Қазақстан Республикасының Президенті өз Жолдауында нашақорлық, зиянды заттардың азаматтардың, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырған болатын. Азаматтарымыздың, жастарымыздың дені сау, жаман әдеттерден аулақ болуына, қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшін күш салуға үлкен мән беріліп отыр.
Осы орайда, Түркістан қаласы тұрғындарының бұқаралық спортпен шұғылдануын қолдау мақсатында қала аумағында біқатар шаралар ұйымдастырылып өткізілуде. Атап айтқанда,
Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар жандар арасында спорт түрлерінен ашық біріншілік өтті. Спорт шарасына 80-ге жуық азамат қатысып, дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат пен қол күресінен сайысқа түсті.
Шараның мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтарды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық белсенді өмір сүруге тарту.
Жиында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев спорт сайысына қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.
– Баршаңызды еліміздің Ата заңы – Конституция күнімен құттықтаймын! Айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған бұл сайыс – әр спортшының өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік береді. Сіздердің жарысқа қатысуға үлкен белсенділік танытып отырғандарыңызға өте қуаныштымын. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Қадырболат Қабдырұлы.
Жарыс қорытындысында командалық есепте Орталық командасы 1-орынды иеленсе, 2-орынды Түркістан командасы, 3-орынды Батыс командасы еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер түрлі марапаттарға ие болды.
Түркістан облысы мен қаласының дамуына сүбелі үлесін қосқан қаланың «Құрметті азаматы» Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевты еске алуға арналған футболдан ересектер арасында ашық біріншілік өтіп жатыр.
Дүбірлі жарыстың ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Футболдан өтіп жатқан біріншілікте Түркістан, Кентау, Сарыағаш қалалары мен Бәйдібек, Сауран, Жаңақорған аудандарынан келген 9 команда бақ сынасуда.
Іскер басқарушы, дарынды ұйымдастырушы бола білген Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевтың Түркістан облысының экономикасы мен әлеуметтік дамуына қосқан үлесі орасан зор. Талапшыл әкім, мемлекеттік істе қайталанбас қолтаңбасы бар азаматты бүгінде замандастары игі істерімен еске алды.