Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауында бюджет саясатын жетілдіру мәселелеріне тоқталды.
Президент бұған дейін де айтып өткендей бюджет саясатына біртіндеп реформа жасалып, бюджет кодексіне шекті нормативтер бекітіліп оны бюджетті жоспарлауда және орындауда міндетті түрде ұстану қажеттігін және бюджет үрдістерін барынша жеңілдетіп, мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдырылуына мүмкіндік беріп, сол арқылы ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен қатар, бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керектігін айтқан болатын.
Бүгінде ел аумағында әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту мақсатында тиісті жұмыстардың барлығы атқарылып жатыр. Тиісінше, қандай жұмыс жүзеге асырылса да, оған мемлекет қамбасынан қаржы бөлінетіні белгілі. Ал, сол қаржының дұрыс жұмсалуын бақылап отырған біреу бар ма? Әлбетте, бар. Ол – облыстық тексеру комиссиясы. Осы ретте сол комиссияның мүшесі Сихымбай Игілікұлы Әлімжанды сөзге тарттық.
– Әлімжан Игілікұлы, сөз басында өзіңіз мүше болып отырған комиссия жөнінде айтып беріңізші.
– Нақтырақ айтар болсам, «Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі ҚР Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы «Өңірлердегі сыртқы мемлекеттік бақылау органдарын жетілдіру туралы» Жарлығына сәйкес құрылған. Ал, «Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы сол жылдың 21 шілдесі күні қабылданды. Осы ретте, ҚР Бюджет кодексіне және Тексеру комиссияларының қызметін реттеуші «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізілген болатын.
– Сонда бұл комиссия нақты қандай жұмыстармен айналысады?
– Тексеру комиссиясының негізгі міндеті – жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерiнiң пайдаланылуына, жергiлiктi деңгейде сыртқы мемлекеттiк аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыру. Сонымен қатар, ҚР бюджет, мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамалары және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы, бюджет қаражатының, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерiнiң пайдаланылуы саласындағы өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерi талаптарының сақталуын бақылайды. Жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын, аумақтарды дамыту бағдарламаларының және бюджеттiк бағдарламалардың іске асырылуын талдау мен бағалау да осы мекеменің құзырында.
2015 жылғы 12 қарашадағы ҚР Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы Заңының 48-бабында Тексеру комиссиясы мүшелерінің өкілеттіктері белгіленген. Атап айтқанда, олар тексеру комиссиясының аудиторлық, сараптамалық-талдау, ақпараттық және өзге де қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады.
– Биыл тексеру комиссиясы өңірдің қай аумағында, қандай жұмыстарды атқарды?
– Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының 2023 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес, биыл «Сайрам ауданы бойынша түсімдердің аудандық бюджетке толық, уақтылы түсуін және аудандық бюджет қаржыларының тиімді жұмсалуына, сондай-ақ, ауданның даму жоспарының іске асырылуына мемлекеттік аудит жүргізу» аудиторлық іс-шарасы жүргізілді. Жалпы, осы мақсатқа қаралған қаржының 9 508 587,0 мың теңгесі ауданға республикалық, ал, 11 969 696,0 мың теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Оның 6 320 282,0 мың теңгесі – 2021, 13 262 901,0 мың теңгесі 2022 жылдарға және 1 895 100,0 мың теңге 2023 жылдың бірінші тоқсаны кезеңіне
тиесілі.
– Жоспарға сай жүргізілген тексеру барысында қандай да бір кемшіліктер анықталды ма?
– Иа, өкінішке қарай, аудит барысында қамтылған 33 объектінің 17-сінде 149 512,9 мың теңгені құрайтын қаржылық, тиімсіз пайдалану және бюджетке түсетін түсімдер бойынша қаржылық бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 15 аудит объектісінде анықталған барлық қаржылық бұзушылықтар көлемі 136 055,6 мың теңгені құраса, 2 аудит объектісінде 10 039,2 мың теңге көлеміндегі қаржының тиімсіз пайдаланылғаны, сонымен қатар, 1 объектіде бюджетке түсетін түсімдер бойынша 3 418,1 мың теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылық орын алғаны белгілі болды.
– Орын алған бұзушылықтарды қалпына келтіру жайы қалай болып жатыр?
– Биылғы аудиторлық іс-шара барысында жалпы 136 037,2 мың теңге өтеліп, қалпына келтірілген болса, аудиторлық қорытынды әзірлеу барысында 18,4 мың теңге өтелді. Яғни анықталған қаржылық бұзушылықтар бүгінгі күнге дейін толығымен өтеліп, қалпына келтірілді. Сонымен қатар, мемлекеттік аудит объектісінің қызметінде, соның ішінде қызметтің міндеттері мен функцияларын іске асыруға байланысты 23 аудит объектісінде 91 заңнаманың рәсімдік бұзушылықтары орын алған. Тиісінше, әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар 4 дерек бойынша жинақталған материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне берілді. Осылайша, аудиторлық іс-шара және аудиторлық қорытынды әзірлеу барысында барлығы 23 лауазымды тұлғаға тәртіптік шара қолданылды.
– Тексеру комиссиясының мүшесі ретінде Сайрам ауданының даму көрсеткіштеріне қандай баға бересіз?
– Сайрам ауданында 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, 2021 жылы 4 бағыт бойынша 13 мақсатты және 27 нысаналы индикатор қарастырылса, жыл қорытындысы бойынша 26 индикаторға қол жеткізілген. Осы орайда, аталған жылы ауданда жалпы шығын ретінде 34 480 944,0 мың теңге жоспарланып, оның 34 316 032,9 мың теңгесі игерілген. 2022 жылы да дәл солай, 3 бағыт бойынша алға қойылған 60 нысаналы индикатордың біреуі ғана орындалмаған. Дегенмен, шығыс жоспары 36 687 485,0 мың теңге болып белгіленіп, жоспар толығымен жүзеге асырылған. 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы шығыс жоспары да атқарылған. Сонымен қатар, 2021-2022 жылдары жергілікті бюджет кірістерінің жоспары артығымен орындалыпты. Алайда, 2021 жылдың қорытындысымен аудандағы мекемелер 68 389,4 мың теңге шығынмен шыққан. Олардың қатарында «Ақсу» МКК, «Таза ауыл» ШЖҚ МКК, «Сайрам Тазалық» ЖШС сынды мекемелер бар. Тиісінше, бұл бағыттағы шығындар 2020 жылмен салыстырғанда ұлғайған екен. Сондай- ақ, коммуналдық меншіктегі үш мекеме 2022 жылды да шығынмен түйіндепті. Оға қоса, «Ақсу» МКК 2023 жылдың бірінші тоқсанын да 3 323,0 мың теңге шығынмен аяқтаған. Бұл ретте, бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуын ұйымдастыру және мемлекеттік коммуналдық мүлікті басқару саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға елеулі әсер барын байқауға болады. Одан бөлек, аудит барысында бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау анықтығы мен дұрыстығында, бухгалтерлік операциялар мен оқиғаларды жасау барысында ҚР Заңнамалары мен қағидаларының талаптары сақталмағаны анықталды. Жалпы, мекемелердің алға қойған мақсаттары ережеде айқындалған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттары мен басымдықтарын, негізгі бағыттарын қалыптастыру, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары негізінде бюджеттік саясатты жүзеге асыру, өңірлік даму саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ретінде іске асырылған.
– Расында, жүргізілген жұмыстар барысында бірқатар кемшіліктерді анықтап, шығындарды өтетіп үлгеріпсіздер. Бұл комиссияның жетістігі деп ойлаймыз. Осы ретте «Мемлекеттік аудит жұмысын жетілдіру мақсатында жүйеге қандай да бір өзгерістер енгізіліп жатыр ма?» деген сауал да туындап отыр.
– Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы осыған дейінгі Қазақстан халқына арналған Жолдауында Есеп комитеті мен Тексеру комиссияларының құзыретін күшейтуді тапсырған. Сонымен қатар, Президент республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп қайта құру қажеттігін айтты. Осы міндеттерді іске асыру үшін «ҚР Президенті туралы» және «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» екі Конституциялық заңға, сондай-ақ, 11 заң мен 2 Кодекске өзгерістер енгізілді. Өз кезегінде мемлекеттік аудит саласындағы бұл реформалар бюджеттің атқарылуын бақылауды одан сайын күшейтіп, мемлекет қазынасының тиімді пайдаланылуына септік болады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан Б.ЕРМАН