Бүгінгі күндері барлық ақпарат кішкентай ғана қалта ұялы телефонына сиған заманда әлеуметтік желілер мен сайттар көбейген сайын жалған ақпараттың көбейетіндігі де заңдылық.
Жалған ақпараттың ара-жігін ажырата білген жөн.
Осы орайда, бүкіл әлем бойынша жалған ақпарат таратушылармен күрес басталып кетті.
Мәселен, Ресейде жалған ақпарат таратқаны үшін Барнауыл соты журналист Мария Пономаренконы Ресей әскері туралы фейк ақпарат таратқаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырып, 5 жыл журналистік қызметпен айналысуына тыйым салған болатын. Қазақстанда да пандемия кезінде жалған ақпарат өте көп тараған еді. Соған орай, елімізде де арнайы шаралар жүргізіліп, блогерлер мен журналистерге қатысты заң енгізілді. Яғни бұдан былай елде араздық тудыратын, не біреудің өміріне қауіп төндіретін жалған ақпарат таратылса, онда фейк ақпарат таратушы Қылмыстық кодекстің 145, 174, 274-баптары бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Бұған қатысты заңгер Ержан Болатбек: «Жалған ақпараттарды беру тәсілі әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, телефон арқылы whatsapp, telegram, Instagram желілерінде ауызша не жазбаша түрде қысқаша хабарламалар беріледі. Ал ондағы фейк ақпараттардың көбісі белгілі бір кәсіпорын, мекемелердің жұмысына зиян келтіру мақсатында таратылуы мүмкін. Мұндай бассыздықтарға жол бермес үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің арнайы баптары бойынша жалған ақпарат таратушы айыпты адамға мемлекеттік органдардың шеккен зияндарын өтеу туралы соттың шешімі шығарылады» дейді.
Ал жалған ақпараттармен күресуші Instagram әлеуметтік желісіндегі парақша фейк ақпарат таратудың негізгі 5 белгісін атап берді. Яғни олар біріншіден, фейк ақпаратта ресми дереккөз бен сілтеме берілмейді. Бұл фейктің алғашқы белгісі. Карантиндік шектеуге, елдегі ахуалға байланысты ақпаратты ресми органдар мен уәкілетті тұлғалар ғана жариялай алады. Екіншіден, фейк ақпараттың анық белгісі, тақырыпты айқайлатып қояды. Оқырманның көбісі айқайлаған тақырыпқа мән береді де, оның ішіндегі мән-мазмұнын оқымастан, ағайын-туыстарына тарата жөнеледі. Үшіншіден, нақты ақпарат ресми тіркелген сайттарда емес, әртүрлі чаттарда, мессенджерлерде таратылады. Ол тексерілмейді де. Соңына келгенде, ол ақпарат фейк ақпарат болып шығады. Төртіншіден, ресми ақпараттар постқа тәуелді болмайды. Яғни онда «танысыңызбен бөлісіңіз, репост жасаңыз» деген секілді үгіттеуші текстер жазылмайды. Бесіншіден, грамматикалық, орфографиялық қателер өте көп болады. Яғни фейк ақпаратты тарататындардың көбі қарапайым адамдар. Олар тіл маманы болмағаннан кейін сөйлемге қатысты қателер көп кездеседі. Бұл да ескеретін маңызды дерек. Себебі ресми органда сауатты тіл мамандары жұмыс істейді әрі қателерге жол бермейді» дейді.
Сонымен қатар қазіргі таңдағы ақпарат тек шынайы, не жалған деп бөлінбейтін көрінеді. Мамандардың айтуынша, қазіргі сөздігімізде «дезинформация және мезинформация» деп аталатын жаңа сөздер қолданысқа енген. Дезинформация жалған ақпарат деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл әдейі алдын ала дайындалып, таратылатын ақпарат. Ал мезинформация әлеуметтік желіні кездейсоқ пайдаланып, қандай да бір хабарламаға сеніп, оны жақындарымен бөлісетін болса, бұл мезинформация деп аталады екен. Мезинформация жалған ақпарат болғанымен, онда дезинформация секілді ел ішінде арандатушылық болмайды, тек жай қаңқу сөз секілді ақпаратқа жатады.
Осы орайда, 3nukte қызметкерлері ешкімге алданып қалмас үшін IQ деңгейін жоғарлатқан дұрыс деп кеңес береді. Сол арқылы ақпаратты саралап үйреніп, әлеуметтік желідегі барлық мағлұматқа сене бермеуге, «кликбейттерге» ермеуге шақырады.