Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тамыз кеңесіне келген өңірдің үздік ұстаздарымен бірге облыс орталығындағы білім сапасына, балаларды дамытуға әсер ететін оқу — ағарту ошақтарына экскурсия жасады. Барлық аудан, қалалардан жиналған педагогтар тәжірибе жинақтау мақсатында Түркістан қаласында орналасқан білім ордаларында, қосымша білім беру, спорт нысандарында болды. «Farab» кітапханасында, оқушылар сарайы мен теннис орталығы мен ескек есу каналына және «Назарбаев Зияткерлік мектебін» аралап, ондағы жаңашылдыққа куә болды. Ерекше форматта басталған тамыз кеңесі аясында арнайы көрме ұйымдастырылды.
Жарты миллионға жуық кітап қоры бар «Farab» кітапханасындағы заманауи техникамен жабдықталған «Fablab» шеберханасы желісін Кентау, Арыс және Ленгір қалаларында ашу көзделген. Бұл – мектептегі еңбек пәнінің жаңа үлгісін көрсететін шығармашылық орталық.
Өңірдің 17 аудан, қаласында тірек мектептер жасақталатын болады. Жоба аясында НЗМ мектептерінің әлеуетін 17 тірек мектебіне енгізіп, оқу-әдістемелік сүйемелдеу жүргізіледі. Осы жоба аясында педагогтердің сапалық құрамы мен мектептердің материалдық мүмкіндігі жақсарады деп күтілуде. НЗМ тәжірибесін таратуда маңызы бастамалар қолға алынады.
Сондай-ақ облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мұғалімдермен бірге шаһардағы спорт нысандарында болды. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі басты мақсаттың бірі – спортқа баулу екенін айтқан өңір басшысы, балалар білімді әрі дені сау болып өсуі үшін жан-жақты дамуы керек екенін жеткізді.
– Өздеріңіз жаңа көрген «Farab» кітапханасын салуда әлемнің дамыған елдерінің озық үлгілерін қолдандық. Мұнда жастар тек кітап оқып қана қоймай, шығармашылықпен айналысады. Ізденеді. «Fablab» шеберханасында оқушылар өз қолдарымен роботар, түрлі дүниелерді жасап шығарады. Осындай шеберханаларды барлық аудан, қалада ашуды жоспарлап отырмыз. Кітапханада Түркістанның тарихымен танысуға мүмкіндік бар. Түркістанның бірінші құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи. Оның тарихи тұлғасы мен ілімі. Исламдағы орны. Жалпы қазақтың тарихында Ясауидің орны ерекше. Мемлекеттіліктің дамуына өз ізін қалдырған. Өздеріңіз секілді ұстаз болған тарихи тұлғаны халық айрықша жақсы көрген. Екінші құндылық – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Бұл кесене – сәулет өнерінің жауһары. Бұған теңдес мавзолей әлемде жоқ деуге болады. Әрбір кірпіші есеппен қаланған. Өкінішке қарай, біз Ясауидің болмысын, оның рухани байлығын әлі толық білмейміз. Терең зерттелмеген. Сондықтан біз 27 қазанда Түркістанда халықаралық ғылыми конференция өткіземіз. Онда Ясауидің мұрасы мен тұлғасы және кесенесі туралы тың деректер айтылады. Зерттеледі. Шетелден тарихшылар келеді. Баршаңызды сол іс-шараға шақырамыз, – деген Өмірзақ Шөкеев спорт нысандарының да маңызын атап өтті. Түркістанда спорт саласына қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Түркістан облысында білім саласын дамытуға жіті көңіл бөлініп келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республика көлемінде «100 үздік мектеп» тізіміне Түркістан облысының 11 мектебі енген. Бұл – үлкен жетістік. Түркістан облысының 961 орта білім беру ұйымында 510 мыңнан аса оқушы білім алады. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш, әрбір 7-ші бала Түркістан облысында білім алады деген сөз. Қазақстан бойынша құрылымы жүріп жатқан 200 мектептің 47-сі Түркістан облысының еншісінде. Республикада бала-бақша ашу көрсеткіші бойынша да Түркістан облысы алдыңғы орында.
Жаңа оқу жылында «Кибернет Академиясымен» бірге Түркістан мен Кентау қалаларында педагогтердің IT құзіреттілігі мен математикалық біліктігін дамытуға бағытталған «Математикаға дайындықтың жаңа технологиясы» бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағдарламада мұғалімдер РФМШ, Қазақ-Британ технологиялық университетінің әлеуетін пайдаланатын болады.
Облыс бойынша 2025 жылға дейін «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 324 мектептің кітапханаларын жаңғырту жоспарланған.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыту мақсатында колледждерге арнайы талаптар қойып отырмыз. Колледж басшыларының жұмыстарын бағалайтын КРІ жүйесі енгізіледі, оның ішінде өндіріс орындарымен бірлесе отырып кіші кәсіпорындар құру, бизнес-инкубаторлар ашу мәселесі, педагогтардың сапалық құрамын арттыру, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштерін жоғарылату шаралары қамтылатын болады.