Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын тыңдадық. Онда елге қажетті көптеген өзекті мәселелер айтылды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларында жасалып жатқан реформалар жайлы кеңірек тоқталды. Соның ішінде бізде ауыл шаруашылығы саласында көптеген мүмкіндіктер әлі толық пайдаланылмай келе жатқаны айтылды. Өндірілген өнімдердің көбісі өңделмей шығатынын, сондықтан болашақта өнімді өңдеуді 70 пайызға жеткізу қажеттігін Үкіметтің алдына мәселе етіп қойды. Екінші бір мәселе, ауыл шаруашылығы техникаларының 80 пайызы әбден тозған. Сол үшін жылына олардың 10 пайызын жаңалап отыру керек!
Мемлекет басшысы еліміздегі ең өзекті саналатын су мәселесіне де айрықша тоқталды. Судың жетіспеушілігіне байланысты қазіргі таңда бұрынғыдай ескі тәсілмен суды көп пайдаланатын дақылдарды егуді азайту керектігін айтты. Сонымен қатар, суды пайдалануда жаңа технологияларды енгізу қажеттігі де тілге тиек болды. Осыларды айта келе Президент республикамызда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын хабарлады. Иә, бұл министрлік керек еді. Себебі, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келетін судың проблемалары өз дәрежесінде шешілмей жүргендіктен, биыл, мысалы, Жамбыл облысының алты ауданында төтенше жағдай жарияланды. Егістікке су жетпей, қурап кетті. Сонымен қатар Президент энергияға қатысты елімізде атом электр стансасын салу керек пе, жоқ па деген үлкен талқылаулар жүріп жатқанын, әртүрлі пікірлер туындағанын айта келе, республикада референдум өткізу керек деген шешім ұсынды. Яғни халықтың ұсынысы ескеріледі деген сөз. Ал, менің жеке пікірім, Қазақстанға атом электр стансасы керек. Өйткені, елімізде электр энергиясы жетіспеушілігі қазірден байқалып жатыр. Келешекте бұдан да қиын болуы ықтимал. Президент бұл мәселені референдум арқылы шешуді дұрыс көріп отыр.
Тағы бір мәселе, бүгінде аудандық білім, денсаулық, спорт салалары облысқа қарайды, Қасым-Жомарт Тоқаев солардың барлығын ауданға қайтару жайын қайта қарауды ұсынды. Егер бұл салалар ауданға қайтарылса, олардың жұмыстары тиімдірек бола түсер еді. Сондықтан бұл мәселені Президент дұрыс көтерді деп есептеймін. Жалпы, бұл Жолдауда Қазақстанның болашағына, дамып өркендеуіне арналған маңызды мәселелер көтерілді. Осылардың барлығы жүзеге асып жатса, еліміздің әлеуметтік жағдайы жақсара түсер еді деген ойдамын.
С.ӘБДІҚҰЛОВ,
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы.