Қаржы пирамидасы: анықтамасы, ол қалай жұмыс істейді, пирамиданың белгілері, оны қалай анықтауға болады және қалай алданбауға болады?
Қаржы пирамидасы дегеніміз не?
Қаржы пирамидасы — бұл инвесторлар компанияның пайдасынан емес, жаңа инвесторлардың салымдарынан кіріс алатын схема.
Пирамида қалай жұмыс істейтінін қарастрайық. Ең жоғарғы жағында — оның ұйымдастырушысы. Ол салымшыларды шақыртып, оларға жоғары табыс табатынына уәде береді. Қатысушылар пирамидаға салған ақша оның қалтасына түседі. Салымшылар басқа қатысушыларды шақырып, пирамида өседі. Жаңа инвесторлардың салымдары бір саты жоғары тұрған адамдар үшін табысқа айналады. Бірақ егер инвесторлар келуді тоқтатса, пирамида құлайды.
Қаржы пирамидаларының танымал болуының себебі неде? Бірнеше себеп бар:
- Біріншіден, олар тез және оңай ақша табуды ұсынады. Ұйымдастырушылар үлкен табыс аласыз деп айтады — бұл барлық инвесторларды қызықтырады.
- Екіншіден, көптеген адамдар қаржы пирамидасына қатысып жатқанын түсінбейді. Пирамидалар көбінесе инвестициялық компаниялар ретінде жұмыс жасайды, ал олардың қызметкерлері клиенттерді шатастыру үшін күрделі терминдерді қолданады.
- Үшіншіден, бұл жақта психологиялық фактор да үлкен рөл атқарады. Адамдар сенгісі келетін нәрсеге сенеді. Әсіресе пирамидада адамдар табысқа тез шығуға болады деп сенеді.
Мұндай схеманың табыс көзі ашық болатын нақты инвестицияға ешқандай қатысы жоқ. Мысалы, егер сіз ақшаны банкке пайызбен салсаңыз, қаржы ұйымы бұл ақшаны кіріс алу үшін пайдаланады: кредит береді, қор биржасынан бағалы қағаздарды сатып алады. Нәтижесінде бәрі пайда көреді: банк даму үшін ақша тартады, ал салымшы өз салымдарынан пайда алады.
Пирамида тек оның мүшелерінің жарналарымен жұмыс істейді: мұндай компанияларда әдетте нақты бизнес немесе табыс әкелетін активтер болмайды. Сондықтан пирамиданы ұйымдастыру бұл заң бойынша қылмыс болып табылады және алаяқтыққа жатады.
Қаржы пирамидасы қалай жұмыс істейді?
Сізге аз инвестициямен және қысқа мерзімде үлкен ақша табу ұсынылды делік. Ұсыныс сізді қызықтырады, солай емес пе? Бірақ бұның қаншалықты шын екенін қарастырайық.
«Рога и копыта» компаниясы барлық адамдарға белгілі бір инновациялық жобадан ақша табуды ұсынады және айына 100% жоғары табысты уәде етеді. Схема өте қарапайым:
- Компанияның негізін қалаушы үш инвесторды тартады. Әр инвестор 1 млн ₸ инвестиция салып, бір ай ішінде тағы үш қатысушыны әкелуге міндетті болады. Компания балансында 3 млн ₸ жиналды.
- Компанияға 9 жаңа мүше келді. Әрқайсысы 1 млн ₸ салды. Енді баланста 12 млн ₸ бар.
- Ұйымдастырушы алғашқы үш қатысушыға уәде етілген пайызбен салынған 2 млн ₸-ні қайтарады. Төлемдерден кейін компанияда 6 млн ₸ қалады.
- Бір айда екінші деңгейдегі 9 инвестор тағы 3 қатысушыны, яғни барлығы 27 адамды тартты. Олар да 1 млн ₸-ден салды.
- Енді компания екінші деңгейдегі адамдарға уәде етілген пайыздар мен бастапқы жарнаны төлей алады:
Баланста 15 млн ₸ қалады, оларды келесі салымшыларға төлеуге болады.
Мұндай компания көбінесе жарнамалар мен таныстар арқылы жаңа салымшыларды шақырту схемасына сүйенеді: пайда тапқан инвесторлар достарына бір айда өз капиталын екі есеге арттырғанын айтады. Нәтижесінде «Рога и копыта» компаниясына көп адамдар ақша салады.
Бір қарағанда, схема жұмыс істейтін сияқты болып көрінеді. Бірақ пирамида жаңа салымшылардан түсетін қаражат компанияның салымшыларға төлеуге тиісті ақша сомасынан бірнеше есе көп болған кезде ғана әрекет етеді. Жаңа салымшылардың жарналары пайыздарды төлеу шығындарынан кем болатын сәт келген кезде, пирамида құлап, адамдардың көбісі өз ақшаларын жоғалтады.
Пирамида бәрібір құлдырайды, дегенмен кейбіреулер содан пайда табады. Бұл адамдардың қатарына:
- Ұйымдастырушылар, яғни пирамиданың басында тұратын, жаңа инвесторларды тартып, ақша қозғалысын бақылайтын адамдар не болса да пайда көреді.
- Пирамидаға ең басында қосылған қатысушылар табыс алып үлгереді.
- Пирамидаға оның дәл құлауына дейін кірген кейбір адамдар өз ақшасын шығарып алуға үлгереді.
Табыс аламын деп ойламаңыздар. Пирамиданың құлдырау уақытын болжау мүмкін емес. Сондықтан олардан әрқашан аулақ болу қажет.
Қаржы пирамидаларының түрлері
Біз қаржы пирамидасының классикалық мысалын қарастырдық. Бірақ іс жүзінде олардың түрлері көп. Мысалы:
🔺Бір деңгейлі. Мұнда да салымшылар жаңа қатысушылардың жарналарынан пайда табады. Бірақ адамдарды ұйымдастырушының өзі іздейді. Сондықтан барлық қатысушылар тең болады.
🔺Көп деңгейлі. Мұндай компанияларда қатысушылардың өздері жаңа адамдарды өздерінің достары, туыстары, ата-аналары арасында іздеп алып келеді. Пирамидалардың бұл түрінде иерархия бар: әр қатысушы белгілі бір деңгейде болады және өзінен төмен орналасқан салымшылардың жарналарынан табыс алады. Деңгей неғұрлым жоғары болса, табыс соғұрлым көп болады.
🔺 Матрицалық — бұл жаңа және ең күрделі схема. Мұнда матрицада қатысушылардың белгілі бір саны болуы тиіс. Әрбір қатысушы бастапқы жарна жасап, матрицаның толтырылуын күтеді. Матрица толтырылғаннан кейін барлық қатысушылар бонустар алып, келесі деңгейге өтеді.
Көбінесе пирамидалар жоғары кірісті инвестициялық жоба болып көрінеді. Олар бағалы қағаздарды сатып алуды, криптовалютаға, жылжымайтын мүлікке немесе жоғары кірісті бизнеске инвестиция салуды ұсынады. Бірақ ол шындыққа сәйкес келмейді. Д.Жигалова