1 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Маңызды мәселелер жүктелген жолдау болды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған дәстүрлі “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында ауыл шаруашылығын ғылымға сүйеніп дамытпаса, тоқырауға ұшырайтынын айтты.
«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек», деді Президент.
Президент Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу екенін айтты. Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы.
«Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз».-деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының бастамалары Қазақстанның болашағын айқындайтындығын нақты жеткізе келе, алдағы жолдың қиындығына қарамай ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыруымыздың маңызылығына тоқталды.
Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы үш жыл мерзімдік уақытта Үкімет тарапынан жүзеге асырылуға тиіс тапсырылмаларды атап өтті:
Отандық өнім өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, сатып алу үрдісін оңтайландырып “баға емес, сапа” қағидатына басымдық беру, агроғылым жетістіктерін пайдалану арқылы, ауылшаруашылық өндірісін дамыту, ауыл шаруашылығы техникасын жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру, Қазақстанды IT мемлекетке айналдыру, туризмді дамыту және жұмыстың ашық болуын, арыз-шағымдарды қараудың жаңа тәсілін қолдану және қоғамдық мониторинг институтын енгізу арқылы қамтамасыз ету керектігі жайлы айтылды.
“Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ.Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар.Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз. Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру” деді Президент.
Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары мыналар:
– жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту;
– бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру;
– сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу.
Мұның бәрі кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндетті шешуді талап етеді. Бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Сондай-ақ, тауар тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді етеді. Сондықтан, баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту керек. Бәсекелік ортасы жоқ нарықтар ғана бұрынғыдай қала береді. Монополистердің тарифтері қатаң бақылауда болады. Бірақ, бақылау жасау орынсыз қысым көрсету деген сөз емес.Бүгінде мемлекеттік органдардың, соның ішінде күштік құрылымдардың бизнесті тексеруге жаппай кірісіп, бағалар мен тарифтерді төмендетуді талап етуі жиілеп кетті. Құр дақпырт үшін жасалатын мұндай әрекеттерді доғару керек.Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады.
Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет.Тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі. Меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс. Инновация енгізу үшін тиімді ынталандыру шараларын әзірлеген жөн. Сондай-ақ, шығыстың бір бөлігін тарифтік сметаның аясында қайта бөлуге және табыстың белгілі бір бөлігін сақтап қалуға рұқсат беру керек.Тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатымен басқалар үшін бағаны көтеру тәсілінен біртіндеп бас тарту қажет.
Экономиканы одан ары монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажет.«Конгломерат» ұғымын заң жүзінде айқындап алған жөн.Нарықтың өзара байланысты субъектілері экономикалық әлеуетін бір жерге шоғырландыру үшін рұқсат алуға міндетті. Олардың барлық мәмілесін, соның ішінде нарыққа тән емес бағаларды қолдану белгілері бойынша жасалған келісімдерін де мұқият тексеру керек. Бірыңғай операторлардың қызметі нарықтық экономиканы дамытуға кері әсер етеді. Сондықтан, бұл институтты ретке келтірген жөн. Қазір жұмыс істеп тұрған операторларды бәсекелі ортаға беру қажет немесе монополист деп танып, қызметін монополияға қарсы арнаулы құқық аясында реттеу керек. Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты.Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс.Сондай-ақ, жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек.Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн. Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек.Салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режімдерін жеңілдету керек. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет. Сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту керек.
Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталайын. Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара.
Мемлекет басшысы, Жолдаудың мақсаты – халықтың әл ауқатын арттыру, экономиканың қарқынды өсуін қамтамасыз ету, заңның үстемдігін жүзеге асыру-деді.
Жолдау мемлекетіміздың экономикасын өрлеуі және халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсаруына қызмет ететіне кәміл сенеміз!!!
№7 мектеп- интернатының ардагер ұстазы Әбдіразақ Өтекей.