2020 жылғы қыркүйектегі екінші Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырды. Қазақстан үшін бұл — жаңа құжат және оны әзірлеу үшін әлеуметтік саланы реттейтін барлық заңды біріктіру қажет. Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, ЕуроОдақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Мұнда өз еліміздің ерекшеліктері жан-жақты ескерілді. Кодекс 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Әлеуметтік кодекс биыл шілденің 1-інен бастап күшіне енеді. Сонымен…
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлемді төлеу кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылды.
Аталмыш төлемді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1,5 жасқа толмаған балалары бар 760 мың отбасының алуы жоспарлануда.
Бұл қызмет алушыларға проактивті форматта ұсынылады.
Бала күтімі бойынша жәрдемақы жұмыс істемейтін аналарға республикалық бюджеттен, ал жұмыс істейтін аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленуде.
Сондай-ақ, әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілді.
Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге беріледі.
Енді наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді. Бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алуда.
«Алтын алқа» алқа, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен және «Батыр Ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін артты. Бұл жәрдемақы биыл шілденің 1-інен бастап төленетін болады.
Бұл өзгеріс наградталған 90 мыңға жуық ананы қамтиды.
Бүгінде Қазақстанда аз қамтылған отбасылардан шыққан 445 мыңға жуық адамға мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек түрінде қолдау көрсетіледі.
2020 жылдан бері мұндай отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік пен тұрмыстық зат ретінде кепілдік берілген әлеуметтік топтама беріліп келді.
Мемлекет басышысының тапсырмасын орындау мақсатында Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 1 жастан 6 жасқа дейінге балаларына арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап заттай түрден монетизациялау (ақшалай) түріне ауыстырылды.
Бүгінгі күні мектепке дейінгі жастағы 114 мың балаға атаулы әлеуметтік көмекке қосымша ай сайын 1,5 АЕК (5 175 теңге) ретінде төленуде.
Бұл бастама ата-аналарға балалардың жеке сұранысына қарай қажетті заттарды алуға мүмкіндік береді.
Биыл Отбасының цифрлық картасы іске қосылды.
Отбасының цифрлы картасы:
біріншіден, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады;
екіншіден, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік санатына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады;
үшіншіден, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылатын болады.
Атаулы әлеуметтік көмек өзара жауапкершілік негізінде жұмысқа жарамды азаматтары бар отбасылар үшін беріледі.
Сондықтан тұрғылықты жерінде жұмыс істеуі үшін:
біріншіден, мемлекет тарапынан субсидияланатын жастар практикасынан бастап қоғамдық жұмысқа дейін бос жұмыс орындары ұсынылады. Биыл осы мақсаттарға 135 млрд.теңге бөлінді;
екіншіден, 2023 жылдың наурызынан бастап жастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен шағын несие беруге құжаттарды қабылдау басталды. 2023 жылы бұл шараға 29 млрд. теңге бөлінді. Ал алдағы екі жылға бюджеттен 60 млрд. теңге қарастырылуда;
Сонымен қатар, аймақтардағы ірі кәсіпорындарда жұмыс орындарын ашу үшін қосымша 100 млрд. теңге бөлінбек. Алдағы жылдары бұл қаражаттың көлемі 1 трлн. теңгеге дейін жеткізу көзделуде;
2022 жылдан бері әлеуметтік осал топтарға қайтарымсыз гранттар берілуде. Былтыр оны 21 мыңнан астам азамат алып, өз кәсіптерін бастады.
Сондай-ақ, Кодексте икемді жұмыспен қамтудың нысандарын енгізу, халықты жұмыспен қамту, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау сияқты мәселелер қамтылған.
Жалпы, Кодексте ұсынылған шаралар әлеуметтік қорғау жүйесін қайта іске қосуға және осы салада болып жатқан өзгерістерден оң нәтиже алуға мүмкіндік береді.
Н.САРЫБЕКОВ, Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің
басшысы.