браузеріңізді бұғаттап тастап, ол жерге өзінің браузерін жүктеп қояды. Сіз оған кіргенде бағдарламалардың бәрі толықтай істен шығады да, экранға: «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі хабарлайды. Сіз осындай заңсыз сайтқа кіргеніңізге байланысты компьютеріңіз бұғатталды. Сол үшін айыппұл төлейсіз (10-15 мың теңге), сонда сізді бұғаттаудан шығарамыз», деп жазылады. Осыған көп адамдар, әсіресе, интернеттегі әр сайтқа қызығып кіре беретін жасөспірімдер тап болып қалады да, үйіндегілерге айтпау үшін көрсетілген шотқа ақша төлеп жатады. Естеріңізде болсын, мемлекеттік органдар компьютерді не смартфонды бұғаттамайды. Ішкі істер министрлігінің бұндай хабарламаларға қатысы жоқ. Оқырмандар хабардар болып жүруі үшін мына маңызды жағдайды да айта кетсем артық болмас. Жақында бір қыз әлеуметтік желіде бір жігітпен танысып, сөйлесіп отырып: «Менің «iPhone»-ымды бүгін әкем жұмысқа алып кетіпті. Ішінде жеке суреттерім бар еді, көріп қоятын болды, енді не істесем екен?» дейді жігітке. «Егер сізде де «iPhone» болса, менің «iCloud»-ма кіріп, суреттерімді өшіріп тастаңызшы», деп өтінеді. Өздеріңіз білесіздер, «iPhone», айпадтарда «iCloud» деген бағдарлама бар. Әр тұтынушының өзінің жеке логині мен паролі болады. Егер басқа телефоннан сол логин-парольмен кірсе, оның суреттерін, мәліметтерін көре алады. Жігіт келісіп, қыз жолдаған логин мен пароль арқылы «iCloud»-қа кіреді. Қыз «суреттерімді көрдің бе, ішінен «интимдік суреттерді» өшірші» дейді, жігіт «интимдік суреттерді» таба алмағанын айтады. Сонда қыз ол суреттерді көру үшін «iPhone»-ды табу» бағдарламасына қосылу қажет дейді. «Интимдік фотосуреттерімді» деген соң жігіттің қызығушылығы оянып, аталған жүйесіне қосылады. Сол кезде қыздың «iCloud»-на қосылған телефондар тізімі шығады да, қыз өзіне қосылып жатқан жігіттің «iPhone»-ын бірден бұғаттап тастайды. Сол сәтте жігіттің телефоны қайта жүктеуге кетіп қалады да, қайта қосылмайды. Сөйтіп, алаяқ қыз оған: «Мен сені құттықтаймын. Сенің «iPhone»-ың қазір бұғатталды. Оны мен ғана іске қоса аламын. Сізге жаңа парольді беру үшін шотыма ақша саласыз», дейді. Егер қыздан парольді алмаса, жігіттің телефоны мүлдем қосылмайды деген сөз. Сондықтан, әлеуметтік желілерде таныс емес адамдармен араласуда аса сақ болған жөн. Қазір әдемі қыздар мен жігіттердің суреттері қойылған фэйктік парақшалар өте көп. Ол жерде аяқтан шалатын алаяқтықтардың да сан түрі пайда болуда. Бұл бізден бөгде біреулермен сөйлесуде сауысқандай сақ болуды талап етеді.