Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам–Адал еңбек–Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет» деп алдымызға үлкен міндеттер жүктеді. Осы орайда біздің қазақ «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп жатады. Расында, жастарымызды білімнің қайнар бұлағынан сусындатуда қаншалықты тер төгіп жүрміз? Әлемдегі бірінші ұстаз атанған Аристотель «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деп бекер айтпаған. Мәселе тиянақты да терең білім алып, оны Отанымыздың бүгіні мен келешегіне пайдалана білуде. Бүгінде әлемдік технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып барады. Өмірімізге жасанды интеллект дендеп енді. Басқа жұрттың балалары жерді қойып, ғарышты зерттей бастады. Ал, біздің балалардың деңгейі қай дәрежеде? Шетелден оқып келгендердің барлығы ғұлама болып кетті ме? Міне, мәселе қайда жатыр?! Сондықтан қазіргі таңда мемлекет алдында тұрған ең үлкен мәселелердің бірі сапалы білім беру, жастарды білікті маман етіп шығару, оларды жаңа технологияларды игеруге баулу.
Білімді ұрпақ – жарқын болашақ иесі. Сондықтан ұрпағымызды білімді, білікті, бәсекеге қабілетті етіп тәрбелеу – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның зкономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Сапалы орта білім алу – әр баланың мызғымас құқығы. Мұндағы еңі түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» деген сөзі ұлағатты ұстаз атына ие жандарға үлкен міндет жүктейді. Иә, бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу – әрбір ұстаздың басты міндеті. Білім негізі мектепте қаланатын болғандықтан, әр оқушының отын жаға біліп, шығармашылық мүмкіндігін дамыту керек. Олай болса, қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен міндет – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген, білімді, шығapмaшылық бaғыттa жұмыс iстeйтiн, тың жаңалықтар ашатын, ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру және тәрбиелеу. Жаңа заман талаптарына сай, ұлттық рухпен сусындаған ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Бұл орайда бағзы бабалардан бізге жеткен әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрлерімізді, тіліміз бен мәдениетімізді көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Ұлттық рухпен сусындаған кемел тұлғаны жетілдіру ең алдымен ата-ананың, ұстаздың, зиялы қауымның міндеті болу керек. Саналы тәрбие ұлттық құндылықтар арқылы беріледі.
Ұлттық рух – елдің арман-мұраттары, ата-баба аманаты. Әрбір ұлттың тарихында қол жеткізген ең құнды дүниелері, рухани және адами қасиеттері мен мінез- құлық үлгілері бар. Сондықтан әрбір жаңа ұрпақ ұлтымыздың жылдар бойы жинаған асыл қазынасын бойларына сіңіру қажет. Табысқа жетудің бірден-бір жолы – ұлт тәрбиесі.
Болашақта да тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін ең алдымен ұлттық рухымызды көтеруіміз керек. Ұлттық рух – елдің тұтастығы, қайталанбас қасиеті. Ұлттық рух – ел тәуелсіздігін қастерлеп, беріктігін сақтауға бастайтын қастерлі сезім. Тәуелсіздігіміздің көк туы шырқау шыңда желбіреп, елтаңбамызбен еңселі, әнұранымызбен айбарлы мәңгілік ел боламыз десек, ұлтын жанындай сүйетін саналы да білімді, іскер де рухты ұрпақтарымыз көп болуы керек.
Қайсар рухын қару етіп, еркіндік үшін күрескен бабаларымыздың елдік пен ерлік жолындағы жорығы бүгінгі таңда айбыны аспан тіреген тәуелсіздік тұғырын биіктетті. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып келеді. Жастарымыз алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте тәрбие мазмұны мен олардың дүниетанымын қалыптастыруға және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударуға тиіспіз.
Аманбек АХМЕТБАЕВ,
білім саласының ардагері.