Жетісай ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округінде орналасқан №24 А.Жами атындағы жалпы білім беретін мектепте 9-10-11 сынып оқушылары мен мұғалімдерінің қатысуымен тәрбиелік-танымдық жиын өтті.
Іс-шараға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Жетісай аудандық филиалының маманы Б.Рысбай, Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспекторы Б.Тұрташ, психологі Ж.Абдимананова, сондай-ақ мектеп директоры С.Асқаров пен ұстаздар қауымы қатысты.
Жиын барысында қоғамдағы суицидтік сезімдердің, зорлық-зомбылықтың, құқықбұзушылықтың алдын алу, қаржылық пирамидалары мен интернет-алаяқтықпен күресу, құқықбұзушылықтың алдын алу, этносаралық татулықты нығайту, ата-аналар мен ұстаздарға құрмет көрсету, тілдік және этникалық негіздегі кемсітушілікке жол бермеу, әлеуметтік желілердегі әдеп нормаларын сақтау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ата-анасыз көшеде жүруіне тыйым салынатыны ескертіліп, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналар анықталған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қолданылатыны түсіндірілді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, Қазақстан суицидтің саны жағынан үшінші орын алады. Әсіресе, елімізде жастар арасындағы өзін-өзі өлтіру оқиғалары кез-келген басқа елден үш есе көп дейді осы ұйымның сарапшылары. Бірақ, отандық ресми статистика мұндай мәліметтерді жарияламайтыны белгілі. Бүгінгі күні бұл қауіпті феномен қорқынышты деңгейіне жетті, өкінішке орай, суицидке баратындардың көпшілігі 18-ге толмаған жастар. Бұл деректердің ар жағында қаншама адам тағдыры, отбасы қайғысы, елдің болашағы сияқты мәселелер тұр. Сондықтан да осындай теріс оқиғалардың себептерін зерттеп, салдарының алдын алу міндеті күн тәртібінен түспей келеді.
Бұл дүниеде адам өмірінен құнды ешнәрсе жоқ, ал, өз өмірін қиюға барудың ойластырған адамның басына ауыр жайттар, психологиялық қиындықтар тап келгені туралы түйін жасауға болады. Сондықтан, осындай «эмоциялық күйзелістерге түсудің басты себебі не?» деген сұраққа берілген жауаптар да ерекше назар аудартады. Сұрау салынғандардың 40%-ы адам өзін ешкімге қажетсіз сезінгенде осындай шетін жағдайға барады деп санайды. Ал, 29%-ы өмірді қию – болашаққа жоспарыңның болмауының салдары деген пікірге бейіл. Әлбетте, алдына арман-мақсат қойып, соған жетуге талпынған адамның зиянды нәрселерді ойлауға мұршасы да бола бермейтіні анық. Сондай-ақ, түрлі жағдаяттарға байланысты мінез-құлықтың бұзылуы, зиянды әдеттер, өлім туралы ойларға берілу суицидке алып келуі мүмкін деген пікірлер де бар. Жалпы алғанда, айналасымен қарым-қатынасы кемшін, әсіресе, аяқ астынан жалғыз қалған адам қиындыққа шыдамай, өз өмірін қиюға баруы әбден мүмкін. Яғни, суицидтік үрдістерде психологиялық факторлар жетекші орын алады. Бала жасында ашу-ыза, үрей, жазалау, жанжалдар және т.с.с. жағымсыз жайттар көп болса, бірте-бірте суицидтік мінез-құлық басқа да проблемалармен қабаттасып, теріс оқиғаларды тездетеді. Өйткені, бала жаны сезімтал, сенгіш, көңіл-күйі ауытқымалы болып ерекшеленеді. Ата-ананың, ұстаздардың осы факторларды ескеруі өте қажет. Жалпы, адамның жастық кезеңі ересек атану, бір кезеңнен басқасына өту сияқты жас шамасына ғана байланысты емес, сондай-ақ бір әлеуметтік-мәдениеттік кезеңнен келесі сатыға өтуді, алдыңғысының шектеулерінен шығуды білдіреді. Сондықтан, дәл осы өтпелі кезеңде жастардың бойына ешқашан ажырағысыз мәңгілік құндылықтар дәнегін еге білу, ең алдымен, отбасының міндеті. Себебі, адамның әлеуметтенуі үдерісі дүниеге шыр етіп келген кезден басталады және оның тұлға ретінде қалыптасуына ең басты ықпал ететін – ата-анасы, одан кейін білім беру мекемелері. Мұнда оның денсаулығы, білімі іспетті шарттарға баса назар аударымен қатар, мейірім, жанашырлық сезімдерін егу маңызды. Қоршаған ортасындағы әлеуметтік ахуал, отбасындағы психологиялық климат, ата-анасымен, ұстаздармен өзара қарым-қатынас – осның бәрі баланың бойынан көрініс табады. Осылайша, жүргізілген сауалнама нәтижелері жалпы қазіргі жастардың ортақ мінездемесі деуге әбден болады. Бүгінгі бүкіл әлем халқын шарпыған ғаламдану, бұқаралық коммуникациялық құралдардың шарықтап дамуы және басқа трендтер ең алдымен жастар өміріне орасан зор ықпал етуде. Бұл үрдістен мүлдем бас тарту әлде оқшаулану мүмкін емес, бірақ, оның теріс, жағымсыз үрдістерін неғұрлым азайту, алдын алу бағытындағы іс-шаралар ғана нәтиже бере алады.
Сонымен бірге, Б.Тұрташ оқушылар арасында әскери-патриоттық рухты көтерудің маңыздылығына тоқталып, Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, ел қорғау жолында әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Ол жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен патриоттық сананы нығайту – елдің болашағы үшін аса маңызды екенін жеткізді.
Кездесу соңында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан қажетті ақпарат алды. Мұндай тәрбиелік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.