Қазақстанда тарихи-этнографиялық музейлермен қатар, белгілі бір тұлғалардың өміріне арналған, тарихи оқиғаларға арналған музейлер де бар. Солардың бірі – «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагерінің» тарихынан сыр шертетін «АЛЖИР» музейі. Ол Астана қаласына таяу жердегі Ақмол ауылында орналасқан. Тарихтағы қан сасыған сол жылдардың оқиғасын музейдің экскурсия маманы Гүлнұр Мейірханова айтып берді. Бұл лагерьде көптеген қазақ зиялыларының анасы, жұбайы, қарындастары «Халық жауының» отбасының мүшесі ретінде 5 жылдан 8 жылға дейін тұтқында болған. Он бес жылдың ішінде мұнда жалпы 62 ұлттың 18 мыңға жуық әйелі кезең-кезеңімен тұтқында болған. Алайда тек 8 мыңға жуық әйелдің ғана аты-жөні белгілі. Оның ішінде тек 87 қазақ әйел туралы дерек бар. Олардың ішінде Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Арифа Есенғұлова, Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал Майлина, Темірбек Жүргеновтың әйелі Дәмеш Жүргенова, Жұмат Шаниннің әйелі Жанбике Шанина бар. «Әйелдердің көбін үйінен «тұтқындағы күйеуіңмен кездестіреміз» деп алдап алып шығып, «халық жауының» туысқаны болғаны үшін соттап, АЛЖИР-ге алып келген. Музейдің сыртында тұрған «Сталиндік вагон» – сол жылдардың айғағы. Оны халық арасында «Қызылша» деп атаған. Ол 1924 жылы астық тасу мақсатында шығарылса, 1937 жылы тұтқын әйелдер тасуға пайдаланылған. Ал айдалған әйелдердің баласын ешкімнің рұқсатынсыз балалар үйіне алып кеткен. Шыққан тегін ұмыттыру үшін бірге туған ағайындыларды әртүрлі лагерьге жіберген, туған жылы мен аты-жөнін өзгерткен. Балалар үйінде де жағдай мәз емес еді. Айына 40-50 баланың өлімі тіркелген екен», – деп бастады Гүлнұр Мейірханова сөзін. Лагерьде әйелдер түрлі қиыншылық көрген. Күніне 14-16 сағатқа дейін қамыс шабу, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, егін ору, арық қазу, саман кірпіштен барак тұрғызу сияқты қара жұмысқа салынған. Оларға ас-ауқат ретінде быламық сорпасы мен қара нан берілген. Тамақтың дәмсіз болғаны соншалық, оны итке тастаса жемеген екен. Әйелдерден тамаққа қатысты наразылық қабылданбаған. Берілген нан кейде шикі, кейде қатты болған. Баласын сағынған әйелдер сондай шикі қамырларға тұз бен су қосып, түрлі ойыншық мүсіндер жасап, гүлдерді қайнатып, оларды түрлі түске бояған. «Жұмыс нормасын дұрыс орындамаған әйелдерге түрлі жаза қолданған. Сондықтан әйелдер егінді қоян жеп кетпеуі үшін өзіне берілген бір түйір тамағын әр түп егіннің түбіне қойып, қоянмен бөлісуге мәжбүр болған. Тамақты жеген қоян егінге тиіспейтін болған. Содан алғашқы жылы көп әйел қайтыс болып кеткен», – дейді экскурсия жүргізушісі. Сонымен қатар тұтқындағы әйелдерге жақындарына хат жазуға жылына бір рет қана рұқсат берілген, жақындарынан келген хатты да жылына бір рет қана әкеліп берген. Соның өзінде күзетшілер хатты әйелдердің қолына бермей, жанып жатқан оттың ішіне тастап жіберетін болған. Сонда әйелдер хатты оттан жалаң қолмен жалма-жан суырып алып, оқиды екен. Қазір мұражайда сондай жартысы отқа күйіп кеткен хаттар мен балалардың анасына жазған хаттарының көшірмесі қойылған. Балалардың хатын оқысаң, олардың да бақылаумен жазылғанын байқауға болады. Себебі балалар анасына «өзінде бәрі жақсы екенін» жазған. Сонымен қатар кей балаларды қорқытып, тырнағына ине тығып, анасынан бас тартқызған. «Ақмол ауылының жанында Жалаңашкөл деген көл бар. Әйелдер бұл жерде күніне 30-40 бума қамыс жинаған. Кей әйелдер норманы асыра орындаса, ертерек босайтынына сеніп, 70-80 бума қамыс жинайтын болған. Көлдің арғы бетінде Жаңажол деген қазақ ауылы бар. Сол ауылдың тұрғындары қамыс шауып жүрген тұтқын әйелдерге алыстан құрт лақтыратын болған. Алғашында әйелдер оны тас екен деп ойлайды. «Біздің еш жазығымыз жоқ қой. Неге бізді сонша жек көреді» деп жылаған кезде күзетшілер оларға «Сендердің халық жауының әйелі екендеріңді қазақтар да біледі, сол үшін тас лақтырады» дейтін болған. Бұл туралы осы жерде тұтқында болған неміс келіншек Гертруда Платайс өзінің естеліктерінде айтқан. Гертруда сондай бір күндері «тасқа» сүрініп құлап, көз алдында жатқан «тастан» сүт иісі шығатынын байқайды. Ақырын аузына салып дәмін татса, жеуге келетінін аңғарады. Баракқа әкеліп, қазақ әйелдерге көрсеткен кезде ғана ауыл тұрғындарының лақтырып жүргені тас емес, құрт екенін білген. Кейін осы естелік бойынша Раиса Голубева «Құрт – асыл тас» деген өлең шығарған. Сонымен қатар ауыл тұрғындары әйелдер үшін қамыс арасында ет, балық, нан тығып кететін болған», – деп тарихтан сыр шертті Гүлнұр ханым. Лагерьдегі әйелдер күнделікті жұмысымен қатар тігін тігумен де айналысқан. Алғашында тігін цехын өздері сұрап, аштырған. Басында өздеріне жұмысқа арналған киім тіксе, кейін майдандағы сарбаздарға арнап киім тігіп жіберген. Кейін кестелеп, түрлі заттар тігетін болған. Оны күзетшілер жергілікті базарға апарып, сатып жіберетін болған. Оны кейін бостандыққа шыққан кезде әйелдер базар сөрелерінен тапқан. «Әйелдер өздері қолдан тұрғызған барактарда тұрды. Бір баракта 250-300 адам тұрған. Әйелдер оны қамыспен жылытқан. Қамыс тез жанып кеткендіктен, түнімен кезекке отырып, от жағуға мәжбүр болған. Сонда барактың ішіндегі ауа температурасы бар болған 6-9 градус арасында болған екен», – деді музей қызметкері. Гүлнұр Мейірханованың айтуынша, лагерьде әйелдерде түрлі зорлық-зомбылық жасалған. Салдарынан осы лагерьде 1 507 бала заңсыз өмірге келген. Олар үш жасқа толғанға дейін баракта анасының жанында болған. Үшке толған соң анасының рұқсатынсыз балалар үйіне өткізілген. Сол балалардың арасында хат-хабарсыз кеткені көп. «Қарағанды қаласындағы Долинка елдімекеніне жақын жерде «Мамочкина моласы» бар. Бұл жерде қанша бала жерленгені әлі күнге дейін белгісіз. Себебі қыстыгүні қайтыс болған балалардың денесін дәліздегі қара бөшкелерге жинап қойып, көктем келіп, жер жібігенде үлкен шұңқыр қазып, бірге көметін болған. Сондай бөшкенің ішіне Бейімбет Майлиннің қызы Гүлсім Майлина да түскен. Аштықтан әлсіреп, талып қалған баланы балалар үйінің қызметкерлері өлдіге санап, бөшкеге лақтыра салған. Кейін дәлізде жүрген тәрбиеші баланың саусақтары қимылдап жатқанын байқап, үйіне алып кетіп, тамақтандырып тірілтіп алған. Әлі дәм-тұзы таусылмаған Гүлсім осылай аман қалған. Кейін медицина факультетіне оқуға түсіп, лагерьге анасын іздеп барған», – дейді Гүлнұр. Музей қызметкері музейдің ашылу тарихын да тарқатып берді. Ақмол ауылы бұрын Малиновка деп аталған. Себебі бұл жерде таңқурай өте көп өскен екен. Кейін белгілі болғандай, оны осы лагерьде қамауда болған әйелдер отырғызған. Бұл ауылды Иван Иванович Шарф басқарған. Ол неміс ұлтының өкілі. Әке-шешесі Қазақстанға жер аударылған. Анасы орман жұмыстарында қайтыс болған. Осы Иван Иванович ауылды басқарып тұрған кезде Жалаңашкөлдің маңайынан құс фабрикасын салмақ болады. Сол кезде құрылысшылар топырақты қазған сайын адам сүйегіне кездесіп, фабрика салудан бас тартады. Оны естіген шетелдік журналистер газетке «Малиновка – адам сүйектерінің үстінде орналасқан ауыл» деген мақала жариялаған екен. Соның нәтижесінде, Иван Иванович неге адам сүйектері көп табылып жатқанын ауыл тұрғындарынан, көнекөз қариялардан сұрастыра келе бұл жерде әйелдер отырған лагерь болғанын анықтайды. Кейін сол кісінің бастамасымен тұтқында отырған әйелдерге хат жолданған. Газетке «АЛЖИР кімнің есінде?» деген мақала жариялап, кездесуге шақырған. Бұл 1989 жыл еді. Бірақ көп әйел келуден бас тартқан. Себебі, тағы да алдап шақырып жатыр деп ойлаған. Тек жақын маңайда тұратын он бес шақты әйел келген екен. Сол жылы «Жарылған жұлдыз» монументі ашылып, көл маңайында мұсылман және христиан мазарының белгісі қойылады. Бірақ ол жерде қай ұлттың әйелдері жерленгені әлі күнге дейін белгісіз. 1938 жылы ашылған лагерь 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін жабылды. Лагерь жабылғанымен, әйелдердің тағдыры жақсарып кеткен жоқ. Себебі олардың құжатында «Халық жауының әйелі» деген таңба болды. Сондықтан шетелге шыға алмады, жұмысқа тұра алмады. Оларды босатарда лагерьде болған жағдайды «ешкімге айтпайтыны туралы» қолхатқа қол қойдырып барып жіберген. Сол себепті АЛЖИР туралы айтудан көп әйел қорыққан. Тек 2007 жылы ғана Иван Ивановичтің бастамасымен, сол кездегі президенттің қолдауымен осы музей ашылды. Музей қызметкерінің айтуынша, бұл музейде де тылсым оқиғалар көп болған. «2007 жылы ақпан айында музей құрылысы басталған кезде құрылыс жүрмей қойған. Біресе құйып қойған іргетас құлаған, енді бірде құрылыс техникалары істен шығып қала берген. Кейін мал сойып, қан шығарып, құран бағыштағаннан кейін 90 күн 90 түн дегенде ғана құрылыс аяқталып, музей ашылған. Бастапқы кезде күзетшілер де музейден түрлі дыбыс еститін болған. Бірақ қазір тынышталды», – дейді ол. «Музейден адам аяғы үзілмейді. Тарихтағы ақтаңдақтардың ақ-қарасын ажыратуға, танып-білуге жұрттың ынтасы зор. Шетелдік туристер де көп келеді. Сонымен қатар осы лагерьде тұтқында болған әйелдердің ұрпақтары іздеп келіп жатады. Мектеп оқушылары да үзілмейді. Сол үшін сенбі-жексенбі күндері кезекшілікпен қызмет етеміз. Қазір мамыр айындағы жұмыс күніміз толықтай жоспарланған, экскурсия кестеміз толып тұр», – деді Гүлнұр Мейірханова.